Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданының әкімдігі 5 миллион теңгенің пәтерін 30 миллионға сатып алмақ болған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов айтты.
«Мұндай баға тіпті елордада да болмаған. Біздің ұсынысымыз бойынша баға 6 есеге (5 млн теңге) түсірілді», – деді Марат Ахметжанов. Агенттік төрағасының айтуынша, бағаны бұлайша қолдан көтеру келісілген параны өтеу үшін қолданылуы мүмкін.Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп конкурстық сатып алу бағаларына мониторинг пен талдау жүргізген. Қорытындысында біршама түсініксіз жайтқа тап болған. Мысалы, Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданының әкімдігі ауданы 40-тан 60 шаршы метрге дейінгі пәтерді 30 млн теңгеге сатып алуды жоспарлаған.
«Өткен жылы бағаны асырып көрсетудің шығындары 40 млрд болса, биыл жарты жылдың өзінде 36 млрд теңгенің алшақтығы анықталып отыр. Іс жүзінде бұл проблемалық сигнал. Бағаны көтеру – пара алу және қайтарудың алғашқы қадамы», – деді Марат Ахметжанов.
М.ҚАЙРАТ