2005 жыл: ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТҰҒЫРЫ НЫҒАЯ ТҮСТІ
2005 жыл: ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТҰҒЫРЫ НЫҒАЯ ТҮСТІ
469
оқылды

2005 жыл – батыстың да, шығыстың да емес, қазақтың дербес даму жолын ұстанған ел тәуелсіздігінің 14-белесі. Осы уақыт ішінде әлем тағдырын да, егемен еліміздің тағдырын да айқындаған талай айшықты оқиғалар болып өтті. Біз аталған шолуда осы кезеңде ел өмірінде қандай маңызды өзгерістер мен құбылыстардың орын алғанын әңгімелеп көрмекпіз.

«Ауыл жылы» аяқталды

Ауыл – қазақтың құтты мекені. Өмір ауанымен көпшілігіміз қалаға кеткенмен, көңіліміз әлі де ауыл жаққа алаңдаулы. Біздің осы ахуалымызды «қалаға адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» деген белгілі өлең жолдары анық айқындап тұр. Қазір Қазақстан халқының 40 пайызы ауылдық жерде өмір сүріп жатыр. Сон­дықтан ауыл мәселесі – мемлекеттің экономикалық саясатының басты бір бөлігі болып қала бермек. 2005 жылы мемлекеттің аграрлық өнді­рістегі реформаларды жүйелеу, ауыл эко­номикасын арттыруға және әлеуметтік болмысын жаңғыртуға бағытталған 3 жыл­дық «Ауыл жылы» бағдарламасы аяқталды. Осы бағдарлама аясында ауыл шаруашы­лығы мен оған байланысты салаларды бюд­жеттен қаржыландыру айтарлықтай артты. Мәселен, 2003 жылы ауылды қолдау мақ­сатында мемлекет қазынасынан 40 млрд теңге бөлініп, оның 30 миллиарды аграрлық секторды дамытуға, 10 мил­лиар­ды әлеумет­тік мәселені шешуге бағыт­талды. Соның арқасында көптеген жергі­лікті жердегі білім беру, денсаулық сақтау, ауызсумен жабдықтау сияқты өзекті проб­лема ше­ші­мін тапты. 2004 жылы ауыл ша­руашылығын дамытуға рес­публикалық бюд­жеттен – 50 млрд теңге, 2005 жылы 55 млрд теңге жұмсалды. Нәти­жесінде, кейінгі жылдары ауыл шаруашы­лығында өнді­рі­летін өнімнің көлемі 2002 жылмен салыс­тыр­ғанда 1,5 есе, инвести­ция көлемі 3 есе өсті. Үш жылдықтың бағдарламасы ауыл­дарды дамытуға үлкен серпін берді. Осы жылдары қабылданған ауқымды іс-ша­ралардың нәтижесінде ауыл шаруашы­лығындағы тауар айналымы 4 есе ұлғайып, ол 4 млрд доллардан асты.

Елорданың әуе қақпасы ашылды

2005 жылғы 2 ақпан күні Астана әуе­жайының жаңа халықаралық терминалы ашылды. Қазір аталған халықаралық әуе қақпасы Еуропа, Таяу және Қиыр Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Азия өңірлерінің әуе­қатынастарын тоғыстыратын басты орта­лыққа айналды. Елбасы Н.Назарбаев жаңа терминал­дың ашылу салтанатында: «Тағы бір тарихи жағдайды атап өтейік деп отырмыз. Астана қаласының жаңа әуежайының терминалы іске қосылды. Әр уақытта әуежай, теміржол елге кіретін, ең алғаш аттап өтетін табалдырық болып табылады. Сондықтан ол табалдырық жайлы болуы тиіс»,– деді Президент. Есігін айқара ашқан халықаралық аэровокзал кешенінің ішкі пішіні шаңырақ формасында кескінделіп, төңірегі қазақ­тың қошқармүйіз оюларымен өрнектелген. Жаңа жолаушылар терминалының ғимараты бес деңгейден тұрады. Жалпы аумағы 20 мың шаршы метрден асады. Биіктігі – 34 метр. Кешен 6 телескопиялық сатымен жарақталған. Мұнда барлық ұшақ түрлерін қабылдай алатын халықаралық желінің жаңа перроны іске қосылған. Аэровокзал сол уақытта бір мезгілде 750 жолаушыны қабылдай алды.

«Жас қанат» қанат қақты

15-17 сәуір аралығында жас орындау­шылардың «Жас қанат» ХІV республи­калық конкурсы ұйымдастырылды. Жас таланттардың бағын ашып, үлкен өнерге жолдама беретін осы айтулы шараға 2005 жылы музыкалық білімі бар, түрлі кон­курс­тың лауреаты атанған 13 үміткер қатысты. Жас әншілердің байқауы 1991 жылдан бастап өткізіліп келеді. Байқауда 30 жасқа дейінгі өнерпаз бақ сынайды. «Жас қа­наттан» бүгінге дейін қазіргі қазақ эстра­дасының танымал өкілдеріне айналған талай өнерпаздар қанат қағып шықты. Соның бірі – Димаш Құдайберген. Ал оның есімін қазақ халқы түгілі, бүкіл әлем­ге таныстырып жатудың өзі артық болар.

«Нұр Астана» – иман ордасы

Осы жылы әз-Наурыз мерекесі қарса­ңында Есіл өзенінің сол жағалауында бір еңселі ғимарат – Орталық мешіт пайда­лануға берілді. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының шешімімен ғибадат­ханаға «Нұр Астана орталық мешіті» деген атау берілді. Мешіттің ішкі әрлендіру жұмыстарына отандық сәулетшілер мен дизайнерлер атсалысып, жазулар ислам каллиграфиясы мен араб графикасына сәйкес өрнектелген. Безендіру және көркемдеу жұмыстарының авторы Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Ғазиз Ешкенов. Оның күмбездерін көтеріп тұрған құшақ жетпес үлкен сегіз ұстын мен қабырғаларын, сәжде еткенде құбылаға бас қоятын михрабын нақыш­тауда қазақтың ұлттық ою-өрнектері пайдаланылған. 5 000 адам сыятын сәулет туындысы ливандық шебер Чарльз Хазифтің жобасы бойынша салынды, құрылыстың бас мердігері – Түркияның «Пасинер» ком­паниясы. Мешіттің бас күмбезінің биікті­гі – 43 метр. Ғимарат барлығы 3 930 шар­шы метр аумақты алып жатыр. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мешітке 1994 жылы Сауд Арабиясына барған алғашқы сапарында Король Фаһд бин Әбдел Әзиз ерекше құрметінің белгісі ретінде берген қасиетті мүбәрак қағбаның киімі – қисуа­ның бір бөлігін және Меккеде басылған Құран Кәрімді сыйға тартты.

Әлем қазақтарының құрылтайы

29 қыркүйекте әлем қазақтарының III дүниежүзілік құрылтайы салтанатты түрде ашылды. Оған 32 елден 300-ден аса делегат келді. Құрылтайда ұлт өмірін жан-жақты зерттеп, жер-жердегі қандас­та­рымыздың әлеуметтік-экономика, мәде­ни, рухани тыныс-тіршілігіндегі мәселе­лерді көтеріліп, оны шешу міндеттері жүктеледі. Бұл жолғы құрылтайда қаралған мәселе бұрынғыларынан аз емес. Соның бірі – Қазақстанды латын әліп­биіне көшіру мәселесі көтерілді. Мәселен, бүгінде 5 миллион қандасы­мыз тарихи Отанынан шет жерде жүр, осыған байланысты олардың ортақ әліпбиі жоқ. Сол себепті Қазақстанның латын әліпбиіне көшуі тұтас қазақ ұлтына ортақ жазу тілін қалыптастыратын болады. Айта кетейік, тәуелсіздік алғаннан бері 2005 жылға дейін Қазақстанға сырттағы 600 мың қазақ оралған. – Біреулер латынға көшпеуге болмай­ды, бұл түркі әлемінің бірден-бір жолы. Бүкіл әлем түбінде соған көшуі мүмкін дейді. Біреулер латынға көшсек, қазақ фо­нетикасына тән дыбыстардан айыры­ла­мыз, кириллицада жарық көрген жүз­деген кітапта жинақталған білімнен қол үземіз дейді. Екі пікірдің де жаны бар. Сон­дықтан ғалымдар асықпай зерделеп бір тоқтамға келуі тиіс,– деді Елбасы Н.Назарбаев осы құрылтайда сөйлеген сөзінде.

Аралды құтқару амалы

2005 жылы Аралды қалпына келтіру жұмыстары басталды. Естеріңізде болса, 80-жылдардың соңында суы қайтқан Арал теңізі екіге бөлініп, Үлкен Арал, Кіші Арал деп аталды. Үлкен Аралды сақтап қалудың сәті түспеді, тұзы көтеріліп, құмы суыры­лып, орны шөлге айналып кеткен еді. Теңіз түбінің құрғауы қоршаған ортаны эколо­гия­лық апатқа ұшыратып, өңір тұрғын­дарының денсаулығына зор залал келтірді, мыңдаған балықшыларды кәсібінен айырды. Жаңа ғасырдың басында Сырдария өзенінің суағарын реттеу және Аралдың солтүстік бөлігін сақтау жөніндегі жоба ұсынылды. Оның басты түйіні – теңіздің солтүстік бөлігін оның құрып бара жатқан басқа бөлігінен бөліп тастайтын, 30 ша­қырымға созылған Көкарал бөгетін салу. Бұл жобаға Бүкіләлемдік банк 64 миллион доллар бөлді, ал 21 миллион доллар рес­пуб­ликалық бюджеттен алынды. 2005 жыл­дың тамызында бөгет салынып бітті. Ке­лесі жылы-ақ Кіші Арал жобада белгі­ленген межеге дейін толды. Теңіз суы оның құрғақ түбінің 870 шар­шы шақырымын жапты, бұл Арал ма­ңындағы экологиялық ахуалды жақсарта түсті. Судың минералдануы айтарлықтай азайды, ондағы балық қорын қайта қал­пына келтіру үшін бұл өте маңызды еді. Сол кезде басталған өнеркәсіптік негізде балық аулау көлемі біртіндеп арта бастады.

Зейнетақының жаңа жүйесі

Елбасының бастамасы бойынша базалық зейнетақы төлемдері енгізілді. Бұл зейнет жасына жеткен барлық қазақстандықтар үшін зейнетақымен қамсыздандырудың бірінші кепілден­ді­рілген деңгейі болды. Екінші деңгей – зейнетақы қорларынан алынатын төлем­дер, сондай-ақ 1998 жылға дейін қызмет өтілі бар адамдарға бюджеттен берілетін зейнетақылар. Үшінші деңгей – ерікті жеке және кәсіби зейнетақы аударымынан тұрады. Республиканың зейнетақы жүйесі базалық, міндетті және ерікті деңгейден тұратын көпдеңгейлі жүйеде жұмыс істеді. Зейнетақының ең төменгі мөлшері жұмыс өтілі мен жалақының көлемін есептемегенде 9 200 теңге болды. Зей­неткерлер орташа есеппен 12 000 теңге алды. Студенттердің шәкіртақысы, бюд­жеттік саланың жалақысы өсті.

Президент сайлауы

2005 жылғы 4 желтоқсанда өткен Пре­зидент сайлауы – ХХІ ғасыр басындағы Қазақстанның ішкі саяси өмірінің аса ма­ңызды оқиғасы. Бұл – үшінші бүкіл­халықтық сайлау. Сайлау тізіміне тіркелген 8,8 миллион сайлаушының ша­мамен 6,8 миллионы дауыс беруге қатыс­ты. Олардың ішінде іс басындағы Прези­дентке дауыс берген саны – 6,1 миллион адам (91,2 пайыз). «Бүгін ел тарихында өте бір елеулі ке­зең: Қазақстан халқы өзінің конститу­ция­лық құқығын пайдаланып, өз Президентін сайлады. Қазір дүниежүзінің барлық ақпа­рат құралдары «Назарбаев жеңді!» деп хабар таратып жатқанын білесіздер. Бірақ мен бұл жеңіс халықтікі екенін айтар едім. Қазақстан халқы тәуелсіздігіміздің бо­лашағы үшін, ел бірлігі үшін, мемлекетіміз ішін­дегі тыныштық үшін бірауызды бола алатынын осылайша танытты. Екіншіден, мұны тәуелсіздігіміздің 14 жылындағы менің істеген қызметімді халықтың ма­құлдауы деп бағалауға болады. Үшін­шіден, жария еткен бағдарламаларымды алдағы 7 жыл ішінде жүзеге асыруға елім маған осылайша мандат беріп отыр», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Дәулет АСАУ