Жайылым жерлер эрозияға ұшырап жатыр
Жайылым жерлер эрозияға ұшырап жатыр

Әлемде су тапшылығы басты мәселеге айналды. Өзен-көлдердің суы таязданып, қар мен жаңбырдың сирек болуы құрғақшылықтың артын қуаң­шылыққа ұластырып тұр. Батыс өңірлердің топырағы эро­зияға ұшырап, кей аудан-ауыл­­­дарда төрт түліктің тісіне ілі­­гер көкті көрме­геніміз­ге бі­раз жыл болды. Маң­ғыстау мен Атырау, Қызылорда об­лыс­­­та­рында қуаңшылықтың ар­­ты жұтқа айналып кету қаупі бар.

Бұған биыл Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында ірі қара малдың мыңдап өлуі дәлел. Қуаңшылық – табиғи жағдай екенін ескерсек те, қамсыз қалу – төрт түлік малдан айырып, халықты азығынан қағып тентіретіп жібе­ретінін түйсіне алмай келеміз. Осы енжарлық күні кеше Ауыл шаруа­шылығы министрі Сапархан Ома­ров­ты отставкаға кетірді. Маңғыстаудың өзінде жаппай қырыл­ған малдың саны 3 мыңға жетті. Қуаң­шылықтан зардап шегіп отырған елге мал азығын саудалау­шылар бір тонна шөптің орташа бағасын 23 мың теңге, ал кейбір аймақта 42 мың теңге етіп, пайда көре бастады.

Батыс өңірдегі екі аймақтың басындағы қазіргі хәлді Атырау аймағы да өткеруі де мүмкін деген болжамдар айтылып жатыр. Алайда сәуір айында молынан жауған тұщы жаңбыр биыл атыраулықтар үшін үлкен олжа болып тұр. Бұл Нарын бойы аумағындағы жайылымдық жерлерде көкті көбейтіп, төрт түлік малдың әзірге қарны тоқ. Нарын аумағындағы шаруа қожалық иесі Нұрхат Құмарбековтің айтуынша, наурыз-сәуір айында жауған тұщы жаң­бырдан соң көк қаулап шығып, жылқы мен қой еркін жайылып жатыр.

Малдың қыстық азығы да осы жайылымдық жерден дайын­далады. Ал кебек жемді Қостанайдан 20 келісін 1 800 теңгеден сатып алып отыр. Исатай ауданы әкімінің орын­басары Еркебұлан Нұрланұлының айтуынша, ау­данда 292 шаруа қожалығы тіркелген. Ауыл шаруа­шылығы жалпы өнімінің көлемі 2,7 млрд теңге болып, жалпы өнім шы­ғарылымы 102,5 пайыз болып отыр. Жеке тұрғындар мен шаруа қожа­лық­тары бо­йынша мал қыс­тағына қажетті 78,6 мың тонна пішен­нің 14 пайызы дайындалды. Мал азы­ғы­ның 60 пайызы көршілес Батыс Қазақстан облысынан, 40 пайызы аудандағы құм өңірінен дайын­далады. – Құрманғазы ауданындағы шекаралас аймақта Теңіз жағасын­дағы Новинск аймағында Шекара заставасының және Құрманғазы ауданы әкімдігі келісімі арқылы тұрғындарға шөп шабуға орын белгіледік. Округ әкімдіктері арқы­лы хабарланып, шөп шабу науқа­нында сол аймақтан ұйымдастыру жоспарланып отыр. Ауданның 35 пайыз төрт түлік малы Нарын құмы өңірінде орналасқан.

Биылғы көктемгі мезгілде жауын-шашын­ның жерге мол түсуінен құмды өңір­де мал азығының тапшылығы байқалмайды. Қысқы мал азығы да сол өңірден дайын­далады. Қалған 65 пайыз төрт түлік мал қатқылда тіркелген. Бұл өңірдегі мал­дар­дың бір бөлігі Каспий теңізі жағалауын­да, енді бір бөлігі аудан аумағында, канал жағасында жайылады. Есепті мерзімде 600 га (13 шаруа қожалығы) лимандық алқап­тардағы көлтабан­дарға суару-суландыру жүйелерінен су шығару арқылы табиғи шабын­дықтарды пайдаланып, мал азық­тарын дайындау жоспарда тұр, – дейді Еркебұлан Нұрланұлы.

Атырау облыстық Ауыл шаруа­шылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламаттың айтуынша, 2021 -2022 жылдарға 573 740 мың тонна ірі сабақты мал азығы қажет болса, оның 22 055 мың тоннасы – былтырдан қалған азық қоры. Нақты дайындалатыны – 551 685 мың тонна. Өңірде жауын-шашынның болмауы, өр суларының келмеуіне байланысты жергілікті жерден мал азығының 52,4 пайызы ғана дайындалады. Көршілес Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының аумағынан 12,9 пайыз пішен дайындалса, 176 568 мың тоннасы сатып алынады. Атырау мал азығының 30,7 пайызын сатып ала­ды. Орташа 1 орамның құны 8-15 мың теңгенің айналасы. Ірі сабақ­ты мал азы­ғына дайындық жұмыстары қала және ау­дандарда жүргізіліп жатыр. Қызылқоға ауданы бойынша 6 455 мың тонна шабылды. 1 орамның құны – 6 мың теңге. Жердің киесі бар. Оны баптай білсек, малға өріс, елге құт. Қазір Атырау облысы аумағының 80 па­йызы – жайылым және шабындық жерлер. Бұл ауқымды алқаптар­ды өз мақсатында пайдаланса, арзан да сапалы мал өнімдерін өндіруге жеткілікті. Кейінгі жылдардағы дерек бойынша, облыстағы барлық санаттағы құрылым мен қосалқы шаруашылықтар аталған алқап­тар­дың 35-40 пайызын пайдаланып жатыр. Олардың көп бөлігі құмды және сазды жерлерге, шөл және шөлейт аймақта орналасқан. Қосыбек ИРЗАҒАЛИЕВ, Ауыл шаруа­шылығы ғылымдарының докторы: – Биылғы көктемгі тұщы жаңбыр мал шаруашылығы үшін едәуір көмек болып тұр. Әсіресе, Нарын бойындағы жайылым жер­лер­дегі малшылар үшін үлкен олжа болды. Нарын бойындағы жер­лердегі мал жайылымдары ежелден бері мал жаюға құтты мекен болып келген. Кеңес Одағы кезінде бұл өңірлерге мал қыстату, қоныстану шаруашылықтар мен жеке мал­шы­лар арасында талас-тартыс туғы­затын. Қазір осы жерлердің көп­шілігі бос жатыр, пайдаланылмайды.

Оның себебі облыста мал басының азаюы, бұрынғы жайылым алқап­тарда тұщы жерасты су көздерінің сарқылуы және экологиялық, антропогендік факторлар әсерінен болып отыр. Қазіргі кейбір шаруа қожалықтары малдарын шалғай, құнарлы жайылымдарға шығаруға көңіл бөлмейді. Бүгінде заманауи мал шаруашылығын қарқынды дамыту үрдісінде ежелгі бабалар әдісінің ескерілмеуі өкінішті. Ал қысы-жазы бір орында отырған­дық­тан жер тозып, мал азықтық өсім­діктердің түрі азайып, жайы­лым­дар шаруашылық айналымынан шығып, жаппай эрозияға ұшырап жатыр.

Осы бағытта нақты жұмыстар жүр­гізуде тереңде жатқан жерасты су­лардың көздерін табу жұмыс­тары­на аса көңіл бөлген дұрыс. Облыс көлемінде бұл жұмысты жүр­гізу ғарыштық зерттеулер түсі­рілімдеріне сүйенсе ғана шешілетіні сөзсіз. Бұл инвесторлы Атырау ай­мағы үшін аса көп шығын да әкелмейді. Ал төрт түлік мал санын азайтып алсақ, оның орнын толтыру үшін қыруар қар­жы керек болары айтпаса да түсі­нікті. Қалай десек те, жергілікті ат­қарушы билік бұл мәселені шешуге бі­лек сыбана кіріспесе, шаруа қо­жалықтары    мал­ын шалғай жат­қан құнарлы жайы­­лым жерлерге шы­ғарып бақпаса, шынды­ғында да Маң­­ғыстау мен Қызылордадағы жұт­тың белгісі Атырауға да жетпесіне еш­кім кепілдік бере алмайды.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы