2011 жылдан бастап, тоғыз жыл бойы «Литер» газетінің беттерінде ол оқырмандарға мәдениет және өнер қайраткерлері туралы тұшымды мақалаларын, ой-толғамдарын жариялап келді. Кешегі күнге дейін басылымның 8-парағы Мира Мұстафинаның қолтаңбасынсыз шықпайтын. Онсыз газетті елестету де мүмкін емес еді.
Ол кәсіби журналист ретінде бір ғана тақырыптың аясында шектеліп қалған жоқ. Мәдениет, туризм, киноиндустрия, әскери мәселелер, әйелдер құқығы және тағы басқа өзекті мәселелерді қозғап, басылым бетінде жиі жариялап отырды. Ол журналист ғана емес, белсенді қоғам қайраткері еді.Елдік мүддеге қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетті
– Мира Мұстафина – еліміздің баспасөз саласының майталманы, кәсіби деңгейі биік журналист, жүрегі «Ел» деп соққан қазақтың қайраткер қызы. Мира туралы өткен шақта әңгіме айтамын деп ешқашан ойламаппын. Мираның қазасы – бәріміздің жүрегімізді ауыртты. Өзінің саналы ғұмырында адамгершілік, еңбекқорлық, жауапкершілік, кәсібилік қасиеттерді өмірлік мұратына айналдыра білді. Әсіресе, «Литер» газетіндегі шығармашылық қызметіне тәнті болғаным сондай, әрбір мақаласын бар зейініммен оқитынмын. Мираның жазған дүниелері оқырман санасына ерекше әсер ететін күшке ие болды. Себебі өз мақалаларында біз өмір сүріп отырған қоғамның өзекті мәселелерін дөп басып жазған Мира – ұлтқа, елдік мүддеге қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетті. Өзінің журналистік шығармашылығында өнер мен мәдениет кеңістігі хақында көп жазды. Әсіресе, театр өнеріне қатысты пікірлері мен талдау материалдары арқылы өзінің кәсіби деңгейін көрсете білді. Халықаралық театр фестивальдеріне қатысып, сахна өнеріндегі уақыт пен кеңістік мәселелерін зерделеп, өзінің көкейге түйген ойларымен бөлісетін. Қазақстанның өнері мен мәдени кеңістігін насихаттаудағы еңбегі бағаланып, биыл «Мәдениет саласының үздігі» белгісіне ие болған еді. Мираның сұхбаттары – өзгеше бір әлем. Өз кейіпкерлерінен сұхбат алар кезде, сол тұлғаны зерттеп, зерделеп барып адамдардың жансарайындағы сырлары мен ойларын қағаз бетіне түсіруде хас шебер болатын. Кейін сол өз кейіпкерлерімен шынайы досқа айнала алатыны тағы бар. Бір ғана мысал, мүгедек анасын аялап бағып келе жатқан Мақсат Айманов туралы материал дайындап, сұхбат алу кезінде жас жігіттің тағдырына егіле жылағаны көз алдымда. Адамдарға мейірімін төгіп, әрқашан көмекке мұқтаж жандарға қолдау білдіруге ұмтылатын Мираның адами болмысы, ақ жүрек қалпы, кісілік пен кішілікке толы келбеті – жүрегімізде сақталады. Болашақта жас журналистер арасында «М.Мұстафина атындағы арнайы сыйлық» тағайындалса, нұр үстіне нұр болар еді. Өз мамандығының абыройын асқақтатқан Мира елінің құрметіне әбден лайық. Бұл бір жағынан, М.Мұстафинаның есімін мәңгі есте сақтау үшін және оның шығармашылығын дәріптеу үшін қажет. Мира – кәсіби журналист ретінде өзінің нағыз мемлекетшіл тұлға екенін дәлелдеп кетті. Осы мемлекетшіл болмысының өзі жастарға жарқын үлгі. Мираны халқы әрқашан сағынатын болады. Лариса ҚОНЫСБАЕВА, әріптесі:Дүние сенсіз бос қалғандай…
«Литер» газетінде – ауыр қайғы. Былтыр 13 шілдеде әріптесіміз, газеттің шолушысы Мира Құдабаева-Мұстафина өмірден өтті. Онымен біз 10 жылдай бірге жұмыс істедік. Осы жылдар ішінде оның саналы ғұмырын журналистикаға арнағанына көз жеткіздік. Бір материал дайындау үшін жердің бір түкпіріне баруға дайын болатын. Еліміздің әр аймағында оның достары бар. Ол жақсы дос бола білді. Күні кеше әлеуметтік желі бетінде оны жоқтаған жазбалар толып кетті. Өйткені Мира – журналистерге ғана танымал адам емес. Ол мәдениеттің жілігін шаққан адам болғандықтан, мәдениетке қатысы бар жанның бәрі оның жанкештілігін жақсы білетін. Оны тағы бір ерекшелеп тұратын нәрсе – әскери тақырыпқа қалам тербегені. Иракта бітімгершілік миссиясында ерлікпен қаза тапқан інісі Қайрат Құдабаевтың есімін мәңгілікке қалдыру үшін халықаралық масштабта еске алу шараларын өткізді. Өткен жылы ғана ол өзінің көпжылдық арманына қол жеткізген еді. Інісін еске алуға арналған халықаралық деңгейдегі айрықша әскери көрме ұйымдастырды. Оның сүйікті тақырыбының бірі – денсаулық сақтау саласы. Ол бұл саланы көп жылдар бойы зерттеді. Біз оны медициналық энциклопедия деп атадық. Ол әрқашан салауатты өмір салты туралы кеңес беріп жүретін. Өзі де бұл режимді қатаң ұстанды. Күндігіне 10 мың қадам жасау және ерте тұру – оның стихиясы болатын. Ол онкологиялық ауруды жеңіп, науқастарға жиі көмектесті. Ең ауыры, оның коронавирусты жеңе алмағаны. Қаншама дәрігерді жақсы таныса да, өзін осынау дерттен құтқара алмады. Неге? Қалайша? Миымызды осы бір сауалдар жегідей жеп барады. Ол өмір сүруге асыққандай көрінеді. Соңғы уақытта көптеген материалдар жазды, ол ешқашан бұлай көп жазған емес. Бұл жыл – ол үшін ең жемісті жыл болды. Енді ол жоқ… Тақырыптары да бітіп қалғандай… Бойында аяқтап үлгермеймін деген қорқыныш болған ба екен, әлде… Мира өз ұлтының нағыз патриоты еді. Бейбіт уақыттағы соғыстың алдыңғы шебінде жүрген жауынгерлер секілді Аза тұту күні өмірден өткені оның елін, жерін қаншалықты сүйгенін көрсетіп тұрғандай… Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын, Мира!Гүлзина БЕКТАС