Балқаш көлі тартылып барады
Балқаш көлі тартылып барады
©Архун Архунус
781
оқылды

Экологтер осылай деп дабыл қағып жатыр. Жақында кли­мат­­тың өзгеруінің гидрологиялық салдарын зерттейтін NASA және Sircle of Blue мамандары 2021 жылы үш миллионнан ас­там адам Балқаштағы судың таяз әсерін сезінетінін ескертті. Сарап­шылар «Балқаш көлі Аралдың кебін кие ме?» деп қауіп­тенеді.

Балық та кетті азайып…

Мамандардың айтуынша, осыдан 35 мың жыл бұрын пайда болған Балқаш көлінде қазіргі уақытта балықтың 26 түрі бар. Олардың барлығы – жерсін­ді­ріл­ген балықтар. Ресми деректер бойынша, 1930-1940 жылдары жылына 5 000 тоннадан астам, ал 1961 жылға дейін жылына орта есеппен 2 300 тонна Балқаш ала­бұғасы ауланған. Ол кәсіптік мәні бар балықтардың ішінде 2-орында тұрған. Кейіннен Балқаш көліне жерсіндірілген жыртқыш көк­сер­ке мен ақмарқа балықтар жібе­рі­луі­нің салдарынан Балқаш ала­бұ­ғасының саны азайып, 1966 жылы бар болғаны 10 тоннадай ғана Балқаш алабұғасы ауланған. Ал 1971 жылдан кейін Балқаш ала­бұғасы мүлде ауға түспеген. Ашар­шылық жылдары Балқаш алабұғасы осы өңірдегі жергілікті тұрғындардың құт-берекесі деп есептелініп, көптеген адамның ашаршылықтан аман қалуына септігін тигізген. Мәселен, бұл балықтың көптеп кездесетіні, оған қармақ салған кезде қар­мақты бірден қабатыны, сүзекі тартса топ-тобымен топырлап түсетіні және жалтылдақ сүйресе үйірімен ілесетіні туралы аңыз әңгімелер көп сақталған. 1970 жылдары Балқаш кө­лі­нен жоғалып кеткен құнды әрі дәмді балық – әйгілі Балқаш шар­майы (маринка) тағдыры қайталана ма деп қауіптенген тұрғындарды көлдің жайы алаң­датады. Кезінде Балқаштың көк­басын құны төмен балық санын азайту мақсатында көлге жібе­рілген көксерке ығыстырып шы­ғар­ған еді. Соның әсерінен бір көлді мекен еткен жыртқыш ба­лықтарға қорек жетпеді. Ұзын­ды­ғы 12-15 сантиметр шұбарбалық және Қызыл кітапқа енгізілген Балқаш алабұғасын көксерке жеп тауысты. – Бұрындары бір шаршы метр суда жиырма шақты алабұға шүпірлей жүзіп, көл беті «қайнап» кетеді екен. Ел аузында «алабұға – мәрт балық, қармақты салған бетте қабады. Сүзекі тартсаң тобымен, жалтылдақ сүйресең үйірімен ілеседі» деген сипаттағы әңгімелер ғана қалған қазір. Бал­қаш алабұғасы, Балқаш шар­ма­йы және Балқаштың шұбар балы­ғы – көлдің тумасы. 1903 жылы Іле өзені арқылы сазан келген. 1949 жылы – пілмайы, табан, 1957-1958 жылдары көксеркемен бірге жайын, қаракөз, ақбалық, берш, торта жіберілген. Балқаш көлінің тума балықтарының азаюына көксерке, жайын және ақмарқа сияқты жыртқыш ба­лықтарды акклиматизациялау, гидрологиялық режимнің бүлінуі себеп болды. Жыртқыш балық­тың биологиялық ерекшелігі – ол жылдам және баяу өсетін болып екі экологиялық түрге бөлінеді. Сондай-ақ көлде жылдам өсіп кеткен жыланбас балықтың зия­ны көп тиді. Тамақ талғамайтын жыртқыш балық құртшабақтарды ғана емес, ұзындығы 21 санти­метрге жететін торта, сазан, та­бан, алабұға сияқты балықтармен де қоректенеді. Бұл балық, әсіресе қарқынды қоректену кезеңінде – сәуір-шілде айларында негізінен сазан (43,7 пайыз) және көксер­кемен (34,6 пайызға дейін) қо­рек­тенеді. Айта кетейік, 1970-1980 жылдары пілмайы балығының ауланымы 30 тоннаға дейін жет­кен. 1990 жылдары оның да аулану көлемі күрт азайып кетті. Қаяз бен дөңмаңдай Балқашта өсіп-өніп кете алмады. Балқашта аулауға келмейтін балықтың бес түрі бар. Олар: гамбузия, амур шабағы, жалғантеңге, элеотрис және амур бұзаубасы. Бұлардың бәрі де кәсіптік балықтарды жер­сіндіру кезінде солардың шабақ­тарының арасында кеткен керек­сіз балықтар. Олардың өсі­мін тежеу мүмкін болмай отыр, – дейді Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ардагері Боранбай Кенжебеков. Балқаш көлінің негізгі табиғи қоры сазан, табан, қара балық (шармай), мөңке, жайын, ақсер­ке, көксерке, қаяз, шортан, бе­кі­ре, аққайран болғанымен, балық шаруашылығы 7-8 мың тонна балық беруден әрі аса алмай отыр.

Ну қамыс та жоқ бүгін...

– Ертеректе Балқаш көлінің жағалауына ит тұмсығы батпай­тын нар қамыс жауып жатқан. Жуандығы жас баланың білегін­дей қамысты неше алуан қа­нат­тылар, ондатрлар, доңыздар, жабайы мысықтар, жолбарыстар мекендеген десек, ешкім сен­бей­ді. Өйткені көл байлығын көзімен көрмеген бүгінгі ұрпақ бұл сө­зімізді аңыз, ертегі сияқты қабыл­дайтыны анық. Табиғат байлығын адамның қомағайлықпен құртып жібергенін қайдан білсін?! Көнекөздердің айтуынша, ертеде көл ажарын кіргізіп, ат­тылы кісінің бойын жасырар ну қамыстың үкілі шашақтары ерекше сұлуланып тұрады екен. Самал желмен сыбдыр қаққаны да ғажап көрінеді. Өкінішке қа­рай, қазір ол көріністі ұшырата алмайсың. Таусылмайтындай кө­рінген бір кездегі нар қамыстың орнын борпылдақ сор топырақ басқан, – дейді Балқаш қаласы­ның тұрғыны, журналист Нұрдос Кәрім. Табиғат жанашырларын көл­дің қазіргі тағдыры алаңдатып отыр. Көл жағасындағы қамыс­тың құруы онда өмір сүретін аң мен құстың азаюына және судағы тұз мөлшерінің артып, судың тартылуына әсерін тигізеді екен. – Табиғат байлығы да өлшеулі. Кеңес кезінде қамыс зауыты ашылып, қысы-жазы нар қамыс­ты да, балауса құрақты да қыл­танағын қалдырмай шауып алды. Болашағын ойламай, жоспар қуалаған шаруалар табиғаттың сырын қайдан ұқсын?! Жаға­лау­дағы қамыс-құрақты құртқан соң, аң мен құс азайып кетті. Бұдан кейін бір литр судағы тұздылық 2,26 грамнан 3,22 грамға артты. Балқаш суының тұздылығының артпауына жағасындағы қалың қамыстың әсері мол еді, – дейді «ЭКОШ» ұйымының жетекшісі Людмила Страшко. Өткен ғасырдың 40-жылдары Балқаш маңындағы 1 миллион гектарға дейінгі алқапты қамыс алып жатты. Бұл Еуразия құрлы­ғындағы қамыс «тоғайының» ең ірісі болды. Көлдің негізгі үлкен аралдары – Басарал, Тасарал, Ортаарал, Алғазы және Шаға­лалы, Кіші Тасарал, Шайтанарал, Маяктұрған секілді бірнеше басқа да аралдарын қалың қамыс жауып жатқан екен. Қамыстың сиреуіне өрттің де зардабы тиіп отыр. Биылдың өзінде Алматы облысы Балқаш ауданындағы Жиделі ауылынан 25 шақырым жердегі мемлекет қорғауындағы «тоғайды» қызыл жалын шарпыды. Бұдан бөлек, Балқаш қаласына жақын жердегі көл жағалауындағы 10 гектардан аса аумақты алып жатқан қамыс өртеніп кетті.

Аралдың кебін кие ме?

Оның бетін аулақ қылсын, алай­да алаңдауға бірнеше себеп бар. Біріншісі, Қапшағай су қой­масына қатысты. Міне, жарты ғасырға жуықтап қалды, оны то­лықтыруға Іленің суы пайдала­нылып жатыр. Осының салдары­нан өзеннен келетін судың көлемі бұрынғының үштен екі бөлігіндей азайып, көлдің деңгейі төмендеді. Оның мөлшері жылына 15,6 сантиметрге жетті. Сөйтіп, 1908-1946 жылдары су деңгейінің табиғи төмендеуінен асып түсті. Балқаштың таяздануы оның онша терең емес батыс бөлігінен айқын аңғарылды. 1972-2001 жылдары көлдің оңтүстігіне қа­рай 8 шақырымда жатқан Ала­көл құрғап қалды деуге болады. Осы кезеңде Балқаштың оңтүстік бөлігі барынша зардап шекті. Оның төңірегіндегі 16 су жүйе­сінен тек бесеуі ғана қалды, бас­сейннің үштен бір бөлігіне жуығы шөлге айналды. Кепкен көлдің түбінен көтерілген тұзды тозаң аймақ климатына кері әсерін тигізді. Ал жағалаудың тұзданған топырағы құнарсызданып қана қоймай, сағаны сағал-сағал қылды. – Іле-Балқаш бассейнінің экологиясын тұралатқан тағы бір фактор – Балқаш комбинатына қарасты бірнеше кәсіпорын төгетін өндірістік қалдық. Өткен ғасырдың соңғы онжылдығының алғашқы жартысында комбинат төккен өндірістік қалдық көлемі жылына орта есеппен 280-320 мың тонна болғаны, көл түбінде 76 тонна мыс, 68 тонна мырыш, 66 тонна қорғасын тұнбасы жат­қа­ны жөнінде мәліметтер бар. Өндірістік қалдық қоймасынан шаң болып көтерілетіні қанша­ма? – дейді осы саланы бірнеше жыл зерттеген әріптесіміз Әлібек Әбдірәш бір сөзінде. Қазір Қаратал, Лепсі, Ақсу өзендерінің мол суы көлге жет­пей, суармалы егістікке жұм­салады. Бұрын Балқашқа құйып, оның табиғи су деңгейін сақтап отыруға септігін тигізген Аягөз, Биен, Сарқанд және Басқан да бүгінде арнасын өзгерткен. Бал­қаш шөлейт және шөл белдеуде жатқандықтан, климаты шұғыл континентті. Суының булануы өте жоғары. Сондықтан деңгейі шұғыл өзгеріп отырады. Балқаш көлі кейінгі жылдары 2 метрге жуық төмендеген.

Алаңдауға негіз жоқ...

Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов осылай дейді. – Алдымен әлемдегі су ресурстарына қатысты жалпы жағдай жақсарып келе жатқан жоқ екенін атап өткім келеді, жыл сайын экономика мен жердегі тұрғындардың өсуімен бірге суға деген сұраныс та артып келеді. Қазір Қазақстанда судың аздығы байқалады, бұл жағдай әсіресе оңтүстікте, Сырдария өзенінің бойында, сондай-ақ республи­ка­ның батысында және Іле өзенінің бойында анық сезіледі. Балқаш көліне келетін болсақ, ол бо­йын­ша барлық мәселе шешіліп жа­тыр. Балқаш Аралдың тағдырын қайталамайды деп сеніммен айта аламын. Бұл пікірді ғалымдардың, көпжылдық тәжірибесі бар су мамандарының қорытын­дыла­рына сүйеніп айтып отырмын. Зерттеулер көрсеткендей, көлдің тұрақты деңгейде сақталуы (Бал­тық жүйесінің 341 м белгісінен төмен емес) оған жыл сайын 12 млрд м3 судың құйылуы кепіл болады. Көпжылдық бақылаулар барысында соңғы 25 жылда көл­дің деңгейі 342 м-ден төмен­демегені анықталды. Бұл деңгейді сақтау үшін көлге Балқаш ағы­ны­ның 70%-ы болатын трансше­каралық Іле өзенінен жылына кемінде 12 текше метр су келуі қажет. Бүгінде Іле өзенінен Бал­қаш көліне орта есеппен жылына 12,8 текше метр су келеді. Яғни, көлдің таяздану қаупі жоқ. Іле ағынының 80%-ы Қытайда қалыптасады, ол соңғы жылдары өз аумағында өзен бойында қар­қынды дамып келеді. Сондықтан біз ҚХР-мен осы бағытта тығыз жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қы­тайдың өзінің 3500 жылдан астам тарихында ешбір елмен су бөлу жөніндегі келісімдері болмағанын атап өткім келеді. Біз екі елдің Мемлекет басшы­ларының тапсырмасы бойынша 2015 жылдан бастап Қытаймен тиісті келісімді дайындау бойын­ша жұмыс жүргізудеміз. Қытай тарапымен келіссөздер бары­сын­да барлық негізгі мәселелер, со­ның ішінде Іле өзені бойынша Бал­қашқа жыл сайын кемінде 12 текше метр су келуі тиіс деген ұс­та­нымымыз назарға алынып жатыр, – дейді Серік Қожаниязов. Сөз соңында Балқашты сақтау сіз бен біздің қолымызда екені, ол үшін мемлекет үлкен бағдарла­малар түзіп, сол арқылы көлді сақтап қалу керек дегіміз келеді.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы