Адам өмірін ең құнды қазынаға балайтын біздің елде дәрігерлердің үстінен шағым айтатындар көбейген. Соңғы жылдардың өзінде өз ісіне жүрдім-бардым қараған 1 000-нан аса медицина саласының мамандары жауапкершілікке тартылыпты. Алайда жазадан кейін жағдай өзгерді десек қателесеміз. Өйткені дәрігер салғырттығынан сал болып, тіпті ажалынан бұрын өліп кеткендер азайған жоқ. Жарық дүниеге жаңа келген періштенің өзіне аяушылық танытпаған атыраулық дәрігерлердің ісін ақтау ақылға қонымсыз болар еді.
Жасыратыны жоқ, көбіміз шыбын жан мұрынның ұшына тірелгенде ғана шарасыздықтан дәрігерлердің алдына шипа іздеп барамыз. Бірақ көп жағдайда ауру асқынғанда қажетті ем-домды жасаған күннің өзінде дендеп кеткен дертке дауа жасауға медицинаның өзі қауқарсыз болады. Ал ауруды алдын алуға болатын жағдайда жауапкершілігіне немқұрайлы қарап, қажетті ем-домын дұрыс жасамаған жағдайда қайтпек керек? Өкінішке қарай, медицинаның қауқарсыздығына қарағанда соңғысынан зардап шеккендер жетерлік. Бірақ ақ халаттылар жасаған қателікті анықтау қиын.Медицина қызметкерлері өздерінің жіберген қателіктерін жасыру үшін түрлі айла-әрекетке барып, ақыр соңында өзімді өтірік алдап, басқа ауруханадан бір-ақ шығарды. Гинекология бөлімінің меңгерушісінен бастап медбикелерге дейін бірге ауыз жаласып, хал үстінде жатқанымда жағдайымды білуге жарамады. Керісінше, перзентхананың бас дәрігері, қазір қайтыс болып кеткен Иван Лидің өзі келіп, ауыр жағдайда жатқан менен кешірім сұрағаннан кейін ғана сең қозғалды. Акушер-гинекологтердің атын естісем, әлі күнге дейін қорқамын. Күйзеліске түскенім соншалық, жас босанған аналарды көрсем, басымнан өткен ауыр күндерім көз алдыма келеді. Себебі олардың қателігінен үш рет пышақтың астына түстім», – дейді. Бір жасында денесінің 20 пайызын күйік шалған Мерейдің анасы Меруерт баласының басынан өткен қиын күндерін дұшпанына да тілемейтінін тілге тиек етті. «Қызым бір жасқа толмаған кезде қайнап тұрған шәугімдегі суға күйіп қалды. Жедел жәрдеммен Кеген аудандық ауруханаға түстік. Ол жердегі дәрігерлер үш күн бойы жақпамайдан басқа ешқандай емдік шара көрсетпеді. Амал жоқ, «ешқандай талабым жоқ» деген қолхат жазып, қызымды қалаға апардық. Ол жердегі дәрігерлер қызымның күйігін көріп, көздері шарасынан шыға жаздады. Алғашқы дәрігерлік көмекті дұрыс жасамағандықтан, салдарынан ауру әбден асқынып, екі аяғы түгел іріңдеп кеткен. Дер кезінде көмек көрсетілгенде ешқандай тыртық қалмас еді. Сөйтіп, үш ай аурухана төсегінде жатып, бірнеше рет ота жасады. Өзінің терісінен алып, күйік шалған жерге жамады. Қазір қызымның денесіндегі тыртықтарды көрсем, жанымды қоярға жер таппаймын. Бойы өскен сайын денесі тартылып, ертеңгі күні мүгедек болып қала ма деп қорқамын», – дейді көзіне жас алған алматылық Меруерт.Елорда тұрғыны Сара осыдан екі жыл бұрын көрген азабын қазір көзіне жас алып еске алады. Алланың қалауымен ғана аман қалғанын айтқан ол: «Үшіншімді Нұр-Сұлтан қалалық №2 перзентханасында босандым. Қызым жүрек ақауымен туылды. Дәрігерлердің балам екеумізге көрсеткен қорлықтарын есіме алсам, әлі күнге дейін тамағыма өксік тығылады.
Медицина саласындағы қылмыстарды қылмыссыздандырудың салдарынан дәрігерлер жіберетін қателіктер жиі түзетіле бермейді. Әріптестерінің әрекетінен сабақ алмау қалыпты жағдайға айналып барады. Олардың өз міндетіне жүрдім-бардым қарауына тосқауыл болу үшін дәрігерлер келтірген зиянды өтеудің ашық және тиімді тетігін енгізу қажет. Осылай деп санайтын заң ғылымдарының кандидаты Бақытжан Асқаров:
«Әлемдік тәжірибеде дәрігер қателігін алдымен тәуелсіз медициналық кеңес қарайды. Медицинада абайсыздық немесе әрекетсіздік жағдай бар. Көмек көрсетпеу немесе тиісті ем-дом жасамағаны үшін жауап беру керек. Науқас комаға түскенде оның өмірін сақтау үшін келісімін алмай, отаны бастауға тура келетін жағдай бар. Осындай кезде ота жасалмаса, дәрігердің әрекетсіздігі үшін қылмыстық іс қозғалады. Егер ота хаттама бойынша жүргізіліп, науқасты құтқару мүмкін болмаса, бұл қылмыс емес. Дәрігердің ісін қарайтын тергеуші аурудың ерекшеліктерін біле алмайды. Өйткені ол дәрігер емес, істі қарайтын судья да дәрігер емес. Сол үшін шетелдегідей медициналық қателіктерді тексеруге тәуелсіз медициналық комиссияларды тарту тәсілін қолдану қажет», – дейді. Дәрігерлердің қателігін дәлелдеу қиын. Кейде дәлелденген қылмыстардың өзі сотқа жетпейді. Адвокат Айман Омарова осылай деп отыр. «Біріншіден, мұндай істерді тергеу ұзаққа созылады. Өйткені тергеушілердің медициналық білімі төмен. Екіншіден, медициналық қателік бойынша тергелетін істердің көбі сот-сараптамасына тәуелді. Ал сот сараптамасын жасайтындардың барлығы медицина мамандары екенін ескерсек, ондай жерде ұжымдық ынтымақтастық басым болып кетеді. Олар жабылып жатып, түзуді қисық, қисықты түзу етуге тырысады. Үшінші, медицинаның кесірінен зардап шеккендер «болары болды, бояуы сіңді» деген қазақы түсінікпен қалып қойғандар. Қателігі үшін заң алдында жауапқа тартылмаса, дәрігерге бару қауіпті бола түседі. Болмаса, қалтаңды қомпайтып бару керек. «Дәрігерлердің қателік жібермеуіне кепілдік жоқ» дегенді медицина мамандары көп айтады. Ол мүлде басқа. Науқасты отаға кіргізер алдында туыстарына: «Қазір ота жасаймыз, бірақ ешқандай кепілдік бермейміз» деп ескертеді. Олар да Құдай емес қой. Ол мүлде басқа. Мысалы, менің қорғауымдағы Жалмұратова деген жаңадан босанған әйел жекеменшік емханада ота жасатқан. Ол жердегілер өздерінің ісін мойындамай «Жалмұратова бізден кейін басқа жерге баруы мүмкін» деп, бет бақтырмай отыр. Полиция қызметкерлері осы іске жүрдім-бардым қарады. Жекеменшік емхана әлі жабылмаған. Оны жаптырғанмен, ертең тағы басқа атпен ашып алу оңай тірлік. Янушайте деген бүлдіршін қыздың ісін қарап жатырмын. Мектепке баратын кезде комиссия дені сау деп береді де, қайтыс болып кеткен соң қызда «лейкемия» деген диагноз барын айтқан. Ота жасаларда ешқандай анализ қорытындысы шығарылмаған. Қазіргі жағдайда денсаулыққа жауапты ведомство жекеменшік емханалар емес, мемлекеттік мекемелердегі жүгенсіздікке бас ауыртып жатқан жоқ. Адамның өмірі ойыншық болып жатыр. Оны биліктегілер жақсы біледі. Өздері шетелге барып босанып алады, сол жақта емделеді. Болмаса, елдегі қымбат ақылы емханаларда ем-дом алады. Ал өзіміздегі дәрігерлердің салғырттығынан сал болып, өліп жатқандардың барлығы қарапайым халық. Шетелдегі әріптестерімнен естігенім, ол жақтағы медициналық қызметтің сапасы өте жоғары. Жауапкершілікке тартуы да қатал. Соңғы жылдары медицина қызметкерлерінің қателігінен зардап шеккендердің ісі көп келетін болды. Өйткені өзге елдермен салыстырғанда заңымыз солқылдақ», – дейді Айман Омарова. Технологиясы көш ілгері кеткен АҚШ пен дәрігерлерінің біліктілігі оқ бойы озық саналатын Еуропаның өзінде ақ халаттылардың кесірінен ажал құшатындар көп. Мәселен, АҚШ-та медицина мамандары тарапынан кететін қателіктер 3-4% құрайды. Бұл елде әр 15 минут сайын медицина қызметкерлерінің қателігінен бес адам қайтыс болады. Ұлыбританияда бұл көрсеткіш 5% құрайды. Тұманды Альбиондағы медициналық қателіктердің салдарынан жыл сайын 70 мыңға жуық адам қайтыс болса, Франция мен Испанияда дәрігерлердің немқұрайлық құрбандарының саны 5 мыңға жуықтаған. Ал Италияда жыл сайын 90 мыңға жуық науқас медициналық қателіктерден зардап шегеді екен.Медицинасы өзге елдермен салыстырғанда бірнеше есе артық әрі тәртіпті алдыңғы қатарға қоятын Германияда жыл сайын 100 мыңға жуық науқас дәрігерлердің біліксіздігінен құрбан болады. Алайда бұл елдегі дәрігерлерді жауапкершілікке тартқызу кемшін дегенді білдірмейді. Әсіресе, АҚШ пен Германияда медициналық қателік ұғымына терең мән беріліп, жауапкершілікке тартуда арнайы комиссия жұмыс істейді. Егер дәрігердің қателігі дәлелденсе, айыппұл төлетуден бастап бірнеше жылға бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Сондай-ақ өмір бойына медицина саласында қызмет етуіне тыйым салады.
Бізде де медициналық қателік жібергендер әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Дегенмен дертіне дауа тапқандардан гөрі «дәрігерлердің салғырттығынан» деген тіркес жиі айтылады. Адам өміріне Алладан кейін араша болатын дәрігерлердің жауапкершілігін арттыру үшін жапондардың тәсілін қолданған дұрыс па дейсің. Бұл елде дәрігерлерді жіберген қателігі үшін абақтыдан бұрын, БАҚ беттерінде аты-жөнін көрсетіп, абыройын айрандай қылады екен. Жұрттың алдында масқарасы шыққан маманның кәсіптік қызметіне нүкте қойылады. Жапондардың жазалау тәсілін енгізу үшін адвокат айтқан үш мәселе шешімін тапса, құба-құп.Жадыра МҮСІЛІМ