Коронавирус індеті әлем елдерін жорға жүрісінен жаңылдырып, әбден абдыратып тастады. Ол жұмыссыздықты көбейтіп, халықтың әл-ахуалын төмендетті. Екі жылдан астам уақыт өткеннен кейін осы нәубетпен қай мемлекеттің қалай күресіп жатқанын салыстырулар арқылы көруге болады. Қазақстан ше? Біздің ел жұмыссыздықпен күресіп жатыр ма?
Жұмыссыздық иектеп барады
2021 жылдың бес айының көрсеткіші бойынша, ЕАЭО елдерімен салыстырғанда ең үлкен жұмыссыздық қарқыны Қазақстанда байқалған. Осы уақыт ішінде экономикалық одаққа қатысушы әріптестердің құзырлы органдарында тіркелген жұмыссыздық көрсеткіші орташа есеппен 30%-ға төмендегенде, біздің елде ол керісінше 38%-ға ұлғайған. Бұл ақпарат Еуразия экономикалық комиссиясының сайтында жарияланды. Осы деректерге сүйенсек, бірнеше мемлекеттерде соғыс қимылдарын жүргізіп, соның кесірінен өркениет әлемнің қиын санкциялық қыспағында қалған Ресейдің өзінде еңбекпен қамту органдарында жұмыссыздық жөнінде тіркелгендер саны былтырғы мерзіммен салыстырғанда 1,3 млн (37%-ға кем) адамға кеміген. Беларусьте ресми жұмыссыз ретінде 8,5 мың адам ғана тіркелген. Бұл былтырғы мөлшерден 17%-ға аз. Қырғызстан мен Арменияда жұмыссыздар саны сәйкесінше 3,5% және 2% өскен.Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) дерегінше, 2022 жылы әлемде жұмыссыздар саны 205 млн адамға жетпек. Сонымен қатар, қазіргі кезде жұмыс істеп жүрген 100 млн адам кедейшілік шегінде өмір сүріп жатыр. «Әлем елдерінде індет жағдайына байланысты еңбекпен қамтудың төмендігі және жұмыс уақытының шектелуі себебінен адамдардың табысы кеміп, кедейшілік артып барады» делінген ХЕҰ таратқан ақпаратта. Сарапшылардың бұған дейін еңбекпен қамту ісі жылдың екінші жартысынан бастап оңала бастайды деген жорамал жасаған, бірақ індеттің қайта ушығуына байланысты бірқатар қалаларда, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласында карантин режимінің күшейтілуіне орай бұл жорамал әзірге жүзеге аспай қалатын түрі бар. Сондай-ақ, халықаралық эпидемиологиялық жағдайда да біртекті емес, кейбір дамуы орташа және кедей мемлекеттерде вакцина тапшылығы айқын сезілуде. Бұл жайттар әлемнің сауығуына кесірін тигізіп отыр.ҚР Ұлттық статистика агенттігі бюросының сайтында Қазақстандағы жұмыссыздар саны 451,3 мың деп көрсетілген. Яғни, жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құраған. Алайда, еңбекпен қамту органдарында олардың тек жартысы ғана – 215 мың адам(2,3%) тіркелген.
Қашықтан қызмет көрсету жүйесі дамыды
ХЕҰ-ның дерегінше, әлемде еңбекпен қамтылған әрбір бесінші адам қашықтан қызмет көрсетеді екен. Осы үрдіс біздің елімізде де кең белең алып келеді. Қазақстанда 2021 жылдың 1-тоқсанында 73,7 мың адамның қашықтан жұмыс істеп жүргені мәлім болды. Олардың 70,2 %-ы – әйел азаматшалар. Соның арқасында еркін экономикалық қатынастар күрт қарқын ала бастады, қызметкерлер бір орында байланып отырып жұмыс істемейтін жағдайға жетті. Мұндай еңбек режимі бір жағынан жұмыс берушінің де, жұмыс іздеушінің де мүмкіндігін арттыра түсті. Жұмыс берушілер өзіне қажетті қызметкерлерді басқа өңірлерден, тіпті интернет желісі қосылған шалғай ауылдардан да таңдап ала алатын болды, өз кезегінде ізденушілер көңілі қалаған қызметін қашықтықтан атқаруға, тіпті шамасы жетсе, екі-үш мекемелерде қатар еңбектенуге қол жеткізді. Қалыптасқан жағдайды, әсіресе ауылдық жерлердегі мамандар ұтымды пайдаланып жатқанға ұқсайды. «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ сарапшыларының дерегінше, қашықтан жұмыс істейтін қазақстандықтардың әрбір үшіншісі ауыл тұрғындары көрінеді. Әлбетте, қашықтан еңбектену үшін тиісінше коммуникация қажет. Алайда жұмыс берушілердің тек 15% ғана қызметкерлерін байланыс құралдарымен қамтамасыз еткен, еңбек етіп жүргендердің қалғандары өз құрал-мүліктерінің арқасында табыс тауып отыр. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, кейбір қызмет көрсету секторын дамытуға және әйел адамдардың еңбекпен көптеп қамтылуына нақ осы қашықтықтан жұмыс істеу формасы оңтайлы әсер еткен.Қазақстанның еңбек нарығына індеттің тағы бір айқын әсері – уақытша жұмыс істемейтіндер қатарының күрт артуы. Олар бір қарағанда жұмыстан ресми түрде шығарылмаған, бірақ нақты еңбекке де жегілмеген. Биылғы жылдың 1-тоқсанында мұндай «қызметкерлердің» саны 139,6 мың адамға жеткен. Ол өткен жылдың 4-тоқсанымен салыстырғанда 5%-ге аз немесе 7,1 мың адамға кеміді. Сарапшылар қазіргі кезде республикада қызмет көрсету секторында еңбек ахуалы ақырындап оңалып келе жатқанымен, ауыл шаруашылығы, құрылыс, өнер және ойын-сауық, қаржы мен сақтандыру салаларында қысқартулардың толас таппай тұрғанынан қауіптенеді. Бүгіннің өзінде бұл кәсіптен көптеген білікті мамандар кетіп қалған. Ал оның жағымсыз салдары уақыт өте қатты білінетіні кімге болса да аян.Дегенмен үйден жұмыс істеудің көзге ұрып тұрған тиімді жақтары бірталай болғанымен, ол адамның жұмыс уақытын бұрынғы үйреншікті жағдайдан гөрі созып жіберетіні және жеке өмір мен кәсіби міндеттің аражігін араластырып жіберетіндігі анық. Қалай болғанда да, қазіргі жағдайда еңбектенуді осы режимі барлық елдерде қарқынды қалыптасып барады.
Өңірлердің жағдайы ойдағыдай емес
Жұмыссыздық әсіресе еліміздің оңтүстік аумақтарында – Алматы және Түркістан облыстарында 5,2%-дан жоғары. Оның көрсеткіші Шымкент қаласында – 5,1%. Жұмыссыздықтың ең төменгі деңгейі: Нұр-Сұлтан қаласы – 4,6% мен Қарағанды облысында – 4,5%. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Ұлттық статистика агенттігі бюросы келтірген деректе елдегі нақты жұмыссыздар саны 451,3 мың адамға жеткенімен, еңбекпен қамту органдарында олардың тек жартысына жуығы ғана – 215 мың адам тіркелген. Ресми жұмыссыздар ретінде тіркелгендердің ең көбі –Түркістан ( 4,6%), Атырау (4,5%) және Батыс Қазақстан (4,4%) облыстарында. Қолданыстағы заңға сәйкес, жұмысын жоғалтқан адамдар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі мен кейінгі 24 айдың табыс мөлшеріне қарай бір айдан алты айға дейін жәрдемақы ала алады. Оларға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жоғалтқан табыс көлемінің 40%-на дейін өтемақы беріледі. ҚР Еңбекпен қамту және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегі бойынша, өткен жылы жұмысын жоғалтқан 99,1 мың адамға аталған қордан 15,8 млрд теңге қаржы төленген.Соған қарамастан сарапшылардың болашаққа деген болжамы үміттендіреді. «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Болжау департаментінің директоры Дмитрий Шумековтың айтуынша, жылдан жылға жалдамалы жұмысшыларға деген сұраныс арта беруі тиіс. 2021-2025 жылдар аралығында жалдамалы қызметкерлерге деген сұраныс 55,3%-ға (574 мың адам) жетеді. Ал оптимистік сценарий бойынша ол 1,2 млн дейін адамды еңбекпен қамтуға мүмкіндік бермекші. Жалдамалы қызметкерлерге деген сұраныс білім саласында – 16-18% ауылшаруашылық саласында – 7,6-дан 10%-ға дейін және өңдеу өнеркәсібі саласында 9,7-10,2% шамасында қалыптасуы тиіс. Жалпы, 2025 жылы елімізде 9,3 млн адам еңбекпен қамтылып, оның 7,7 млн-ы жалдамалы жұмысшы болса, 1,2 млн-ын басқа санаттардың өкілдері құрамақ. Ал жұмыссыздық деңгейі 4,7%, яғни 439 мың адам мөлшерінде қала бермек.Олардың әр адамға шаққандағы орташа мөлшері 2020 жылдың қорытындысы бойынша 43 577 теңге болса, 2021 жылдың наурыз айындағы есепте ол 49 748 теңгені құраған. Ал биылғы алғашқы екі айда жұмыссыз қалған қазақстандықтарға 3,3 млрд теңге өтемақы берілген. Оны 37,5 мың адам иеленді. Мұндай демеуқаржы 16 534 азаматқа бірінші рет тағайындалған.
Дәулет АСАУ