«Ордабасы» қаржылық қиындыққа тап болды. Клубтың биылғы маусымға бөлінген бюджеті жарты жылға да жетпеген деген ақпар бар. Қаржыдан қағылған шымкенттік клубтың басшылығы айлығы жоғары шетелдік және қазақстандық футболшылармен келісімшартты бұзып жатыр.
Бүгінге дейін команда сапынан Май Махлангу, Жоао Паулу, Тимур Досмағамбетов, Темірлан Ерланов, Мирзад Механович, Бағдат Қайыров, Игорь Трофимец және Рубен Бриджидо кетті. Күні кеше команданың ардагер футболшысы, аргентиналық қорғаушы Фабио Фонтанелло да 3,5 жыл ойнаған командасымен қоштасты. Қазақстан Премьер-лигасындағы үздік клубтардың бірі саналған «Ордабасының» ендігі жағдайы қалай болмақ? Бұл – көптің көкейіндегі сауал. «Ордабасы» футбол клубының президенті Бақтияр Байсейітов клубтың баспасөз қызметі жариялаған сұхбатта командадағы мәселелер мен осы маусымда қаржы қысқаруының нәтижесінде пайда болған қиындықтар жайлы айтты.Бұл жолы өкінішке қарай, футболшыларды таратудан басқа амалымыз қалмады. Өйткені футболшыларға 3 ай қарызымыз бар. Сол себепті алдағы айларда жалақыны қысқарту мәселесін көтердік. Ал жалақысын қысқартқысы келмейтін ойыншыларға басқа клубтарды қарастырғанын дұрыс екенін айттық. Клубтағы қаржылық жағдайды түсініп, жалақыны қысқартуға келісімін бере алатын ойыншылар командада қалады. Александр Седневке келсек, ол клубтағы жұмысын жалғастыра береді. Оның жастармен жақсы жұмыс істейтінін білеміз. Сол себепті командада бәсекелестік арта түседі деп ойлаймыз, – дейді клуб президенті. Бұл жерде негізгі командадан бөлек Екінші Лигада өнер көрсететін «Ордабасы» жастар құрамасының да жағдайы баса назарға алынды. Бірақ соның өзінде де «командамыз павлодарлық «Ертістің» күйін кешпесе екен» деп шымкенттік жанкүйер алаңдаушылық танытып жатыр. Олар әр жылдары қаржылық қиындықтарға біріншіліктегі бір команданың тап болатыны үйреншікті жағдайға айналғанын да айтып дабыл қағуда. Әзірге клубтың сапында бір-екі легионер мен жергілікті футболшылар ғана қалды. Клуб басшылығы жанкүйерлерін сабырға шақырып, команданы сақтап қалудың тиімді жолдарын қарастыратынын айтты. Алдағы уақытта Бірінші, Екінші лиганың ойыншылары мен арзан бағада легионерлерді командаға шақыру көзделіп отыр.– Қазір клубтың жағдайы расымен қиындап кетті. Бюджеттің қысқаруына байланысты біз қазір шығындарды оңтайландырудамыз. Футболшылармен олардың келісімшарттарына сай келіссөздер жүргізіп, олардың жаңа командаға ауысу жайын қарастырудамыз. Футболшыға екі айдан астам уақыт жалақы төленбесе, ол УЕФА-ға арыз тастай алатыны бәріне белгілі. Ал ол кезде клуб айыппұл төлейді және чемпионатта жинаған ұпайлары алынып тасталады. Біз бұрындары да жалақыларды кешіктіргенбіз, бірақ ол кезде футболшыларға еңбекақыларының кейін толықтай төленетініне кепілдік бердік.
Шыны керек, пандемия басталғалы көптеген клубтың бюджеті қысқарып, командалардағы проблемалар біртіндеп шыға бастады. Күні бүгінге дейін біріншіліктегі үздік клубтардың қатарында жүрген клубтардың, әсіресе «Ордабасының» қазіргі жағдайы бұрынғысымен мүлдем салыстыруға келмейді. Басшылық тез арада бұл тығырықтан шығады деген үміттеміз. Қайткен күнде де, өткен жылы шығынға белшесінен батып, банкрот болған «Ертістің» күйін «Ордабасы» кешпесе дейсің.Елімізде жүлделі орынға ілігіп жүрген, сөйтіп еурокубоктық додаларға қатысатын санаулы ғана клубтарымыз бар. Олар негізінен – «Астана», «Қайрат», «Ордабасы» және «Тобыл» командалары. Өткен жылы бұл қатардан шымкенттік клуб шығып қалған болатын. Осы жылы да «Ордабасыны» жүлдегерлер қатарынан көрудің өзі оңайға түсе қоймас. Қыруар қаржыны игере алмаған клуб командадан үздік ойыншылардың, шетелдік легионердің біразын жіберді. Енді кезекте жергілікті жастарға сенім артылмақ.
Абылайхан ЖҰМАШ