Осы жылы қазақ үшін қашанда қастерлі белес – ел тәуелсіздігінің бір мүшелі аталып өтті. Бұл уақытта ұлттық экономика біршама алға жылжып, өмірдің қай саласында да атап өтерлік жетістіктердің шеті көрініп қалды. Егемендік алғандағы алғашқы жылдардағыдай емес, жұмыссыздар қатары кеміп, әлеуметтік сала оңала бастаған. Қазақстан әлеуметтік экономикалық көрсеткіштер бойынша ТМД аумағындағы көршілерден оқ бойы озып кетті. Дүниежүзiлiк банктiң сараптамасына сүйенсек, ел дамуы орта деңгейден жоғары табысы бар мемлекеттердiң қатарына жетті.
Төрт құбыламыз тең
2004 жыл Қазақстандағы Ресей жылы деп аталып өтіпті. Айтып-айтпай не керек, соның дақпыртымен екі ел арасындағы байланыс бұрынғыдан да жақындай түсті. Жыл бойына түрлі деңгейдегі ірілі-ұсақты саяси-экономика бағытында жиындар өткізіліп, терістіктің әнші-бишілері қазақ жеріне толас таппай ағылды, көптеген мәдени шара ұйымдастырылды. Дегенмен Қазақстан тек Ресеймен ғана емес, АҚШ және Батыс әлемімен де, түбі бір түркілік мемлекеттермен де ынтымақтастықты ұлғайтты. Көктемнің соңғы күндерінің бірінде Астанадан АҚШ елшілігі ғимаратының алғашқы іргетасы қаланды. Оған америкалық төтенше және өкілетті елші Ларри Нэппер қатысты. Жаңа елшілік орын тепкен аумақ 10 мың шаршы метр болып, құрылыс жұмысына 90 млн АҚШ доллары жұмсалды... Шілденің шіліңгірінде елордада түркі мәдениеті мен өнерінің бірыңғай халықаралық ұйымы – ТҮРКСОЙ-дың ХХІ мәжілісі өтті. Оған 10-нан аса түркітілдес мемлекет өкілдері келді.Президент резиденциясы бой көтерді
Сәулет өнері жауһарларының бірі саналатын «Ақорда» Президент резиденциясы Арқа төсінде осы жылы бой көтерді. Ол биіктігі 6 метр жасанды жотаның үстіне оқшау салынды. Сырт пошымы классикалық кубик формасына келетін Президент Әкімшілігі орталығының жалпы ауданы – 36 720 шаршы метр. Ғимарат ең соңғы заманауи әдістерге және озық инженерлік құрылғыларға негізделіп, монолиттік бетоннан тұрғызылды. Оның көкке шаншылған үшкір төбесіне дейінгі биіктігі – 86 метр. Ғимарат жер үстіндегі бөлігі бес қабатты және жер астындағы бөлігі екі қабатты үйден тұрады.Қазақ шойынжолына ғасыр толды
Осы жылы қазақ теміржолы бір ғасырлық мерейтойын атап өтті. Осынау айтулы датаның құрметіне орай төрт мыңнан астам теміржолшыға мерекелік медаль тапсырылды. Теміржолшылар мерекені тек салтанатты жиынмен емес, толайым табыстармен де ерекшелендіріп қарсы алды. Сәуір айында «Астана–Алматы» бағытында қатынайтын «Тұлпар» жолаушылар жүрдек пойызы алғашқы сапарға аттанды. Қарашаның 9 жұлдызында Ақтау портынан Құлсары стансасына аса үлкен көлемді, биіктігі төрт қабатты үйдей жүктерді жеткізген қазақстандық шойынжолшылар әлемдік рекордты жаңартты. 30 қарашада Арқа стансасында Алтынсарин–Хромтау жаңа теміржол желісі ашылды. Егер бұған дейін Қазақстанның орталық бөлігінен шыққан жүкті Қазақстанның батыс өңірлеріне жеткізу үшін Ресей аумағын басып өту керек болса, енді жаңа желі арқылы ел аймақтарын тікелей жалғауға мүмкіндік туды. Соның арқасында жылына 160 млн доллар көлемінде қаржы үнемделді. Тәуелсіздік күнін мерекелеу қарсаңында Астана вокзалының алдында тарихи экспонат – Эш-4161 сериялы паровозы орнатылды.Тың туралы тың деректер
2004 жылы Қазақстан тарихында айрықша кезеңнің бірі – Тың және тыңайған жерлерді игеру оқиғасына 50 жыл толды. Қазіргі 36 млн гектар егістік жердің 25 млн гектарына алғаш рет жарты ғасыр бұрын түрен түскен еді. Айта кетейік, коммунистік есерсоқ саясаттың ұранымен дәл осы алаулатқан-жалаулатқан жылдары қазақ даласы аяусыз сойқандалды. Талай құнарлы өлке аяусыз жырымдалып, шабындық пен жайылымдардың көбі іске алғысыз болып қалды. Оның зардаптарын әлі күнге көріп келеміз. Қалай болғанда да, бұл – біздің халықтың басынан өткен тарих, қиянатты тарих. Осыған орай тың игерудің жарты ғасырлық мерейтойы аталып өтіпті. Оның салтантты шарасына Елбасы Н.Назарбаев қатысып, маңызды сөз сөйледі.«Мәдени мұра» – ұлт мұрасы
Жыл басында Президент «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы туралы Жарлыққа қол қойды. Аталған мемлекеттік бағдарлама мәдени, экономикалық және әлеуметтік капиталға, жалпы адамзаттық мәдениеттің құрылымдық бөлігіне, этнос, қоғам, адам дамуына, тарихи ескерткіштерді қорғауға арналған негізгі құжатқа айналды. Бағдарламаны қабылдағаннан кейін 2004 жылы 51 тарихи және мәдени ескерткіштің реставрациялық жұмысы аяқталып, 39 қалашық пен қорғандарға археологиялық зерттеулер жүргізілді. Республиканың 218 нысанды қамтыған тарихи-мәдени және тарихи ескерткіштерінің мемлекеттік тізімі жасалды. Ұлт мәдениеті үшін аса маңызды 30 сәулеттік және археологиялық қосымша ғылыми зерттеулер жүргізілді. Сонымен қатар қазақ киносы тарихында үлкен жаңалық болды. Голливуд пен «Қазақфильм»-нің бірлескен туындысы – «Көшпенділер» фильмінің алғашқы түсірілімі аяқталды.ҰБТ енгізілген жыл
2004 жылы Қазақстанның білім саласында жаңашылдықтар болды. Алғаш рет Ұлттық бірыңғай тестілеу енгізілді. ҰБТ-ның нәтижесі жалпы және орта білім ұйымдары бойынша мемлекеттік аттестацияның қорытындысы ретінде есептелінді. Аталған тестілеу жалпы білім беру саласының сапасын сырттай бақылайтын тәуелсіз жүйе ретінде қалыптасты. Түлектердің жоғары оқу орындарына түсу мүмкіншілігі және қорытынды аттестатының бағасы ҰБТ-да алған балының санына байланысты жүйеленді. ҰБТ «Болашақ» президенттік шәкіртақыны алуға да мүмкіндік береді. Ұлттық бірыңғай тестілеу кезеңі бес лектен тұрды және 125 балдық шкаламен бағаланады. Оқушылар бір күннің ішінде бес пәннен тест тапсырды. Әрбір пән 25 сұрақтан тұрды. Тестің жүргізілуіне 3,5 сағат, яғни 210 минут беріледі.Қытайға мұнай құбыры тартылды
Ел экспортының 60 пайызын шикізат экспорты екенін, оның басында мұнай мен газ сатылымы тұрғанын ескерсек, бұл оқиғаның экономикамыз үшін аса айрықша болғаны даусыз. Қазақстан мен Қытай арасындағы мұнай мәселесіне қатысты ықпалдастық осы жылдары ерекше қарқын алды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚХР-ға барған сапары кезінде екі елдің ұлттық мұнай компаниялары арасындағы мұнай құбыры құрылысын бастау туралы келісімшартқа қол қойылды. Мұнай желісінің алғашқы құбыры 2004 жылдың 28 қыркүйегінде жерге төселді. Бұл оқиғаны әлемнің ақпарат құралдары жарыса жазып, «ғасыр жобасы» деген ат қойып, айдар тақты. Қазіргі күні Атасу (Қазақстан) мен Алашаңқай (Қытай) арасын жалғап жатқан осы мұнай құбырының магистралі арқылы Қазақстан жылына 20 млн тоннаға дейін көмірсутегі шикізатын экспорттау мүмкіндігіне ие болды.