Ауыл шаруашылығы министрлігін екі жыл басқарып, өткен аптаның соңында Президенттің Жарлығымен орнынан босап қалған Сапархан Омаровтың «тұзы жеңіл» ме, жолы ауыр ма, әйтеуір, саладағы ең күрделі мәселелер шаруаларға осы азаматтың министр болып тұрғанында бірінен соң бірі ауыр соққы болып тиді. Атап айтқанда, 2019-2021 жылдар аралығында өршіп кеткен бруцеллез, сібір жарасы, құс тұмауы, қуаңшылық және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қымбаттағанын көрдік. Сонымен, экс-министр Сапархан Омаров қызметінен неге кетті?
Өз саласын өрге сүйрей алмады
Сонымен, таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысында Ауыл шаруашылығы министрі отставкаға кетуі қажет деген тоқтамға келді. Оның айтуынша, елімізде азық-түлік қымбаттап, елдегі инфляция алғашқы жарты жылда 7,9 пайыз болып, белгіленген нысаналы дәлізден 4-6 пайызға әлдеқайда жоғары болып шыға келген. Осылайша, пандемия азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан Қазақстанның осалдығын әшкерелеп берді. «Сонымен бірге отандық ауыл шаруашылығы саласының ішкі нарықты базалық өнімдермен қамтамасыз ете алмауына қатысты сын өте әділ», – деді Мемлекет басшысы.Мысалы, қазір Маңғыстау және Қызылорда облыстарындағы әлі де «қуаң дала, құмды шағыл, құла түз» болып тұрған аймақтардың жағдайы қиын. Бір ғана Маңғыстаудың өзінде жаппай қырылған малдың саны 3 мыңға жетіп отыр. Ал 1 тонна шөптің орташа бағасы 23-42 мың теңге аралығында. «Нақты іс-әрекет пен кері байланыс жоқ. Сондықтан фермерлер көмек сұрап, тікелей маған өтініш айтып жатыр. Әрине, қуаңшылық – табиғи жағдай. Мұны жақсы түсінемін. Дегенмен бұл – мәселенің бір жағы ғана. Ең бастысы, осындай күрделі кезеңде тиісті министрлік шұғыл және батыл шешімдер қабылдауы қажет еді», – деді Президент.Бұл ретте көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту бойынша тапсырма бірнеше рет берілген. Ол мәселе Үкімет отырыстарында да қаралған еді. Өкінішке қарай, жағдай жақсы жаққа өзгермей, көкөніс өнімдерін сақтау үшін жеткілікті қуаттар тек Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар және СҚО-да ғана бар болып шықты. Осының бәрін ескерген Қасым-Жомарт Тоқаев Сапархан Омаровты Ауыл шаруашылығы министрі лауазымынан босату туралы Жарлыққа қол қойды.
Осылайша, сатылап келіп, 2019 жылы Президент Жарлығымен Ауыл шаруашылығы министрі қызметіне тағайындалды. Бірақ өзі «бес саусағындай білетін» сол агросекторға қатысты сенім үдесінен шыға алмағаны ыңғайсыз-ақ. Шын мәнінде, Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына енуге ұмтылуы, ДСҰ-ға енуі, ЕАЭО-ға мүше болуы отандық ауыл шаруашылығы саласы үшін үлкен сын. Өйткені біз үшін ауыл шаруашылығы дегеніміз – ел экономикасының негізгі салаларының бірі және қоғамның экономикалық, қоғамдық-саяси тұрақтылығын анықтайтын маңызды фактор.Бағамдап көрсек, ауыл шаруашылығы саласы Сапархан Омаровқа таңсық та емес. Ол 1996-2007 жылдар аралығында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ-ында түрлі қызметтер атқарған. Сондай-ақ, 2014-2016 жылдары Ауыл шаруашылығы вице-министрі болды. 2016-2019 жылдар аралығында да Мәжілісте Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы лауазымын иеленген.
Індет пен апат салдары ауыр болды
Жалпы, Сапархан Омаровтың Ауыл шаруашылығы министрі ретінде аталған екі жылда ауыз толтырып айтар ерекшелігі болмады емес, болды. Оның бәріне халыққа есеп беру кездесуінде де, БАҚ-қа берген сұхбаттары арқылы да көз жеткізіп отырдық. Әсіресе, сөздерінен астық саласына көбірек мән беретіні аңғарылып тұрды. Мысалы, министрлік лауазымы коронавирус пандемиясы мен әлемде енгізілген шектеу шараларына сәйкес келгендіктен, ол қиындықтың Қазақстан астығының экспортына онша әсер етпегенін айтқанын алсақ та жеткілікті. Айтуынша, маркетингтік жыл қорытындысы бойынша (2019 жылғы шілде – 2020 жылғы маусым) Қазақстан астық эквивалентінде шамамен 8 миллион тонна астық пен ұн экспорттаған. Алайда біздің қолымызда басқа да дерек бар.Екіншіден, 2021 жыл Қазақстан малшылары үшін апатты жыл болды. Қуаңшылық қысқан Маңғыстау және Қызылорда облыстарынан кейін Жамбыл және Алматы облыстарының фермерлері де дабыл қаға бастады. «Қазақстанда 1975 жылғы жағдай қайталанып жатыр» деседі сарапшылар. Алайда Алматы, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Ақтау, Атырау, Орал облыстарында болған ол оқиға ел тарихындағы ең үлкен қуаңшылық еді. Қазір соны сол кездегі Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың қалай жеңгені туралы видео тарап жатыр. Сонда әр облыста оперативті штаб құрылып, әр ауылдық жерде жауапты адамдарды анықтап, не істеуге, қандай шаралар қолдануға болады, жемнің қай түрі керек екені белгіленген. «Көп түкірсе – көл» дегендей, ел-жұрт бір кісідей жұмыла кетіп, 11 миллион тонна жемшөп, 9 миллион тонна сүрлем, 3 миллион тоннаға жуық сабан дайындаған. Жерасты суларын іздеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп, зардап шеккен жерлерге 700-ге жуық жаңа су ұңғымасы нәр бере бастаған. Демек, қазір де әр облыста сондай оперативті штаб құру әдісі өзекті болар еді. Үшіншіден, Түркістан облысының Жетісай ауданында 78 мың гектар алқаптың 1180 гектарына егілген 20 мың тонна қырыққабат экспортқа шығарылмай, өз ішімізде игерусіз қалды. Кейін амалсыз оның 250 тоннасы еліміздегі барлық балалар үйлеріне және тұрмысы төмен отбасыларға тегін таратылды. Сонымен қатар 300 тоннасы Алматы қаласындағы базарларға жөнелтілді. Одан бөлек, «тері мен жүнді өңдеп, жеңіл өнеркәсіпті дамытамыз» деген желеумен экспортқа тірі малды сатуға тыйым салынды.Біріншіден, биылғы мамырда өткен Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров еліміздің 2021 жылғы қаңтар-сәуірдегі әлеуметтік-экономикалық өсу қорытындысын баяндады. Сонда ол «44,8 миллиард теңгеге өсімдік шаруашылығы өнімдері өндіріліп, ауыл шаруашылығы дақылдарын жабық топырақта өсіру есебінен нақты көлем индексі 100 пайыз болғанын» жеткізген еді. Одан кейін көп ұзамай әлгі «жабық топырақта өсірілген» сәбіздің бағасы 800, картоптікі 400 теңге көлемінен аспаса, төмендемей қойды. Осындайда әйгілі ойшыл Марк Твеннің «Өмірде өтіріктің үш түрі бар: жәй өтірік, көзіңізді бақырайтып қойып айтылатын бетсіздердің өтірігі және статистика» деген тәмсілі еріксіз еске түседі.
«Ел неге малын тірідей сатып жатыр? Ол біздің ет комбинаттары шетелдік ет өңдеу кәсіпорындарымен бәсекелесе алмай жатыр деген сөз. Өйткені олар біздікілерден жоғары баға ұсынып отыр. Біз кезінде тері экспортына тыйым салған болатынбыз. Сөйттік те, қылшығын шығарамыз деп былшығын шығардық. Тері құнсызданып шыға келді. Бұрын бір мал сойса, иесі терісін сатып қана 10 мың теңге табатын. Қазір теріні ешкім алмайды. Қоқыс қылып, босқа тастап жатыр. Тіпті, оның көзін жою үшін шығындалатын болды. Тері өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етеміз деген талпыныс бекер болды. Малдың ішкі өнімдерінің бәрін солай босқа тастап отырмыз. Өйткені оны ешкім өңдеп жатқан жоқ. Ал шетелдіктер барлығын кәдеге жарататындықтан, тірі малға біздегіден жоғары баға ұсынады», – дейді ол. Төртіншіден, індет өршіп кетті. Мысалы, 2019 жылдың 5 айында 32 мың, ал 2020 жылдың сәйкес кезеңінде 28 мың ірі қара бруцеллез болса, былтырғы 1 маусымдағы жағдай бойынша сол аурумен 51 қолайсыз пункт тіркелген. Мемлекеттік мал дәрігерлік саласы оған қарсы егетін дәрі-дәрмектің сапасыз екенін де жасырмайды. Яғни, мал індетінің алдын алуға қарсы мемлекет тарапынан тиімді жұмыс жүргізілмеген. Ал індеттің кең етек жаюы салдарынан елдегі ірі қара саны да азая түскен. Сондай-ақ, Ақмола облысының Аршалы ауданында аса қауіпті әрі өте жұқпалы сібір жарасы анықталды. Ең сорақысы, ауылдың 4 тұрғыны ветеринарлық тексерістен өтпеген малдың етін жеп, ауруханаға жатқызылды. Содан кейін Қазақстан бойынша сібір жарасының 2 598 ошағы тіркелді. Ақмола, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында Ресей арқылы келген H5N8 құс тұмауының өршуі де қоса тіркеліп жатты. Ауру ошақтарын оқшаулау және жою барысында 1,9 миллион құс жойылса, оның 97 пайызы 4 құс фабрикасына тиесілі. Бесіншіден, дала өрті де ерекше үдеп кетті. Әсіресе, биылғы тілсіз жаудың кесірінен қаншама аймақ жайылымдық, шабындық жерлерінен, тіпті малынан айырылып, ол жағдай ет пен жемшөп бағасының қазіргіден бетер шарықтап кетуіне сеп болғалы тұр. Бұл тақырыпқа келесі нөмірде толығырақ тоқталамыз...Бір жағынан ол көбіне Өзбекстанға, содан кейін басқа да алыс-жақын елдерге тірідей кетіп, саны әлдеқайда азайып қалған төрт түліктің басын көбейту үшін дұрыс шешім болды. Екінші жағынан 2011-2016 жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігін басқарған, қазір Қазақстан ет одағының басқарма төрағасы Асылжан Мамытбеков министрліктің тірі мал экспортына тыйым салу туралы бастамасын сынға алды.
Заңсыздыққа жиі жол берілген
Сапархан Омаров Мәжіліс депутаты болып тұрған 2017 жылы Қазақстанда мамандандырылған аграрлық банк құруды ұсынып, агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту бойынша сауатты саясат қажет екенін айтқан болатын. Сондай-ақ, аграрлық сала мамандарымен жиі кездесулер өткізіп, озық тәжірибені қолдану шеңберінде көптеген жұмыс жүргізді. Бірақ соның бәрін министр кезінде жүзеге асыруға не кедергі болғаны түсініксіз. Мысалы, ол биыл ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау көлемі 366 миллиард теңгеге жетті деп еді, ал Үкімет сағатында сенатор Нұрлан Әбдіров сол қолдаулардың нәтижесіз болғанын мәлімдеді.Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы бойынша қозғалған қылмыстық істердің 54 пайызы субсидияларды заңсыз бөлумен байланысты. Соңғы 5 жылда уақытылы берілмейтін субсидия ережесі 47 рет өзгерген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Марат Ахметжановтың айтуынша, сол аралықта шаруаларға 1 триллион теңгеден астам жеңілдетілген несие берілсе, оның жартысынан көбі заңсыз жолмен рәсімделген. Ал сол 5 жылдың соңғы 2 жылында да Сапархан Омаровтың министр болғанын ескерген жөн.Оның айтуынша, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасында белгіленген индикаторларға қол жеткізу көрсеткіштері төмен. Жалпы, елімізде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдері ішкі нарықты тек 60 пайызға қамтамасыз ете алады екен. Қалған сұраныс импорт есебінен жабылады. Негізінен бізге ірімшік, сүзбе, сары май, ет және қант әлі сырттан тасымалданып жатыр.
Төлеутай РАХЫМБЕКОВ, экономика ғылымдарының докторы:
Ауыл шаруашылығындағы қазіргі жағдай ешкімге оңай соғып жатқан жоқ. Азық-түліктің, бірінші кезекте жеміс-көкөніс бағасының өсуі, жемшөп жетіспеушілігінен малдың қырылуы Ауыл шаруашылығы министрлігі жұмысындағы сәтсіздіктермен түсіндіріледі. Бірақ бұл мәселелердің Сапархан Омаров министр болғанда ғана басталмағанын ескеру керек. Бұл ретте 2013-2016, содан кейін 2018-2019 жылдары Қазақстанды ғана емес, көрші елдерді де сиыр етімен қарық қылмақ болған сәтсіз жобаның бастамашыларын еске алған жөн болар. Олар мамандардың ескертуіне қарамастан, АҚШ-тан Қазақстанға 1 миллион бас ірі қараны импорттамас бұрын, оларға арналған жемшөп базасын құру, саланы жоғары немесе орта арнаулы білімі бар кадрлармен қамтамасыз ету, елде жетіспейтін малшылар, мал жемдеушілер, механизаторлар мәселесін шешу дегендей алғышарттармен байыпты жұмыс істеу керек болатын.Егер жемшөп дақылдарын реттеуді 2013-2014 жылдары бастаса, онда қазіргі жаппай мал өлімі болмас еді. Сондықтан бұл тұрғыда Сапархан Омаров кінәлі емес. Негізгі кінәлілерді ауыл шаруашылығы саласына ерте келгендердің арасынан іздеу керек.
Еркеғали БЕЙСЕН