Елімізде 1 шілдеден бастап дүкен сөрелерінде темекіні қоюға тыйым салынды. Жаңа ереже бойынша, сауда орындарында темекі өнімдерін ашықтан-ашық қоюға, жарнамалауға болмайды. Оның орнына ақ параққа ешқандай суретсіз шылымның тізімі ғана жазылады. Бұл шектеу темекіге әуес адамдардың санын қысқарту үшін қабылданып жатқаны белгілі. Десек те, бұл бастама нәтиже бере ме, жоқ па? Ол жағы белгісіздеу болып тұр. Шындығында, көпшілік темекіден бас тарту үшін қандай амалға көшкен жөн?
Бағаны көтеру бас тартуға себеп пе?
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске енгізілген өзгерістерде қораптағы темекіден бөлек, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекіні қыздыратын құралдарды да сөреге қоюға болмайды. Сатылатын темекі өнімдерінің тізімі мен бағасы қағазға алфавит бойынша жазылып, ілініп тұрмақ. Ілінетін қағаздың көлеміне де шектеу бар. 40х30 сантиметрден аспауы тиіс. Суретке де тыйым салынған. Сауда нысанына келген тұтынушы тізімді көріп, қажетті өнімді сұраса ғана көрсетуге рұқсат. Негізі, бұлай дүрлігіп, темекіге қатысты шектеулерді нығайту әрекеті де бекер емес. Қазір шылым тартатын жандар әлемнің мәселесіне айналды. Мысалы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы деректеріне сенсек, қазір Жер шарында 1 млрд.-тан астам адам тұрақты түрде темекі шегеді. Темекі тұтынушылар жылына 5,7 млрд. дана темекі пайдаланып, 1 млн. тонна тұқыл тастайды екен. Бұған қарап оның адам денсаулығына ғана емес, қоршаған ортаға да зияны орасан екенін аңғарамыз. Айтпақшы, жыл сайын темекі кем дегенде 8 миллион адамның өмірін қияды. Бұл статистиканы кеміту мақсатында әлем елдері түрлі шара қолданып келеді. Қазақстан да реті келсе, шылым шегуге қатысты шектеулерді көбейтіп, бағасын көтеріп жатыр. Баға демекші, Дүниежүзілік банк Қазақстанда темекі бағасы төмен екенін талайдан бері мәлімдеп жүр.Темекі құнын еселеп көтеру жайы осы кезеңге дейін Үкіметте бірнеше рет айтылды. Шылым шегуге қарсы түрлі қоғамдық ұйым да пікірді құптап отыр. Ал бізді толғандырары, шектеулер мен бағаны өсіру халықты темекіден бас тартуға итермелей ала ма? Баға мәселесін, әсіресе, «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық коалициясы жиі көтеріп жүр. Одақ «ел тұрғындары темекі бағасын көтерсе, мәжбүрліктен бас тартар еді» деген пікірді көп айтады. Өйткені бізде бір қорап темекінің бағасы 1 доллардан сәл асады. Ал шетелде баға мүлде басқаша. Мәселен, Еуропа елдерінде темекінің бір қорабы шамамен 5 мың теңгеге, Жаңа Зеландияда 14 мың теңгеге сатылады. Адамдардың темекі тартуын тастауға көбіне мемлекеттік шаралар ықпал ете алатын көрінеді. Одан кейін адам өзін тәрбиелемек. Ол үшін психотерапевтің көмегіне жүгінген жөн. Ересектер мен жасөспірімдерге темекі сыртындағы қорқынышты суретпен ғана бағыт бермей, лайықты іс-шара жүру керек екен. Мұнда да ақпараттық қолдау маңызды. Коалицияның дәйегінше, темекі шегетін адамдардың 18 пайызы өз жігерінің арқасында 1 күнде тастай алады. Ал 20 пайызына психотерапевтің көмегі қажет болады. Дегенмен құмарлықтан айыға қою оңайға түспейтін тәрізді. Себебі, темекі қолжетімсіз бола бастаған сайын, адамдар түрлі заңсыздыққа баруы мүмкін.Соның әсері ме, елімізде темекі бағасы соңғы жылдары жиі көтерілді. Былтыр қарашада бір қорап шылымның орташа бағасы 470 теңге болған. Қазір бұл құнға темекі сатып ала алмайсыз. Осы күні ең арзан темекінің бағасы 530 теңгеге жетті. Оған қоса, осылай жыл санап өзгере бермек. Өйткені былтыр Қаржы министрлігі тиісті қаулыға өзгеріс енгізген еді. Жобаға назар салсақ, баға 2021 жылы 1 қаңтарда – 500 теңгеге, 2022 жылдың 1 қаңтарда – 550 теңгеге, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 600 теңгеге қымбаттауы тиіс екен.
Заңсыздық көбеймей ме?
Негізі, темекі өнімдеріне қатысты шектеу енгізу 2019 жылы да айтылған болатын. Сол жылы Денсаулық сақтау министрлігі мен кәсіпкерлер біраз дауласты. Бизнес өкілдері өздерінің шығынға батып, есесіне контрафактілік темекінің мөлшері артатынын ескерткен болатын. AC Nielsen мәліметтері бойынша, 2018 жылы Қазақстандағы контрафактілік өнім үлесі шамамен 1,8-2 пайызды құраған. Осылай мемлекеттік бюджет салық түрінде түсетін 1,9 млрд. теңге қаржыдан айырылып қалған екен. Яғни, темекіні жайғастыруға тыйым салу сатушы сөресіне тығып сататын контрафактілік өнімнің түсу ықтималдығын арттыруы да мүмкін-ақ. Бұдан бөлек, 2019 жылы әлемнің 58 елінде темекіге қатысты шектеулер енгізу мәселесі қозғалғанда, түрлі пікірталас туындаған. Кейбір сарапшы никотині аз мөлшердегі темекі халыққа қолжетімсіз бола бастаған сайын кей адамдар құмарын қандыру үшін басқа жолдар іздейтіні айтылған. Мысалы, темекіні қолдан жасауға ұмтылып, есірткі тұтынып, желім иіскеу тәрізді түрлі амалға барса да таңғалмайсыз. Қош, бірақ елімізде шылымның кесірінен көз жұматын жандар саны әлі азаймай келеді.Өлім деңгейі
Ресми мәліметтерге сенсек, 2020 жылы Қазақстанда темекі кесірінен 161,3 мың адам қаза тапқан екен. 2019 жылмен салыстырғанда 21 пайызға артқан. Оның 14 пайызы, яғни, 23 мыңы тыныс алу жолдарының ауруларынан көз жұмған. Бұл ретте шылым өкпенің қатерлі ісігін жылдам тудыратын зиянды дүние екенін ұмытпаған абзал. Былтыр елімізде 14 150 адам қатерлі ісіктен көз жұмған. Оның 16,4 пайызы өкпе обырымен ауырған екен. Бірақ олардың қанша пайызы бұл дертке темекінің әсерінен шалдыққаны жайлы ақпарат жоқ. Бірақ дәрігерлер өкпенің қатерлі ісігі жағдайында көп адамның темекі тұтынып келгенін анықтайтынға ұқсайды. – Темекі шегетін адам демігеді, тыныс жолдарынан қақырық бөлінеді, қан айналымы нашарлап, салдарынан ағза жасушаларына қорек дұрыс бармайды. Никотин – жүрек-қан тамыры жүйесінің ауруларын тудырады, ас қорыту функциясы, көру қабілеті нашарлайды. Тіс эмалінде қатты және жұмсақ тастар түзіледі. Қалқанша безінің қызметі нашарлап, әйелдердің репродуктивті қабілеті төмендейді. Жүйке жүйесі бұзылып, күш-жігер азаяды, тез шаршау пайда болады. Онкологиялық аурулар қаупін жоғарылатады. Тіпті, генетикалық ауытқуларға алып келуі мүмкін. Шылым шегушілер өкпе рагынан 6-9 есе жиірек өледі. Жүрек аурулары да 2-3 есе жоғары. Бетті тез әжім басады. Шылым шегетін адам бас тартқысы келсе, өзіне берген уәдесінде тұруға үйренуі тиіс. Стрестен темекі арқылы емес, салауатты өмір салты арқылы арылған абзал, – дейді психиатр-нарколог Татьяна Евтушенко.Алайда, былтыр 10 пайызға қайта көтеріпті. Ал елімізге былтыр 3 млрд. тонна темекі мен папирос әкелінген. Бұл сандарға қарап, ел аумағында темекіге әуес адамдар саны көп пе дерсіз. 2020 жылдың мамырында Статистика комитеті алғаш рет ересектер арасында темекі тұтыну туралы сауалнама жүргізген. Сауалнамаға 5,5 млн. адам қатысып, қорытындысы бойынша, олардың шамамен 21,9 пайызы тұрақты шылым шегетін болған. Бұдан бөлек, соңғы жылдары электронды темекі шегетін жастардың қарасы көбейгенін айтып, мамандар дабыл қағып жүр. Демек, түтінге құмартқандар қоғам үшін расымен мәселеге айналып барады.Ал Қазақстан аумағында темекі өндіретін екі алып компания бар. Philip Morris International және Japan Tobacco International трансұлттық компаниялары. Мәселен, еліміздің ішкі нарығының 40 пайызға жуығын қамтитын Japan Tobacco International Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы мен Моңғолия тәрізді елдерге миллиардтаған тонна темекі жөнелтеді. 2016 жылы Қазақстан өзге елдерге 7,7 млрд. тонна шылым тасымалдаған. Бірақ біздегі темекі өндірушілер 2012 жылдан бері жыл сайын өндірілетін темекінің көлемін азайтып отырған.
Мадияр ТӨЛЕУ.