Әкімдер сайлауынан не күтуге болады?

Әкімдер сайлауынан не күтуге болады?

Елімізде әкімдердің алғашқы сайлауы сынақ ретінде 1999 жылы ұйымдастырылды. Содан бері ауыл әкімдерінің сайлауы аудан басшысының ұсынуымен мәслихат депутаттарының дауыс беруі арқылы жанама түрде өткі­зіліп келді. Дегенмен соның өзін­де тосынсыйлар болып тұр­ды: әр жылдары сайлауларда бірқатар өңірде аудан басшылары ұсынған үміткерлер мен бұрынғы іс ба­сын­дағы әкімдер емес, басқа адам­дар сайланып кеткен кездер кез­десіп жататын.

Ал қазіргі тіке­лей сайлау барысында мұндай күт­пеген жағ­дайдың көп бола­тыны тіпті де кү­мәнсіз. Дегенмен заңда ауыл әкім­дерін сайлаумен бірге, оларды ор­нынан алып тас­тау механизмі де жазылған, сон­дықтан «кез­дей­соқ» сайланып кет­кен ондай жай­сыз қызмет­кер­лерден құтылу­дың амалдары да дайын.

Халықтың белсенділігі артады

Ауыл әкімдері сайлауының маңы­зы сол – қазірге дейін тәуел­­­­­сіз Қазақстанда тек Прези­дент сайлауы тікелей дауыс беру жүйесі арқылы жүргізіліп кел­ді. Атқару­шы биліктің басқа тар­мақтарының бәрінің бас­шы­лары не жоғарыдан тағайын­дала­ды, не солардың ке­лісімі арқылы бекітіледі. Мем­ле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас­шылығымен жүр­гізіл­ген саяси ре­форманың негі­зінде енді ау­дандық маңыздағы қалалар­дың, кенттердің, ауылдар­дың, ауыл­дық округтердің әкім­дерін сайлау ті­келей дауыс беру арқылы өткі­зіле­тін болды. Шілде айында елімізде ауыл әкімдерінің сайлауы басталады. Бұл саяси науқанның бұрынғыдан басты ерекшелігі – халық тікелей дауыс беру арқылы өз­дері қалаған үміткерін таңдап алады. Алайда ауыл халқы әкім сайлауына дайын ба? Трайбализм, жерлестік өршіп кетпей ме? – Бұл шаралар азаматтардың сайлау құқын айтарлықтай кеңейтіп, олардың саяси мәдениеті мен электоралдық бел­сенділігін арттыра түседі. Осы шаралар электораттың жергілікті жердегі өмірдің жақсаруына қатысуын белсендіріп, әкім­нің қызметіне бақылауды күшей­теді. Сайланған әкімдер халықтың еркіне тәуелді болады,– дейді мә­жілісмен Ерлан Саиров. Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, ауыл әкімдерінің сайлауы 25 шілде күніне белгіленген. Бұл күні республика бойынша 730 әкімдікке үміткер дауысқа түседі, сосын жыл аяғына дейін жергілікті мемлекеттік басқарудың төменгі деңгейлі орын­тағынан үміткер тағы 45 сайланушының тағдыры шешілуі тиіс. Сондай-ақ 2022 жылы – 351, 2023 жылы – 499, 2024 жылы – 585, 2025 жылы 74 елді мекеннің әкімдері сай­ланады. Қазынадан бұл шараларға 17,6 миллиард теңге бөлінетін болды, оның 4,8 миллиарды 2021 жылға қарас­тырылған.

Open Society қоғамдық қоры жетек­шісі Марғұлан Ермағанбетұлының айтуынша, сайлау жүйесіндегі негізгі ерекшелік – саяси партиялардың ара­сын­да шынайы бәсекелестік тудырту, олардың белсендігін арттыру. Бұрын тек Президент және Парламент сайлауында тірілетін кейбір пар­тия­лар енді үздіксіз болып тұратын әкім сайлауында өз үміткерлері үшін аянып қалмайды.

Сондай-ақ партиялардан басқа өзін-өзі ұсынатын, ауыл болып ұсынған үміткерлердің бағын байламай, сағын сындырмай бәйгеге қосудың да маңызы зор. Саяси додаға әр партия өз үміткерін ұсына алады, бұл саяси ұйымдардың белсенділігі мен партияаралық шынайы бәсе­келестікті арттыратыны сөзсіз. Егер үміткер ешқандай партияның қата­рында болмаса, өзін өзі ұсына алады. Оған жасы 25-тен асқан, мемлекеттік қызметте кемінде бір жыл немесе мемлекеттік орган болып табылмайтын орындарда екі жылдан кем емес еңбек еткен, арнайы біліктілік талаптарына сәйкес келетін үміткерлер түсе алады. Ғылыми дәрежесі бар және Президент­тік кадр резервтеріне алынған тұлғалар үшін мемлекеттік қызмет өтілі болуы міндетті емес. Сайлауға түсетін азаматтардың өмір­дің түрлі күйзелісті жағдайларында орнықты, бастамашыл, жауапкершілігі мол, адал, әрекетшіл және қызметті басқару, шешім қабылдау, стратегиялық ойлау, көшбасшылық қасиеттерге ие болуы керек делінген. Алайда бұл қабі­леттерді анықтаудың ешбір құқықтық шарттары мен мүмкіндіктері жоқ әрі ешбір заңнамалық құжаттарда анық­талмаған.

Күтпеген тәуекелдер болуы мүмкін

Ауылдар аумағы мен халық саны жағынан әртүрлі. Осыған байланысты жер­гілікті бір жерде өткізілген сайлау жағдайы екінші бір ауылдың жағдайы­мен үйлеспей жатуы мүмкін. Кей ауыл­дардың өте шағындығынан немесе шаруасы құлдырап жатқандықтан мұн­дай өлкелерде әкімге лайықты үміт­кердің табылмауы немесе ешкімнің белсеніп шықпауы мүмкін. Ал халық саны 10 мыңнан асатын, бюджеттері қо­мақ­ты кенттер мен қала әкімдерінің сай­лауы кезінде үміткерлер арасындағы бәсекелестік қыза келе, тіпті ашық жау­ласуға ұрындырып жіберуі ғажап емес. Оған қоса, егер үміткерлер бірдей дауыс жинаған жағдайда және әкімдер әртүрлі жағ­дайға байланысты қызметтен боса­тылғанда сайлау қайта өткізіледі. Бұл сайлау комиссияларына қосымша ауырт­палық түсіреді.

Тағы бір назар аударарлық жайт деп, басқа өңірде тұратын, көпшілікке таны­мал емес үміткер тіркелуі үшін электор­ат­тың бір пайыз дауысын жинауы тиіс. Бейтаныс үміткер тіпті оны жинап, сайлауға түскен жағдайда қажетті дауыс ала алмай қалу ықтимал. Сондай-ақ тұрғындардың басым бөлігі бір ғана ұлт өкілдерінен тұратын (ұйғыр, өзбек, орыс, курд, дұңған) моноэтникалық елді мекендерде этникалық алалау­шы­лық болу қаупі үлкен. Мұндай өңірлерде тұрғындардың өз-өзін ұсынған үміткер­лерге наразылық көрсетіп, көтеріліп кетуі де кәдік.

Енді бір айта кететін мәселе, «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнама­лық актілеріне сайлау мәселелері бо­йын­ша өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» заңда сайлау бюллетень­деріне «бәріне қарсымын» деген графа енгізілді. Осы жаңашылдыққа байла­ныс­ты саяси науқан кезінде кейбір нара­зы ауылдардың тұрғындары «бәріне қарсы» болып шықпасына кім кепіл?!

Дәулет АСАУ