Бұрыннан от пен суды тілсіз жауға телитініміз бекер емес. Шындығы сол соңғы жылдары өрт құшып, суға кетіп,қаза тапқандар жайлы жиі-жиі еститін болдық. Құтқарушылар жыл сайын қауіпсіздік ережелерін айтып,әбігер болғанымен, тыңдап жатқан құлақ жоқ. Өкінішке қарай, суға түсем деп ажал құшқан азаматтардың саны тоқтаусыз өсіп барады. Неге?
Қауіпсіздік ұмыт қалғандай
Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жайы тікелей Төтенше жағдайлар министрлігінің негізгі міндеті мен құзырына енеді. Осы мақсатта Полиция департаменті және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп жыл сайын түрлі іс-шара атқаратынын білеміз. Әйткенмен, бақылау бола тұрса да, жаз шыға сала суға түсушілер санының артуына байланысты өлім-жітім де көбейеді. Мәселен, әр жылдары суға кеткендердің белгілі бір кезеңдердегі статистикасын салыстырып көрсек. 2019 жылы 1 маусым мен 13 шілде аралығында елімізде 133 адам суға кеткен. Оның 48-і кәмелетке толмағандар екен. Әйтеуір, сол жылы барлығы 236 адамның ажалы судан болғаны жария. Ал былтыр дәл сол 1 маусым мен 13 шілде аралығында 104 адамның суға батып кеткені мәлім болған еді. Оның ішінде де 29 бала бар. Бірақ жылды қорытындылағанда, жалпы 239 жан тілсіз жаудың құрбаны болыпты. Бір қызығы, былтыр шомылу маусымы былай тұрсын, сәуір айындағы жағдай бойынша, еліміздің өзен-көлдерінде барлығы 28 адам, оның ішінде 10 бала көз жұмған. Биыл да жағдай мәз емес. Бір ғана маусым айында елімізде 72 адам суға кетіп қаза тапты. Арасында 27 бала кеткен. Оқыс жағдай Түркістан мен Қызылорда облысында көп тіркелген. Бұдан бөлек, Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, су жағалаулары аумағын тексеру кезінде құтқарушылар мен полиция қызметкерлері 59 адамды (8-і бала) құтқарған. Яғни, құтқарылған адам санынан қаза болғандар көп.Былтыр 16 мыңнан астам рейд және патрульдеу жүргізіліп, «Қоғамдық орындарда болу қағидаларын бұзу» Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 440-бабы және 364-бабы «Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша 3 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Биыл да су айдындарында адамдардың қауіпсіздігі мақсатында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Халық арасында 323 мыңнан астам үгіт-насихат (буклеттер, парақшалар) таратылып, жұртшылықпен 2 мыңға жуық жиын өткізілген. Профилактикалық жұмысқа 5 600-ге жуық волонтер де тартылыпты. Сондай-ақ суға шомылу ережелерін бұзғаны үшін 14 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1 000-нан астам адамға ескерту жасалған. Осыған қарап Төтенше жағдайлар комитетінің тарапынан тиісті шаралар атқарылмады деп айту қиындау. Және де суға батып бара жатқан жандарды бірінші құтқарып қалатын да осы төтенше жағдайлар қызметінің мамандары. Бұл ретте тағы бір мәселені ұмытпаған жөн. Ел аумағында барлық өзен-көлді қадағалау мүмкін бола қоймас. Не де болса, тілсіз жаудың құрбаны азаймай отыр. Көз жұмғандардың дені рұқсат етілмеген жерде шомылады. Ал олардың ішінде балалардың болуы, расында алаңдатар дүние.Дегенмен құтқарушыларды да айыптай алмаймыз. Қолдан келгенше үгіт-насихат жүргізіп әлек. Елімізде суға шомылуға және су маңында демалуға арналған 592 ресми орын бар, оның 111-і – коммуналдық, ал 481-і – жеке жағажай. Суға шомылуға тыйым салынған 2 мыңнан астам орын бар. Ол жерлерге 5 мыңнан астам ескерту белгісі қойылып, 1 мыңға жуық көрнекі стенд орнатылған. Онда тіпті адамдардың қаза табу себептері мен жағдайлары да ашық жазылған екен. Төтенше жағдайлар министрлігі адамдардың су айдындарында қаза табуының алдын алу бойынша профилактикалық жұмысты күшейту үшін күн сайын су айдындарында, жаппай демалатын орындарда рейдтік іс-шаралар өткізеді. Жүзу құралдарымен жиі-жиі тексеріс жүргізеді.
Жауапкершілік Еленбей келеді
Қайткен күнде де, адамдардың суға кетуінің басты себебі рұқсат етілмеген жерге шомылуынан болып отыр. Су айдындарындағы қауіпсіздік ережесінде «тек жабдықталған жерлерде суға шомылуға болады» делінген. Онда құтқарушылар кезекшілік ететіндіктен, адамдардың қауіпсіздігі біршама сақталады. Сонымен қатар мас күйде суға шомылу, өз күшін бағаламай, суға батып бара жатқан адамды құтқарамын деп әрекет жасау да жиі тіркелетін фактор. Ал балалардың суға батып кету жағдайы көбіне ата-анасының, жалпы ересек адамдардың қарауынсыз қалдыру салдарынан болады. Яғни, ата-ананың балаға деген жауапсыздығы мен салғырттығы да бар десек, қателеспейміз.Баланың да, ересек адамның да суға кетуі соңғы кезде оңтүстік өңірлерде артып кеткен. Былтыр да солай еді. Айдың -күннің аманында судан келіп жатқан балалардың өлімі алаңдатады. Тек ойлантып қана қоймай, нақты іс-әрекетке итермелеуі қажет-ақ. Сондықтан бұл мәселеде кінәні тиісті ведомствоға немесе ата-анаға да ысыра алмаймыз. Сайып келгенде, мұның бәрі әр адамның жауапкершілігіне келіп тірелетіндей.Ереже бойынша, балалар тек ересек адамдардың қарауымен суға шомылуы тиіс. Конституцияда кәмелет жасына толмаған балалар 18 жасқа толғанша ата-ананың қамқорлығында болатыны нақты жазылғанын білеміз. Дегенмен заңнамада баласы суға кетіп қалған жағдайда ата-анасына мынандай жаза тағайындалады деген нақты норма жоқ. Егер ата-ананың кінәсі тікелей дәлелденсе, құқықтық жауапкершілікке, оның ішінде міндетін орындамағаны туралы әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Отбасындағы баланың қауіпсіздігі әке-шешесінде екені рас. Осындай қайғылы жайттардың көбеюіне әлеуметтік жағдай да әсер ететін секілді. Күнкөріс қамымен жүрген ата-ана балаларына қарауға мүмкіндігі болмай жататын жайттарды да ескерген жөн тәрізді. Өрттен қаза тапқан балалардың жағдайынан да соны аңғардық.
Мадияр ТӨЛЕУ