Қазақстан халқы тағы да кедейлене түсті. Мысалы, елімізде табысы ең төменгі күнкөрістен де нашар халықтың саны тек 1996 жылдан бастап есепке алынып келеді. Сол кезде кедейлік шегінде өмір сүргендердің үлесі 34,6 пайыз болса, қазір былтырғыдан 4,5 пайызға артып отыр. Еске сала кетсек, 2020 жылы коронавирус пандемиясының Қазақстанға әсеріне талдау жасаған Дүниежүзілік банк «Дағдарысты еңсеру» атты есебінде біздегі кедейлердің 2 миллион 373 мың адамға жеткенін мәлімдеген еді.
Табыс тамақ алудан артылмайды
Жалпы, Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұрмысы төмен адамдар саны 2001 жылы көп тіркелген. Сонда халықтың шамамен 50 пайызға жуығы ең төменгі күнкөріс деңгейінен де нашар жағдайда өмір сүріпті. Ал одан кейін кедейлік деңгейі былтырғы коронавирус дағдарысының салдарынан өсіп отыр. Мысалы, 2020 жылдың екінші тоқсанында ең төменгі күнкөріс деңгейі ел бойынша жан басына шаққанда орта есеппен 32,6 мың теңге болды. Сол сәттегі Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов пандемия кезінде жұмыссыздар саны 8 есе өскенін алға тартқан болатын. Оның айтуынша, 1 ақпанда 26,9 жұмыссыз тіркелсе, 1 тамызға қарай жұмыссыздар қатарына тағы 219 мың адам қосылған. Енді Finprom.kz сарапшыларының талдауына сүйенсек, 2020 жылдың төртінші тоқсанында табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың саны бір жылда 12 пайызға өскен. Содан бері әлі күнге дейін аймақтық көрсеткіште кірісі ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен үй шаруашылығының 19,9 пайызы Түркістан облысына тиесілі болып тұр. Онда кедейлік шегінен төмен өмір сүретін халықтың ең көп үлесі (10,3 пайыз) тіркелген. Одан кейін аутсайдерлердің алғашқы үштігіне Алматы (табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен 15,5 мың үй) және Шығыс Қазақстан облысы (11,6 мың үй) кірді. Ол үйлерде 5 немесе одан да көп адам тұрады.Сондай-ақ, халықаралық қаржы институттары айлығының 10-20 пайыз қаржысын тамаққа жұмсайтын елдер «дамыған елдер» категориясына кіреді деп есептесе, Қазақстан ол категорияға да жатпайды. Өйткені бүгінде халық тапқан табысының тең жартысын, көбіне тұтастай тамақ алуға жұмсайды. Ал биыл азық-түлік бағасының еселеп артуы ол көрсеткішті арттыра түскен. Орта есеппен әрбір қазақстандық ай сайын 96,7 мың теңгені тек азық-түлік алуға жұмсайтын болып шықты. Бұл ретте темекі, ішімдік, қант, кондитерлік өнімдер мен тәттілерге жұмсайтын шығындардың азайғанын ескерсек, соның өзі-ақ елдегі әлеуметтік жағдайдың нашарлағанын көрсетеді. Биылғы жазда Үкімет бағаны тұрақтандыру бойынша бірнеше басқосу ұйымдастырып, ол үшін 50 миллиард теңге бөлетінін мәлімдеді. Бірақ ол әрекеттері нарықтағы бағаға елеулі өзгеріс жасай алмады. Керісінше, картоп, сәбіз, жұмыртқа, ет тапшылығы байқалып, олардың бағасы аспандап кетті. Сонымен қатар жанармайдың қымбаттауы да қарапайым бұқараның қалтасын одан сайын қаға түсті. Енді, міне, еліміздің қуаңшылыққа ұрынған оңтүстік және батыс аймағындағы шөп тапшылығынан мал қырылып жатыр. Былтырғымен салыстырғанда, қазір солтүстік пен шығыстың өзінде егіннің шығуы әлдеқайда аз болып тұр. Демек, ет пен дәнді дақыл өнімдерінің бағасы тағы да артпаса, арзандайтын түрі байқалмайды. Одан бөлек, Еуроодақ ішіндегі мемлекеттерде ең төменгі жалақы да бізде (42 500 теңге) екен. Тіпті, көрші қырғыз елінің өзінде жалақы теңгеге шаққанда 56 мың болса, Ресейде 116 мың теңгеге шығады. Ал Германия сияқты елдерде тұтынушы себетіне аққайнар (ішімдік), үйде ит болса, оны күтушілердің шығындарына дейін қосылатын көрінеді.Бұл ретте бір ескерер жайт, біздің Үкімет пен халықаралық институттар кедейшілік көрсеткішін әртүрлі есептейді. Айталық, Дүниежүзілік банк Қазақстанды табысы төмен емес, орташа елдерге жатқызады. Ал ондай елде күніне 5,50 доллардан төмен табыс табатын халық кедей болып есептелуі керек. Олай есептесек, бізде шамамен 8,6 пайыз халықтың күндік табысы 5,50 доллардан төмен болып шығады. Демек, Дүниежүзілік банктің бұл мәліметі ел ішіндегі ресми статистикамен салыстырғанда 2 есе артық болып тұр.
Сарапшылар сынға алды
Еске сала кетсек, 2013 жылы Қазақстанда ЖІӨ 13 мың долларға жеткен. Сол сәтте біз дамыған 50 елдің қатарына кірдік. Әлемдік стандарттарға сәйкес, БҰҰ-ның өзара келісілген ережесімен бай елдер кедей елдерге қолғабыс көрсетулері тиіс болғандықтан, оған біз де міндеттелдік. Содан бастап Ауғанстан елінен оқушыларды тегін оқытуға алдық. Қырғыз Республикасына инвестиция құямыз деп келістік. Бірақ одан кейін өзіміздің жағдай нашарлап кетті. Атап айтқанда, 2016 жылдан бері біздің ЖІӨ 7 мың долларға дейін құлдырады. Содан бері ептеп өскенімен, әлі 10 мың долларға жетпей тұр. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан әлі де кедей ел деп танылуы керек екен.Экономика сарапшысы Мақсат Халық: «Өз басым елдің әлеуметтік жағдайын дұрыстамай, өзге елдерге көмектесуді қолдамаймын. Біздің статистикамыз қате. Нақты қарайтын болсақ, елімізде 2 миллион адам жұмыссыз жүр, 130 мың кедей отбасы бар. Ең төменгі күнкөріс шегі де дұрыс есептелмеген. Ол 32 мың теңге шамасында деп есептеліп отыр. Алайда адам мың теңгеге бір күн өмір сүре ала ма?» – дейді. Оның айтуынша, Тағамтану академиясы бекіткен «тұтынушылық себетте» әр адам 1 мың теңгеге 3 мезгіл тамақтана алады деп көрсетілген. Шын мәнінде, ол ақшаға бір түстік асты әрең алып ішеміз. «Қазір Қазақстан әлемге жақсы болып көріну үшін жалған статистика жасап отыр. Осы орайда, Ұлттық экономика министрлігі қарамағындағы Статистика комитетін жеке агенттік ретінде бөліп шығаруымыз керек. Ол тәуелсіз болған кезде ғана дұрыс сандарды жинайды», – дейді Мақсат Халық. Осы орайда, белгілі кәсіпкер, меценат Қайрат Құдайберген де таяуда өзінің Instagram парақшасында пікір білдірді. «Ең кедей жағдай Түркістан облысында (әрбір 11-ші тұрғын – қайыршы!). Мен мұндай жағдайды енді шыдауға болмайтын нағыз масқара деп есептеймін! Бізде қайыршылықты жою жөніндегі мемлекеттік бағдарлама дереу қабылдануы тиіс», – дейді ол. Сондай-ақ Қайрат Құдайберген үлгі ретінде ҚХР бағдарламасын алу керегін ескертті. Себебі онда 8 жыл ішінде 100 миллион адам кедейшіліктен құтқарылған. «Сондықтан бізге жүздеген түрлі күмәнді жобалардың орнына бір, бірақ шын мәніндегі халықтық жоба керек!» – дейді меценат. Ал журналист Гүлмәрия Барманбекова Facebook-тегі жазбасында Қазақстанның қазіргі жағдайы Еуропа елдерінің де назарына іліккенін мысал еткен. «Франкфуртте болдым. Метро стансасында көрген бір жайт өмірі есімнен кетпейді. Әр стансаға әр елдің экономикасындағы табысты сала жайлы экспонаттар көрмесін жасапты да, сол елдің өмір сүру деңгейі турасында қысқа ақпарат жазып қойған. Сонда Қазақстан жайлы экспонат пен ақпарат қандай болды дейсіз ғой?!. Бір-екі жерде тұрған мұнай мұнарасы мен жанармай канистрлерінен басқа түк жоқ және мынадай жазу бар:Тағы бір таңғаларлығы, біз дамушы елдерге 1991 жылдан бері белсенді көмек көрсетіп келеді екенбіз. Осы 30 жылдың ішінде көмек көлемі шамамен 500 миллион доллар болған. Ал ол дегеніңіз – өзіміздің үшінші елдерден алған көмек деңгейінен әлдеқайда төмен көрсеткіш. Сол себепті қоғам белсенділері мен сарапшылар Үкіметтің ол «жанашырлығын» өткір сынға алды. Айтуларынша, карантин жағдайында кедейленген халық пен бизнеске жәрдем берудің орнына үшінші елдерге көмек көрсетуі - орынсыз.
«Қазақстан деген – жері бай, халқы кедей тұратын мемлекет». Мың жерден көз бояймын десең де, жеріміздің бай, еліміздің кедейшілікте өмір сүріп жатқанын айдай әлем біліп отыр. Өткенде Президенттің өзі «басты проблемамыз – кедейшілік» дегенді ашық айтты. Ендеше, неменеге көзбояушылық пен арзан технологияға арқа сүйеп, өзіңді-өзің қашанғы масқаралай бермексің?» деп ашынды ол.
Тақырыпқа тұздық: Statista.com мәліметтері бойынша, коронавирус пандемиясына қарамастан әлем бойынша өте бай адамдардың да саны артқан. Таза байлығы 30 миллион доллардан жоғары адамдардың саны соңғы 12 айда 2,4 пайызға өсіп, 520 мыңнан астам адамды құрап отыр. 2025 жылға қарай олардың қатары тағы 27 пайызға артуы мүмкін екен. Бір қызығы, кедейі көп Қазақстан биыл сол бай адамдар санының өсуі бойынша алғашқы 10 елдің қатарына кірген. Оған елде өршіп тұрған сыбайлас жемқорлықтың ықпалы болды демеске шара жоқ.Еркеғали БЕЙСЕН.