Мира Мұстафина мәдениеттің жілігін шаққан журналист еді
Мира Мұстафина мәдениеттің жілігін шаққан журналист еді
449
оқылды

2011 жылдан бастап, тоғыз жыл бойы «Литер» газетінің беттерінде ол оқыр­мандарға мәдениет және өнер қайраткерлері тура­лы тұшымды ма­қалала­рын, ой-толғамдарын жария­лап келді. Кешегі күнге дейін басылымның 8-парағы Мира Мұстафинаның қол­таң­ба­сын­сыз шықпайтын. Онсыз га­­зетті елестету де мүмкін емес еді.

Ол кәсіби журналист ретінде бір ғана тақырыптың аясында шектеліп қалған жоқ. Мәдениет, туризм, киноиндустрия, әскери мәселелер, әйелдер құқығы және тағы басқа өзекті мәселелерді қозғап, басылым бетінде жиі жа­риялап отырды. Ол жур­налист ғана емес, белсенді қоғам қай­раткері еді.    width= Әскери тақырып оның сти­хиясы болатын. 2005 жылы оның інісі Қайрат Құдабаев Ирак­та ерлікпен қаза тапты. Капитан-бітімгер Қайрат Құдабаев атын­дағы қоғамдық қорды құрды. Түрлі әскери акциялар мен көр­мелер өткізуге мұрындық болды. Басылымда жа­рық көрген әр мақаласы үшін кейіпкерлеріне шынайы алаңдайтын еді. Ол нағыз шығарма­шылық адамы ретінде жанын сала жұмыс істеді. Мәдениетті терең және сауатты жаза­тын журналистер некен-саяқ. Сол санау­лы­лардың қата­рында Мира Мұстафинаның есімі ерекше аталатын. Бұл – қазақ журна­лис­тикасы үшін орны толмас, ауыр қаза. Асхат МАЕМИРОВ, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музы­калық драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, философия докторы:

Елдік мүддеге қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетті

– Мира Мұстафина – еліміздің баспасөз саласының майталманы, кәсіби деңгейі биік журналист, жүрегі «Ел» деп соққан қазақтың қайраткер қызы. Мира туралы өткен шақта әңгіме айтамын деп ешқашан ойламаппын. Мираның қазасы – бәріміздің жүрегімізді ауыртты. Өзінің саналы ғұмырында адам­гершілік, еңбекқорлық, жауапкершілік, кәсібилік қасиеттерді өмірлік мұратына айналдыра білді. Әсіресе, «Литер» газетіндегі шығармашылық қызметіне тәнті болғаным сондай, әрбір мақаласын бар зейініммен оқитынмын. Мираның жазған дүниелері оқырман санасына ерекше әсер ететін күшке ие болды. Себебі өз мақалаларында біз өмір сүріп отырған қоғамның өзекті мәселелерін дөп басып жазған Мира – ұлтқа, елдік мүд­деге қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетті. Өзінің журналистік шығармашылығында өнер мен мәдениет кеңістігі хақында көп жазды. Әсіресе, театр өнеріне қатысты пікір­лері мен талдау материалдары арқылы өзі­нің кәсіби деңгейін көрсете білді. Халық­аралық театр фестивальдеріне қатысып, сахна өнеріндегі уақыт пен кеңістік мәселе­лерін зерделеп, өзінің көкейге түйген ойларымен бөлісетін. Қазақстанның өнері мен мәдени кеңістігін насихаттаудағы еңбегі бағаланып, биыл «Мәдениет саласының үздігі» белгісіне ие болған еді. Мираның сұхбаттары – өзгеше бір әлем. Өз кейіпкерлерінен сұхбат алар кезде, сол тұлғаны зерттеп, зерделеп барып адам­дардың жансарайындағы сырлары мен ойларын қағаз бетіне түсіруде хас шебер болатын. Кейін сол өз кейіпкерлерімен шынайы досқа айнала алатыны тағы бар. Бір ғана мысал, мүгедек анасын аялап бағып келе жатқан Мақсат Айманов туралы мате­риал дайындап, сұхбат алу кезінде жас жі­гіттің тағдырына егіле жылағаны көз ал­дымда. Адамдарға мейірімін төгіп, әрқашан көмекке мұқтаж жандарға қолдау білдіруге ұмтылатын Мираның адами болмысы, ақ жүрек қалпы, кісілік пен кішілікке толы келбеті – жүрегімізде сақталады. Болашақта жас журналистер арасында «М.Мұстафина атындағы арнайы сыйлық» тағайындалса, нұр үстіне нұр болар еді. Өз мамандығының абыройын асқақтатқан Мира елінің құрметіне әбден лайық. Бұл бір жағынан, М.Мұстафинаның есімін мәңгі есте сақтау үшін және оның шығармашылығын дәріптеу үшін қажет. Мира – кәсіби журналист ретінде өзінің нағыз мемлекетшіл тұлға екенін дәлелдеп кетті. Осы мемлекетшіл болмы­сының өзі жастарға жарқын үлгі. Мираны халқы әрқашан сағынатын болады. Лариса ҚОНЫСБАЕВА, әріптесі:

Дүние сенсіз бос қалғандай…

«Литер» газетінде – ауыр қайғы. Былтыр 13 шіл­деде әріптесіміз, газеттің шолушысы Мира Құдабаева-Мұстафина өмірден өтті. Онымен біз 10 жылдай бірге жұмыс істедік. Осы жылдар ішінде оның саналы ғұмырын журналистикаға арнағанына көз жеткіздік. Бір материал дайындау үшін жердің бір түкпіріне баруға дайын болатын. Еліміздің әр аймағында оның достары бар. Ол жақсы дос бола білді. Күні кеше әлеуметтік желі бетінде оны жоқтаған жазбалар толып кетті. Өйткені Мира – журналистерге ғана танымал адам емес. Ол мәдениеттің жілігін шаққан адам болғандықтан, мәдениетке қатысы бар жанның бәрі оның жанкештілігін жақсы білетін. Оны тағы бір ерекшелеп тұратын нәрсе – әскери тақырыпқа қалам тербегені. Иракта бітімгершілік миссиясында ерлікпен қаза тапқан інісі Қайрат Құдабаевтың есімін мәңгілікке қалдыру үшін халықаралық масштабта еске алу шараларын өткізді. Өткен жылы ғана ол өзінің көпжылдық арманына қол жеткізген еді. Інісін еске алуға арналған халықаралық деңгейдегі айрықша әскери көрме ұйымдастырды. Оның сүйікті тақырыбының бірі – денсаулық сақтау саласы. Ол бұл саланы көп жылдар бойы зерттеді. Біз оны медициналық энциклопедия деп атадық. Ол әрқашан салауатты өмір салты туралы кеңес беріп жүретін. Өзі де бұл режимді қатаң ұстанды. Күндігіне 10 мың қадам жасау және ерте тұру – оның стихиясы болатын. Ол онко­логиялық ауруды жеңіп, науқастарға жиі көмектесті. Ең ауыры, оның коронавирусты жеңе алмағаны. Қаншама дәрігерді жақсы таныса да, өзін осынау дерттен құтқара алмады. Неге? Қалайша? Миымызды осы бір сауалдар жегідей жеп барады. Ол өмір сүруге асыққандай көрінеді. Соңғы уақытта көптеген материалдар жазды, ол ешқашан бұлай көп жазған емес. Бұл жыл – ол үшін ең жемісті жыл болды. Енді ол жоқ… Тақырыптары да бітіп қалғандай… Бойында аяқтап үлгермеймін деген қорқыныш болған ба екен, әлде… Мира өз ұлтының нағыз патриоты еді. Бейбіт уақыттағы соғыстың алдыңғы шебінде жүрген жауынгерлер секілді Аза тұту күні өмірден өткені оның елін, жерін қаншалықты сүйгенін көрсетіп тұрғандай… Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын, Мира!

Гүлзина БЕКТАС