Премьер-министр Маңғыстау мен Қызылордада малдың қырылуына не себеп болғанын айтты

Премьер-министр Маңғыстау мен Қызылордада малдың қырылуына не себеп болғанын айтты

Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде Премьер-министр Асқар Мамин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қызылорда, Маңғыстау өңірлерінде малдың ауа райының қолайсыз болуынан қырылғанын мәлімдеді.

Үкімет басшысының айтуынша, соның салдарынан Маңғыстауда жекеменшік мал басы — 0,13%-ға, Қызылордада 0,03%-ға кеміген. Қазіргі күні бұл аймақтарда құрғақшылықтан зардап шеккен ауылдарға қолдау көрсетіліп жатыр.
«Аталған өңірлерге азық-түлік қорынан 600 тонна арпа жеткізілді. Фураждық шарты бойынша, 766 мың тонна астық сатып алуға келісім жасалды. Оған қоса, ирригациялық инфрақұрылымды жетілдіру арқылы суарылатын жерлерді қалпына келтіру жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 1 050 шақырым желіні жөндеу жоспарланған», — деді Асқар Мамин.
Еске салсақ, министрлік Маңғыстауда малды аман алып қалу үшін өзге аймақтардан жем-шөп жеткізілетіні туралы хабарлады.                                                              Дәулет АСАУ.