Еліміздің батысы мен оңтүстік облыстарындағы ауыл шаруашылығын тұралатқан қуаңшылық Ақмоланы да айналып өтпеді. Жауын-шашынның аздығы мен ауыл шаруашылығы дәнді-дақылдары мен шабындықтардың қазіргі жағдайы алаңдатарлық. Әсіресе, соңғы апталарда болған қатты ыстық пен өрт оқиғаларының жиілеуі мал жайылымы мен шабындық жерлерді тақырлап кеткен. Мұнымен қоса жер емген диқандардың да еткен еңбегін еш кетіруі бек мүмкін. Мал өсірумен айналысатын шаруа қожалықтарымен қатар ауылдағы бес бас малына шөп шабу қиындаған ауылдағы ағайын қайтерін білмей дал. Ал аграрлық сала мамандары дабыл қағатын жағдайға жеткенін айтады.
Қысқы жемшөбін қалай жинарын білмей қиналған жұрт толғандырған жағдайын ашына айтты. Айтуынша, биыл жылда шабатын шабындықтары сұйылып кеткен. «Биыл жаңбыр болмай, шөп аз шықты. Жылда шамамен 400 орам шөпті қиналмай орып алатынбыз. Бірақ биыл аса қиын болғалы тұр. Осы уақытта шөп шауып, қажет шөптің жартысына жуығын үймелеп қоятынбыз. Ал биыл кейбір жер, тіпті тақырланып кеткен. Өте сұйық. Селдіреп шыққан шөп малға жұқ болмайтын түрі бар. Жаңбыр болса, астынан жаңа шөп шығып, қыркүйек айына таман шаппасақ, басқа амал қалмай тұр. Кәсібіміз әрі табысымыз осы болған соң, мал шаруашылығымен әрі егінмен айналысатын біз үшін аса қиын», – дейді Бурабай ауданы Мезгілсор ауылының тұрғыны Мұратбек Қошығұлов. Аталған мәселе «Nur Otan» партиясының жанындағы аграрлық секторды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысында да талқыға түсті. Ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруашылық серіктестіктер мен шаруа қожалықтарының жағдайы мүшкіл болып жатқанын облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркеш Әленов те мойындады. Оның айтуынша, көктемгі дала жұмыстары өңірдің барлық ауданында жоспарланған егістік алаңдарында уақытылы аяқталған. Егістік егетін шаруашылықтардың бәрінде егістік аумақтар өткен жылдардағымен салыстырғанда біршама ұлғайған. Алайда биылғы егін көктей бастайтын мамыр-маусым айларында жауған жаңбырдың аздығы шаруаларға оңайға соқпапты. «Қазгидромет» РМК-нің Ақмола облысы бойынша филиалының мәліметінше, мамыр және маусым айларында жаңбыр аз болды. Ауа райын болжау орталығының деректері бойынша, шамамен 13,1 және 19,1 миллиметр көлемінде ғана болған. Кейбір аудандардағы шаруа қожалықтарында мүлдем тамшы да тамған жоқ. Бұл ауылшаруашылық саласына елеулі нұқсан келтіреді», – дейді Ақмола облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркеш Әленов.Шаруалар дабыл қағып жатыр
Ауыл шаруашылығы басқармасының деректеріне сенсек, осы жылдың сегізінші шілдесіндегі соңғы мәлімет бойынша облыс аумағындағы 1,8 миллион гектар, яғни шамамен 40 пайыз жердің жағдайы жаман емес. 2,5 миллион яғни өңірдің барлық ауыл шаруашылығы жерлерінің 55 пайызы қанағаттанарлық. Ал 228,1 мың гектар яғни, 5 пайыз жер құнарлығынан айырылып, мүлде нашар күйге ұшыраған. Дегенмен «Қазгидромет» РМК филиалының ұзақмерзімді болжамдары бойынша шілде және тамыз айларында орташа жылдық мөлшердегі жауын жауып, бұл егістік алқаптары мен шабындықтардың жағдайын қалпына келтірмек. «Көрсеткіштер күн сайын өзгеріп отырады. Бұйырса жауын жауса, астынан жаңадан шығатын өскіндер мен жүгері сияқты дақылдар мен шөп шабу науқанын жақсартуға мүмкіндік бере ме деген ойымыз бар. Қазіргі уақытта Ерейментау, Қорғалжын, Атбасар, Жақсы және Есіл аудандарындағы жағдай күрделі болып тұр», – дейді басқарма мамандары. Ауылдағы шаруалардың жағдайы мәз емесін «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары да мойындады. Оның айтуынша, шаруалар қазірдің өзінде егін түсімінің аз болатынын айтып дабыл қағып жатыр. «Мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары мен серіктестіктердің малына жемшөп жетіспейтіні қазірдің өзінде анық байқалып тұр. Қуаңшылық жағдайды күрделендірсе де қиындықтан шығудың жолын қарастыру қажет. Егістік алқаптарында қалған сабанды сығымдап халықты қамтамасыз етпекпіз. Егін егетін диқандар сабанды ұнтақтамауы тиіс. Бұл туралы бәріне хабарланды», – деп толықтырды Еркеш Әленов. Басқарманың деректері бойынша жемшөптің жеткіліксіздік қаупі әлі де бар. Облыстың жемшөп қажеттілігі шамамен 1 миллион 181 мың тонна болса, соның әзірге тек 35-40 пайызы ғана әзірленген. Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта іргелі шаруашылықтар жемшөбін әзірлеп жатыр. Ал жекеменшік сектор шілденің соңынан қыркүйекке дейін шөп шаппақ.Жемшөп тапшылығы малдың азаюына әкеледі
«Аудан әкімдеріне ауылдық округтерді аралап түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Қазір қандай шөп болса да қарайтын жай жоқ. Құрғақ қамыс болсын, шаба беру қажет. Бұл күрделі жағдай ұзақ уақытқа созылған ыстықтың салдары болып отыр. Жемшөптің тапшылығы тіпті малдың азаюына, өлім-жітімге ықпал етуі ғажап емес. Мәселені жедел шешу үшін жергілікті масштабта төтенше жағдай жариялау да артықтық етпейді», – дейді басқарма басшысы Еркеш Әленов. Сала мамандарының пікірінше, төтенше жағдай жариялау шабындыққа жарамды жайылымдар мен мал басы бар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері арасында әрі жеке қосалқы шаруашылықтары бар ауыл адамдары үшін тегін бөліп беруге мүмкіндік береді. Бұл – ауыл шаруашылығындағы қалыптасқан күрделі жағдайды шешу үшін мәжбүрлік. Ал облыстағы осы салаға жетекшілік ететін әкім орынбасарының мәліметінше, аудандарда барлық тиісті шара жүргізіліп жатыр. «Жергілікті атқарушы органдар жағдайды реттеу үшін барлық мүмкіндікті қарастырып жатыр. Қуаңшылықтың салдары күн санап өсіп барады. Біз жауын күтіп отырмыз. Ірі ауылшаруашылық тауар өндірушілерінен ауылдағы шартты пай иеленушілерін жемшөппен қамтамасыз етуін сұрап жатырмыз. Облыс әкімінің тапсырмасымен барлық ауданда жемшөптің әзірленуіне мониторинг жүргізетін жедел штабтар құрылған», – дейді Ақмола облысы әкімінің Ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов. Ал жығылған үстіне жұдырық болғаны облыстың бірқатар ауданында киіктер күрделендіріп жіберген. Егістік алқаптарын таптап кеткен жануарлар шаруаларды орасан шығынға батырған. Әсіресе, Атбасар өңірінен Астрахан ауданына қарай ауған киіктер таптап кеткен егістер көп. «Бұл жағдай бірнеше жылдар бойы қайталанып келеді. Өткен жылдары шамамен 10 мыңдай киік болса, қазір олардың саны 20 мыңға жетіп жығылған. Киіктер, тіпті Астрахан арқылы елордаға жетіпті. Оның «Қызыл кітапта» болуы да жағдайды қиындатып тұр. Екі жылдан бері киіктерді өнеркәсіптік мақсатта ату үшін келіссөздер жүргізіп келеміз. 2023 жылдың 1 қаңтарынан жүзеге асырылатын шешім де бар. Ал қазір әр шаруа өз жерін өзі қорғауға мәжбүр», – деп толықтырды Ғалымжан Әбдіхалықов. P.S. Биыл облыстың ауыл шаруашылығына 70 миллиард теңге көлемінде мемлекеттік қолдау берілген. Оның ішінде 39 миллиард теңге қаражат жәрдемақы және 31 миллиард несиелеу жолымен ұсынылыпты. Өңірде шөп шабу үшін қосымша 10 мың тонна жанармай сұралған. Жиын қорытындысында шөп шабу үшін техникамен қамтамасыз ету мәселесі де көтерілді. Алдын алу шаралары күрделі жағдайдың алдын ала ма? Бұл алдағы уақыт еншісінде...Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы