Жұмыссыздар армиясы 450 мыңнан асты
Жұмыссыздар армиясы 450 мыңнан асты
164
оқылды

Коронавирус індеті әлем елдерін жорға жүрісінен жаңылдырып, әбден абдыратып тастады. Ол жұмыссыз­дықты көбейтіп, халықтың әл-ахуалын төмендетті. Екі жылдан астам уақыт өткеннен кейін осы нәубетпен қай мемлекеттің қалай күресіп жатқанын салыстырулар арқылы көруге болады. Қазақстан ше? Біздің ел жұмыс­сыздықпен күресіп жатыр ма?

Жұмыссыздық иектеп барады

2021 жылдың бес айының көр­сеткіші бойынша, ЕАЭО елдерімен салыстырғанда ең үлкен жұмыс­сыздық қарқыны Қазақстанда байқалған. Осы уақыт ішінде экономикалық одаққа қатысушы әріптестердің құзырлы орган­дарында тіркелген жұмыссыздық көрсеткіші орташа есеппен 30%-ға төмендегенде, біздің елде ол керісінше 38%-ға ұлғайған. Бұл ақпарат Еуразия экономикалық комиссиясының сайтында жария­ланды. Осы деректерге сүйенсек, бірнеше мемлекеттерде соғыс қимылдарын жүргізіп, соның кесірінен өркениет әлемнің қиын санкциялық қыспағында қалған Ресейдің өзінде еңбекпен қамту органдарында жұмыссыздық жөнінде тіркелгендер саны был­тырғы мерзіммен салыстырғанда 1,3 млн (37%-ға кем) адамға ке­міген. Беларусьте ресми жұмыс­сыз ретінде 8,5 мың адам ғана тіркелген. Бұл былтырғы мөл­шер­ден 17%-ға аз. Қырғызстан мен Арменияда жұмыссыздар саны сәйкесінше 3,5% және 2% өскен.

ҚР Ұлттық статистика агенттігі бюросының сайтында Қазақ­стандағы жұмыссыздар саны 451,3 мың деп көрсетілген. Яғни, жұ­мыссыздық деңгейі 4,9%-ды құраған. Алайда, еңбекпен қамту орган­дарында олардың тек жартысы ғана – 215 мың адам(2,3%) тіркелген.

Халықаралық еңбек ұйымы­ның (ХЕҰ) дерегінше, 2022 жылы әлемде жұмыссыздар саны 205 млн адамға жетпек. Сонымен қатар, қазіргі кезде жұмыс істеп жүрген 100 млн адам кедейшілік шегінде өмір сүріп жатыр. «Әлем елдерінде індет жағдайына байланысты еңбекпен қамтудың төмендігі және жұмыс уақытының шектелуі себебінен адамдардың табысы кеміп, кедейшілік артып барады» делінген ХЕҰ таратқан ақпаратта. Сарапшылардың бұған дейін еңбекпен қамту ісі жылдың екінші жартысынан бастап оңала бас­тайды деген жорамал жасаған, бірақ індеттің қайта ушығуына байланысты бірқатар қалаларда, оның ішінде Нұр-Сұлтан қала­сында карантин режимінің кү­шейтілуіне орай бұл жорамал әзірге жүзеге аспай қалатын түрі бар. Сондай-ақ, халықаралық эпидемиологиялық жағдайда да біртекті емес, кейбір дамуы орташа және кедей мемлекеттерде вакцина тапшылығы айқын сезілуде. Бұл жайттар әлемнің сауығуына кесірін тигізіп отыр.

Қашықтан қызмет көрсету жүйесі дамыды

ХЕҰ-ның дерегінше, әлемде еңбекпен қамтылған әрбір бесінші адам қашықтан қызмет көрсетеді екен. Осы үрдіс біздің елімізде де кең белең алып келеді. Қазақстанда 2021 жылдың 1-тоқсанында 73,7 мың адамның қашықтан жұмыс істеп жүргені мәлім болды. Олар­дың 70,2 %-ы – әйел азамат­шалар. Соның арқасында еркін эконо­микалық қатынастар күрт қарқын ала бастады, қызметкерлер бір орында байланып отырып жұмыс істемейтін жағдайға жетті. Мұндай еңбек режимі бір жағынан жұмыс берушінің де, жұмыс іздеушінің де мүмкіндігін арттыра түсті. Жұмыс берушілер өзіне қажетті қызмет­керлерді басқа өңірлерден, тіпті интернет желісі қосылған шалғай ауылдардан да таңдап ала алатын болды, өз кезегінде ізденушілер көңілі қалаған қызметін қашық­тықтан атқаруға, тіпті шамасы жетсе, екі-үш мекемелерде қатар еңбектенуге қол жеткізді. Қалыптасқан жағдайды, әсіре­се ауылдық жерлердегі мамандар ұтымды пайдаланып жатқанға ұқсайды. «Еңбек ресурстарын да­мыту орталығы» АҚ сарапшыла­рының дерегінше, қашықтан жұ­мыс істейтін қазақстан­дықтар­дың әрбір үшіншісі ауыл тұрғын­дары көрінеді. Әлбетте, қашықтан ең­бек­тену үшін тиісінше комму­ника­ция қажет. Алайда жұмыс беруші­лердің тек 15% ғана қыз­мет­керлерін байланыс құралдарымен қамта­масыз еткен, еңбек етіп жүргендер­дің қалғандары өз құрал-мүлік­те­рінің арқасында табыс тауып отыр. Халықаралық тәжірибе көр­сеткендей, кейбір қызмет көрсету секторын дамытуға және әйел адамдардың еңбекпен көптеп қамтылуына нақ осы қашықтықтан жұмыс істеу формасы оңтайлы әсер еткен.

Дегенмен үйден жұ­мыс істеудің көзге ұрып тұрған тиімді жақтары бірталай бол­ға­нымен, ол адамның жұмыс уақы­тын бұрынғы үйреншікті жағдайдан гөрі созып жіберетіні және жеке өмір мен кәсіби міндеттің аражігін араластырып жіберетіндігі анық. Қалай болғанда да, қазіргі жағ­дайда еңбектенуді осы режимі бар­лық елдерде қарқынды қалып­тасып барады.

Қазақстанның еңбек нарығына індеттің тағы бір айқын әсері – уақытша жұмыс істемейтіндер қатарының күрт артуы. Олар бір қарағанда жұмыстан ресми түрде шығарылмаған, бірақ нақты еңбекке де жегілмеген. Биылғы жылдың 1-тоқсанында мұндай «қызметкерлердің» саны 139,6 мың адамға жеткен. Ол өткен жылдың 4-тоқсанымен салыс­тырғанда 5%-ге аз немесе 7,1 мың адамға кеміді. Сарапшылар қазіргі кезде рес­публикада қызмет көрсету секто­рында еңбек ахуалы ақырындап оңалып келе жатқанымен, ауыл шаруашылығы, құрылыс, өнер және ойын-сауық, қаржы мен сақ­тандыру салаларында қысқарту­лардың толас таппай тұрғанынан қауіптенеді. Бүгіннің өзінде бұл кә­сіптен көптеген білікті маман­дар кетіп қалған. Ал оның жа­ғымсыз салдары уақыт өте қатты білінетіні кімге болса да аян.

Өңірлердің жағдайы ойдағыдай емес

Жұмыссыздық әсіресе елі­міз­дің оңтүстік аумақтарында – Ал­маты және Түркістан облыста­рында 5,2%-дан жоғары. Оның көрсеткіші Шымкент қаласында – 5,1%. Жұмыссыздықтың ең төменгі деңгейі: Нұр-Сұлтан қаласы – 4,6% мен Қарағанды облысында – 4,5%. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Ұлттық статистика агенттігі бю­росы келтірген деректе елдегі нақты жұмыссыздар саны 451,3 мың адамға жеткенімен, еңбекпен қамту органдарында олардың тек жартысына жуығы ғана – 215 мың адам тіркелген. Ресми жұмыс­сыздар ретінде тіркелгендердің ең көбі –Түркістан ( 4,6%), Атырау (4,5%) және Батыс Қазақстан (4,4%) облыстарында. Қолданыстағы заңға сәйкес, жұмысын жоғалтқан адамдар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі мен кейінгі 24 айдың табыс мөлшеріне қарай бір айдан алты айға дейін жәр­демақы ала алады. Оларға Мем­ле­кеттік әлеуметтік сақтандыру қо­рынан жоғалтқан табыс кө­лемінің 40%-на дейін өтемақы беріледі. ҚР Еңбекпен қамту және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегі бойынша, өткен жылы жұмысын жоғалтқан 99,1 мың адамға аталған қордан 15,8 млрд теңге қаржы төленген.

Олардың әр адамға шаққандағы орташа мөлшері 2020 жылдың қорытындысы бойынша 43 577 теңге болса, 2021 жылдың наурыз айын­дағы есепте ол 49 748 теңгені құ­раған. Ал биылғы алғашқы екі айда жұмыссыз қалған қазақстандық­тарға 3,3 млрд теңге өтемақы бе­рілген. Оны 37,5 мың адам иеленді. Мұндай демеуқаржы 16 534 азаматқа бірінші рет тағайындалған.

Соған қарамастан сарапшы­лардың болашаққа деген болжамы үміттендіреді. «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Болжау департаментінің директоры Дмитрий Шумековтың айтуынша, жылдан жылға жалдамалы жұмыс­шыларға деген сұраныс арта беруі тиіс. 2021-2025 жылдар аралы­ғында жалдамалы қызметкерлерге деген сұраныс 55,3%-ға (574 мың адам) жетеді. Ал оптимистік сценарий бойынша ол 1,2 млн дейін адамды еңбекпен қамтуға мүмкіндік бермекші. Жалдамалы қызметкерлерге деген сұраныс білім саласында – 16-18% ауылшаруашылық сала­сында – 7,6-дан 10%-ға дейін және өңдеу өнеркәсібі саласында 9,7-10,2% шамасында қалыптасуы тиіс. Жалпы, 2025 жылы елімізде 9,3 млн адам еңбекпен қамтылып, оның 7,7 млн-ы жалдамалы жұ­мысшы болса, 1,2 млн-ын басқа санаттардың өкілдері құрамақ. Ал жұмыссыздық деңгейі 4,7%, яғни 439 мың адам мөлшерінде қала бермек.

Дәулет АСАУ