Air Astana 9 жастағы баланың өліміне қатысты түсініктеме берді
Air Astana 9 жастағы баланың өліміне қатысты түсініктеме берді
©А.Беков
241
оқылды

Air Astana 9 шілдеде Шымкент-Алматы бағытындағы KC972 рейсінде болған қайғылы жағдайға қатысты түсініктеме берді.

KC972 рейсі Шымкенттен Алматыға 9 шілде күні жергілікті уақыт бойынша 10:00-де ұшты. Анасы мен 9 жасар баласы ұшақтың бизнес класына отырды. Ұшу ұзақтығы 1 сағат болған. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады. Баланың ауыр жағдайы мен диагнозы туралы ақпарат әуекомпаниясына алдын ала берілмеген. Баланың анасы мүгедектер арбашасын тек отырғызу кезінде ғана сұраған және баланың денсаулығы туралы айтпаған. Ұшу кезінде баланың жағдайы кенет нашарлап, өңі бозарды. Бортсеріктер көмек көрсету ережелеріне сәйкес ұшақта дәрігер бар-жоғын анықтап сұрады. Дегенмен жолаушылар арасында медицина қызметкерлері болмай шықты. Сол кезде ережеге сәйкес, бортсеріктер балаға оттегі маскасын қосып, алғашқы көмек көрсетті. Ұшақ қонарда баланың жағдайы нашарлағандықтан дефибриллятор қолданып, жүрек-өкпе реанимациясы жасалды. Әуе кемесінің командирі апаттық жағдай туралы жариялап, Ішкі істер басқармасына хабарлама берді. Оның сұранысы бойынша ұшаққа қонуға басымдық беріліп, әуежайда жедел жәрдем дәрігерлері қарсы алды. Өкінішке қарай, жасалған көмекке қарамастан бала қайтыс болды. Кейінірек балада қатерлі ісік болғаны анықталды. Оқиғаға байланысты тиісті органдар тексеріс жүргізеді. Аir Astana әуекомпаниясы баланың туыстары мен жақындарына көңіл айтады.

Компанияның баспасөз қызметі барлық экипаждарының алғашқы көмек көрсету бойынша жаттыққаны туралы хабарлап, жолаушылардың есіне салды. Әр ұшақта медициналық құралдар мен алғашқы көмекке қажет дәрі-дәрмек бар. Дәрі-дәрмек қобдишасы толықтай регламентке сай. Бірақ кейбір дәріні қолдану үшін дәрігер нұсқаулығы қажет. Ол үшін экипаж ұшақта дәрігер бар-жоғын анықтайды. Сонымен қатар жолаушылар ұшуға қарсы көрсетімдер, қатерлі ауру мен жолаушы денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін жағдай туралы алдын ала хабарлауы керек екенін еске салады.