Маңғыстауда малды аман алып қалу үшін өзге аймақтардан жем-шөп жеткізіледі – министрлік
Маңғыстауда малды аман алып қалу үшін өзге аймақтардан жем-шөп жеткізіледі – министрлік
208
оқылды

Маңғыстау облысындағы мәселе бұл өңірде жем-шөп өсірілмейтіндіктен туындап отыр. Мәселен, 2020 жылы жеке қосалқы шаруашылықтар мен фермерлік шаруашылықтарды мал азығымен қамтамасыз ету мақсатында қыс ішінде басқа өңірлерден 28 мың тоннадан астам шөп және 33 мың тоннаға жуық дайын жем жеткізілген болатын.

Маңғыстау өңірінде соңғы 2-3 жылда жауын-шашынның аздығынан құрғақшылық болып келеді. Құрғақшылық, әсіресе, биыл ерекше. Соның салдарынан мал шығыны бар. Осыған байланысты биыл 21 мамырда Ауыл шаруашылығы министрінің №168 бұйрығымен Маңғыстау облысындағы Ауыл шаруашылығы секторының проблемалық мәселелері бойынша шешімдер әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы 26-30 мамыр аралығында аймаққа барып, тұрғындармен және фермерлермен кездесті, жедел шаралар қабылдау үшін ұсыныстар дайындалуда. Сондай-ақ, арнайы штаб құрылды. Ол көршілес облыстардың әкімдіктерімен Маңғыстау облысының малын қажетті жем-шөп қорымен қамтамасыз ету мәселелері бойынша келіссөздер жүргізуде. «Каспий» ӘКК арқылы қысқы мал азығы қорын жинау үшін облыстық мәслихаттың шешімімен жергілікті бюджеттен 200 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді. Сондай-ақ «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ арқылы 1,7 мың тонна арзандатылған арпа жеткізу мәселесі пысықталуда.