Air Astana 2021 жылдың бірінші жартыжылдығын оң нәтижемен аяқтады
Air Astana 2021 жылдың бірінші жартыжылдығын оң нәтижемен аяқтады
148
оқылды

2021 жылдың бірінші жартыжылдығында Air Astana қазақстандық компаниялар тобының кірісі (EBITDAR*) 91,1 млн АҚШ долларын құрап, 2020 жылдың дәл осы кезеңіндегі 9,9 млн АҚШ доллар көлеміндегі шығынға қарағанда өсім көрсетті. Жолаушылар легі 91 пайызға артып, 2,97 млн адамға жетті. Оның 2,5 млн жолаушысы ішкі бағыттар бойынша тасымалданып, нарық 125 пайызды құрды.

Оң нәтижелер туралы Air Astana президенті Питер Фостер былай деді: «Air Astana мен FlyArystan екі бренді ішкі бағыттар бойынша өзін жақсы қырынан көрсетті. Нарықтың сенімді өсімі мен қазақстандықтардың теміржол тасымалына қарағанда әуе тасымалын таңдауы Қазақстанды әуе тасымалының жедел өсіп жатқан ішкі нарығына айналдырды. Жолаушылар айналымы 2019 жылға қарағанда 31 пайызға өсті. Бұған FlyArystan-ның төмен бағадағы тарифі сеп болды». FlyArystan 2019 жылы мамырда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша жұмысын бастады. – Нәтижелердің жақсаруына аймақтық бағыттар табысының артуы, Мальдив аралдары, Қызыл теңіз, Черногория, Дубай, Түркия, Грузия мен Шри-Ланка сияқты курорттық бағыттарға сұраныстың артуы, сонымен қатар Boeing 767 жартылай жүк ұшағы орындайтын жүк чартерлері жақсы әсер етті, – деді компания басшысы. Дегенмен Фостер екінші жартыжылдықтың нәтижелерін сақтықпен болжайды.  «Қазақстанда және басқа да мемлекеттерде коронавирус инфекциясын жұқтыру деректері артты. Қалыпқа келудің тұрақтылығы Covid-тің жаңа штамдарының пайда болуы мен жаппай вакциналау нәтижелеріне орай өзгеруі мімкін».  
Air Astana – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ (51%) мен BAE Systems (49%) ортақ мекемесі. Компаниялар тобының флотында Boeing, Airbus пен Embraer сынды 36 ұшақ бар. Оның ішінде 10 Airbus 320 әуе кемесін FlyArystan қолданады.

 ______

*EBITDAR – жалдау төлемге, амортизацияға, тозуға, пайызға, салыққа дейінгі пайда.