Қаһармандық – қазақ қанына сіңген қасиет. Есте жоқ ескі заманнан бері бабаларымыз ержүрек, қайсарлығымен танылған. Олардың көзсіз, сөзсіз ерлігі кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге, ақиқатпен астасқан аңыз. Тәуелсіздік таңы тудырған «Халық Қаһармандары» атағы да аз емес. Ендеше бейбіт күннің батырлары кімдер?
Жалпы, «Халық Қаһарманы» атағы елімізде 1993 жылдан бастап беріле бастады. Бұл атаққа ие болғандарға айрықша белгі – «Алтын жұлдыз» бен «Отан» ордені қоса тапсырылады. Алғашқы жылдары «Халық Қаһарманы» Отан үшін от кешкендер атанса, кейіннен Қазақ елінің Қарулы Күштерін қалыптастыру жолында еңбек еткен әскерилер, ғылым, өнер, медицина саласындағы айрықша қолтаңбасы бар адамдар бұл атаққа ие бола бастады. Отан үшін жалаң төсін оққа тосқан батырларымыздың тізімін атақты партизан Қасым Қайсенов бастап тұр. Оған «Халық Қаһарманы» атағы 1995 жылғы 24 сәуірде берілді. Ал 1998 жылы бұл атақ халқымыздың тағы бір батыр перзенті Бақтыораз Бейсекбаевқа, 1999 жылы Екінші дүниежүзілік соғыста алғашқы болып Рейхстагқа ту тіккен қазақ Рақымжан Қошқарбаевқа жазылды. Қазақтың майдангер қыздары арасынан мәртебелі атаққа Ұлы Отан соғысына қатысқан жалғыз ұшқыш қазақ қызы Хиуаз Доспанова 2004 жылы ие болды. Соғыс кезінде ерекше ерлік көрсетсе де Кеңес Одағының Батыры атағын ала алмаған бірнеше майдангерлер де «Халық Қаһарманы» атағына кейін қол жеткізді. Олардың қатарында Алексей Кулаковты Ұлы Отан соғысы аяқталғанына 50 жыл толған мерейтойда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласына шақырып, арнайы орденді тапсырды. Атақты №316 гвардиялық Панфиловшылар дивизиясының құрамында Мәскеуді қорғаған, Беларусьті, Балтық жағалауы елдерін, Шығыс Пруссияны, Польшаны, Чехословакияны, Венгрияны азат етуге қатысқан, елге оралып қарапайым мұғалім болып қызмет еткен Мурдин Таипов та «Халық Қаһарманы» атағын 1995 жылы алды. Александр Капорин де Кулаков пен Таипов сияқты соғыс басталғанда Қызыл Армия қатарына алынады. Донецк өзенінен өткенде ерекше ерлігімен көзге түсіп, «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады. Украинаны, Румынияны, Польшаны азат етуге қатысқан. Соғыстан кейін туған жерінде абыройлы еңбек еткен майдангер «Халық Қаһарманы» атағын 2005 жылы Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында алды. Осы жылы Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы, І дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденінің иегері, І топтағы мүгедек Мәулен Қалмырзаевқа да «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Ол елге оралғасын да талмай еңбек еткен, Шу өзеніне көпір салынуына мұрындық болған ардагер. Осы мәртебелі атақты алғаннан кейін ардагер бір айдан соң өмірден өтті. Еліміздің қорғаныс саласында «Халық Қаһарманы» атағы ең алғаш 1994 жылғы 23 мамырда армия генералы, Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовке Қазақ елінің Қарулы Күштерін қалыптастыру жолындағы еңбегі үшін берілген. Ал армия генералы Мұхтар Алтынбаев «Халық Қаһарманы» атағына 2006 жылғы 6 мамырда қол жеткізді. Генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев болса, Ауған соғысында көрсеткен ерлігі үшін 2008 жылы «Халық Қаһарманы» орденін кеудесіне тақты. Еліміздің ғарыш саласындағы қаһармандарының көшін Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, сынақшы-ұшқыш, генерал-майор Тоқтар Әубәкіров бастап тұр. Оған 1995 жылы «Халық Қаһарманы» төсбелгісі берілді. Ғарышкер, генерал-майор Талғат Мұсабаев аталмыш атаққа 1995 жылы ие болды. Ресей азаматы Юрий Маленченко 1994 жылы Талғат Мұсабаевпен бірге алғаш рет «Союз ТМ-19» кемесінің командирі ретінде ұшып, 125 тәулік 22 сағат 53 минут 36 секунд өмірін ғарышта өткізген. Осыған байланысты ол 1995 жылы Қазақстанның «Халық Қаһарманы» атағымен құрметтелді. Ал қазақтан шыққан үшінші ғарышкер Айдын Айымбетовке бұл атақ 2015 жылы табысталды. Бейбіт күннің батырларына келсек, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің құрбаны болған Қайрат Рысқұлбековке «Халық Қаһарманы» атағы 1996 жылғы 9 желтоқсанда берілді. Алматы облысы Қаратау ауданы Үштөбе қаласы Абылай хан көшесінде тұрғын үйде шыққан өрт кезінде 3 баланы анасымен ажал аузынан аман алып шыққан Азамат Жұмаділов ерлігі үшін бұл атаққа 2007 жылы ие болды. 2011 жылы Тараз қаласында лаңкесті құрықтау барысында қаһармандықпен қаза тапқан Ғазиз Байтасовқа сол жылы «Халық Қаһарманы» атағы жазылды. Сондай-ақ 2016 жылы әскери борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі үшін Fokker-100 әуекемесінің командирі Дмитрий Родин мен Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығының штаб бастығы, 6505 әскери бөлімі командирінің бірінші орынбасары Қайрат Үмбетов «Халық Қаһарманы» атанды. Ғылым, медицина, өнер саласында да қаһармандар баршылық. Еліміздің ғылым көшін өрге сүйреген Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, металлург ғалым Ахат Күленовке Қазақстанның «Халық Қаһарманы» атағы 1994 жылы берілсе, қазақтан шыққан тұңғыш энергетик ғалым Шапық Шөкин 1996 жылы алды. 1995 жылы медицина ғылымының дамуына үлес қосқаны үшін академик Мұхтар Әлиев «Халық Қаһарманы» атағымен құрметтелсе, «Халық Қаһарманы» атағына ие болған Қазақстандағы жалғыз әнші – Роза Бағланова. Халықтың сүйікті әншісіне бұл атақ 1996 жылы табысталды. 1998 жылы қазақтың әйгілі күйші композиторы, дирижер, домбырашы Нұрғиса Тілендиев пен Қазақстанның халық әртісі, режиссер, қоғам қайраткері Әзірбайжан Мәмбетовке аталмыш атақ қазақ мәдениетінің дамуына қосқан үлесі үшін берілді. Ал 1994 жылы Қарағанды ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу совхозының директоры Александар Христенко, 1995 жылы Қазақстанға еңбегі сіңген құрылысшысы Аким Атмачиди «Халық Қаһарманы» атағымен марапатталды. Міне, бұл – тәуелсіздік таңының «Халық Қаһармандары». Ал тәуелсіз Қазақстанды орнатудағы тарихи үлесі, экономикалық және әлеуметтік дамытудағы, қоғамды топтастырудағы аса үздік еңбегі үшін Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Халық Қаһарманы» атағы 2019 жылы берілді. Әрине, өмір көші бір орында тоқтап қалмайды. Ел бар да, ел үшін туған ерлер табылары хақ. Сондықтан қазақ топырағынан әлі талай «Халық Қаһармандары» шығатынына бек сенімдіміз.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы