КВИ-дің «дельта» штамы қарқынды таралуына байланысты Денсаулық сақтау министрлігі жасаған эпидемиологиялық болжамға сенсек, егер індет бұдан әрі асқына беретін болса, оған жаңадан шалдыққандар саны шілде-қыркүйек айларында 400 мыңға жетпек. Ал оптимистік сценарий бойынша 330 мың адам шалдығуы мүмкін.
2021 жылғы 1 шілдедегі есеп бойынша, елімізде үнді штамын анықтау үшін 414 сынаманың ПТР скринингі өткізілген. Үнді штамы соның 48,3%-да барлық облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында табылған. Мутацияның болуын және оның «Дельта» штамына жататынын түпкілікті растау үлгілердің ДНҚ толық геномдық реттілігі аяқталғаннан кейін анықталады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 1 шілдеде таратқан ақпарында «Дельта» SARS-CoV-2 штамы әлемнің 96 елінде кездескен.«Вирустар барлық тіршілік иелері сияқты өмір бойы мутацияға ұшырайды. Вирустың мутациясы бірнеше апта немесе айлар ішінде көптеген вирус пен сезімтал адамдарға байланысты тез жүреді. Кейбір мутациялар вирусты тұрақсыз және осал етеді, ал кейбір мутациялар вирустың жұқпалығын арттырады. Мутацияның алдын алып, вирустың таралуын тоқтату үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Вирустың таралуын төмендетудің тиімді шарасы – вакцинация» деп атап өтті денсаулық сақтау магистрі, ДСМ «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» ҚДСҰО филиалы директоры орынбасарының міндетін атқарушы Манар Смағұл. Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарманның айтуынша, вирус вакцина алмаған бір адамнан екіншісіне берілгенде мутацияға ұшырауы кәдік. Егер адамдар вакцина алмаса, мутациялық процесс еш кедергісіз жалғаса беруі ықтимал.Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, елімізде қазір 47 828 адам коронавирус инфекциясынан емделуде. Сондай-ақ коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны 7,2 млн адам алған, оның ішінде бірінші компонент – 4 705 675 адам, II компонентпен 2 597 505 вакцина салдырған. Бұл халықтың 47 %-ын құрайды. Тәулік сайын республика бойынша орта есеппен 80-100 мың адам егіледі. Егу пункттерінде вакцина жеткілікті.
Вакцинацияға ел неге сенбейді?
Қазіргі жағдай қалай? Коронавирус індеті таралу қаупінің ушығуына байланысты еліміздің бірқатар қалалары «қызыл аймаққа» енген. Олардың қатарында Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларымен бірге, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Маңғыстау және Павлодар облыстары бар. Дегенмен індет жағдайы қаншалықты ушығып бара жатса да, COVID-19-ға қарсы вакцинаға елдің сенімі біркелкі емес, көпшілігінің көңілінде күдік басым. Осыған орай Оралда, Маңғыстау өңірінде міндетті вакцинацияға қарсы наразылықтар болып өтті. Мұндай қарсылықты көңіл күй басқа да өңірлерде жиі байқалады.Ел ішінде вакцинацияға қатысты түрлі қорқынышты әңгімелер айтылып жүргенімен, Алмаз Шарман COVID-19 вакцинасының әсерінен адамның өліп кету оқиғасы болмағын айтады. – Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында індеттен қайтыс болған пациенттердің ешқайсысы коронавирусқа қарсы вакцина алмаған. Сондай-ақ, егілуден кейін жағдайы күрт нашарлап кеткен адамдар да болған жоқ, – дейді ол. Оның айтуынша, коронавирусты емдемесе ол өздігінен ешқайда жоғалып кетпейді, оны жеңудің жалғыз жолы – вакцинация. Мына жайтты да ескерген жөн. Адамзат тарихында барлық індеттер тек вакцина арқылы тоқтатылған. Сол арқылы тұтас ауылдар мен қалаларды жалмаған оба, шешек сияқты кеселдер жойылды. Сондай-ақ, осыдан екі жыл бұрын вакцина жасалмай тұрғанда індеттің нағыз ушығып кеткен кезі мен қазіргі жағдайды салыстыруға келмейтінін, басқа болмаса да дәрігер мамандар жақсы біледі. Сол уақыттар КВИ-дің кеселінен өзіміз де талай таныс-туыстан айырылып қалдық емес пе? Былтыр COVID-19-ға негізінен кәрі адамдар ұшыраса, енді індеттің сипаты өзгерген, ол жас талғамай жұғатын болды. Түйін: Ашық дереккөздердің соңғы мәліметіне сүйенсек, әлемді дүрліктірген атың өшкір вирусқа жер бетінде 189 294 541 адам шалдығып, оның 172 866 027-ы жазылып шыққан, 4 076 732-ы қайтыс болған. «Қара тізімнің» басында АҚШ тұр, Ресей – бірінші бестікте, Қытай алғашқы ондықтың қатарында жоқ, Қазақстан осы тізімнің 44-сатысында орналасқан.Наразылық тудырушылардың басты уәжі – вакцина клиникалық сынақ мерзімінен өткен жоқ, оның кері әсері болуы мүмкін деген уәждер жиі айтылып жүр. Бірақ бір шындықты ескерген жөн, кез келген вакцина экстремал жағдайда жасалады, ал енді оның клиникалық сынақ мерзімінен өтуін күтіп жүретін болсақ, вирус мутацияланып, ел ішін кесел әбден жайлап кетуі мүмкін.
Дәулет АСАУ