Мәртебесі тасыған «Мерейлі отбасылар»
Мәртебесі тасыған «Мерейлі отбасылар»
237
оқылды

Талдықорғандағы Сал­танат сарайында отба­сылық құндылықтарды насихаттау, жас ұрпақ тәрбиесін ұлттық салт-дәс­түрлерге сай жүзеге асыру мақсатында елі­мізде жыл сайын өткі­зі­летін «Ме­рей­лі отбасы» ұлт­тық бай­қауы­ның об­лыстық сатысы­ның қоры­тындысы шығары­лып, байқаудың жеңімпаз­дары­ марапат­талды. Ме­рей­лі отбасыларды облыс әкі­мі­нің бірінші орынбасары Лаз­зат Тұрлашов құттық­тады.

Байқаудың облыс деңгейіндегі іріктеу кезеңіне 400-ден аса өтініш келіп түскен. Оның ішінен 40 отбасы бірінші кезеңде әулет тарихы жинақталған альбом ұсынып, олардың арасынан 20-сы екінші кезеңге өтіп, бақ сынады. Биыл жетінші жыл ұйымдас­ты­рылған байқаудың ашылу сал­танатында әр жылдары жеңіске жеткен отбасылар аталды. Одан бөлек, жеңімпаз болған 4 отба­сына қатысты бейнебаян ұсы­нылды. – Халқымызда «Өнегелі от­басы – елдің тұтқасы» деген дана сөз бар. Ізгілікті, өнегелі, мерейлі отбасылар қашанда көпке үлгі болуы тиіс. Ел ертеңі болатын ұл-қыздарды бір шаңырақ астында тату-тәтті өсіріп, тәрбиелеп, қа­тарынан қалдырмай өсіріп отырған ата-ананың еңбегі әрқа­шанда орасан. Көпбалалы от­басында жетілген жасөспірімдер бір-біріне бауырмал болып келеді. Отанын сүйетін, үлкендерді құрметтейтін, туған жері мен елі үшін еңбек ететін саналы ұрпақ өсіру – бәрімізге ортақ әрі абыройлы міндет. Осыған орай елімізде мерейлі отбасылар саны арта берсін. Марапаттарыңыз құтты болсын, – деген облыс әкі­мінің бірінші орынбасары бай­қауға қатысқан отбасыларға алғы­сын білдірді. Сондай-ақ респуб­ликалық кезеңге жолдама алған­дарға сәттілік тіледі. Осыдан кейін «Мерейлі от­басы» ұлттық байқауында облыс­тан оза шапқандар марапатталды. Үшінші орын екі отбасына бе­рілді. Панфилов ауданынан «Ме­ди­цина қызметкерлері әуле­ті» атанған Мансұровтар отбасының ұл-қыздарынан бөлек, келіндері де ақ халатты абзал жандар. Ке­йінгі екі жылда елдегі жағдайға дәрігерлер зор еңбек сіңірді. Осын­дайда Мансұровтар әулеті сияқты өз ісінің білікті мамандары бол­ғаны қуантады. Екінші болып үшінші орынды иеленген көп­балалы Сәдуақасовтар әулеті де лайықты марапатқа ие болды. Отағасы да, отанасы да – қара­пайым шаруа адамдары. Шат­тықты шаңырақта он төрт бала тәрбиеленген. Алды Жадыра 26 жасқа толса, кішкентай Нұрғалым 2021 жылдың наурызында дүниеге келіпті. Жүлделі екінші орыннан Jetisy газетінің журналисі Қажет Андас шыққан әулет көрінді. Андас отбасы – халық шығарма­шылығын, қазақ фольклорын зерттеумен айналысатын, ата мұ­расын ардақтаған, білім-ғылымға құштар, ұлттық өнерді жалғас­тырған, көпбалалы әулет. Бүгінде 7 бала, 16 немере тәрбиелеп отыр. Бұл шаңырақта ата-бабалары тұтынған бес ғасырлық 700-ден астам мұра сақталыпты. Ең құндысы – Солтангелді бидің күмістелген ер тоқымы мен Ұлтарақ батырдың көн тоқымы. ХVII ғасырдан бүгінге аман жет­кен жәдігерлер Тұңғыш Прези­дент – Елбасының «Атамекен» мәдени орталығының қорында сақтаулы. Осы әулет 108 жыл тұтынған бесікке Андас әулетінің 41 баласы бөленген. Құнды жәдігерлерді әулеттің отанасы, этнограф, ата мұрасын сақтаушы, ұлттық қолөнерді жалғастырушы Әуесхан Мажайқызы атажұртқа жеткізіпті. Бас жүлде мен бір миллион теңгенің сертификатын Еңбек­шіқазақ ауданынан келген Иса­бековтер отбасы иеленді. Бұл отбасы ата кәсіпті насихаттап, бүркітшілікті дәріптеп жүр. Нұра ауылындағы «Жеті қазына» құсбегілік мектебі әрі мұражайына иелік етіп, жұмысын жолға қойып отырған әулеттің өнегелі істері баршылық. Жеңімпаз және жүлдегер отбасыларға дипломдар мен ақшалай сертификаттар тапсырылды. Ал барлық қатысу­шыға алғысхаттар мен естелік сыйлықтар берілді. Жеңімпаз отбасы байқаудың республикалық кезеңіне қатыса­тын болады.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы