Қандас көшіне тосқауыл көп
Қандас көшіне тосқауыл көп
206
оқылды

Тәуелсіздік алған тұстан бері ілкіде алыс елдерде қалған ағайынға атажұртына оралуға жол ашылды. Осы кезге дейін 1 миллионнан астам қандасымыздың елге оралғанын білеміз. Әйткенмен қандастар көшіне әлі де кедергілер көп тәрізді. Себебі тарихи Отанына оралған жандардың ішінде азаматтық ала алмай жүргендері жетерлік. Мұндай келеңсіздікке себепкер болып отырған бірнеше жайт бар. Біраз жыл өтті, алайда бұл мәселелер неге жөнге келмей тұр?

Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2020 жылдың қорытын­дысы бойынша, 13 мың этникалық қазақ тарихи Отанына оралып, қандас мәртебесін алған екен. Олар­дың 53,1 пайызы Қытай елінен келсе, 31,3 пайызы – Өз­бек­станнан, 8,7 пайызы – Түр­ік­менс­таннан, 3,7 пайызы – Моң­ғо­лиядан, 3,3 пайызы басқа елдер­ден келіпті. Көшіп келген ағайын­дар негізінен Алматы облысына (51,3 пайыз), Маңғыстау облысына (13,3 пайыз), Түркістан облысына (5,6 пайыз), Нұр-Cұлтан қаласына (4,1 пайыз), Шымкент қаласына (3,9 пайыз) қоныстаныпты.

Бір қы­зығы, былтыр 13 мың этни­ка­лық қазақ Қазақстанға көшіп кел­ген болса, 2019 жылғымен салыс­тырғанда бұл көрсеткіш 4 мыңға аз екен. Яғни, 2019 жылы «қандас» мәртебесін 17,7 мың этникалық қазақ алған. Бұған қарап, шеттен көшіп келушілердің саны жыл сайын азайып бара жатқанын бағамдау қиын емес.

Дегенмен мұның екі себебі бар тәрізді. Біріншісі, былтыр көк­темде пандемия кезеңі басталды. Бұл қандастар көшіне кедергі болғаны анық. Екіншісі, ата­жұрт­қа оралған ағайындар­дың ішінде әлі Қазақстан аза­маттығын ала алмай жүргендер азаймай отыр. Көші-қон қызме­ті, Халыққа қыз­мет көрсету ор­талығы секілді құ­зырлы орын­дардан көңілі қалған ағайын амалсыз қоғамдық ұйым­дарға көп жүгініп жатыр. «Көші-қон туралы» заң тар­мақтарында қарама-қайшы­лықтың көп екені жиі айтылады. Жат жердегі қандастарымызды атажұртқа қайтару мемлекеттік саясаттың басым бағыты бола тұра, жағдай мүшкіл секілді. Бә­рінен бұрын, олардың жанына бататыны – көбі қазақ бола тұра сонысын дәлелдей алмай әлек болып жүр. Азаматтығы болмаған соң не жұмыс жоқ, дәрігерге қаралу, білім алу мүмкіндігі жоқ, қысқасы, құжатын реттей алмай сандалып жүргендерді құқық қорғау органдары да бір жағынан қысымға алатын көрінеді. Негізі, ұлтын растайтын анықтама – қандас мәртебесін де, азаматтық алуға да негіз болатын басты құжат. Дегенмен кейбір елдер куәлікке ұлтын белгілемей, тек тілін ғана жазады. Бұл мәселелер қоғам тарапынан жиі көтерілді. Мәселен, қоғам қайраткері Ауыт Мұқибек көші-қон саясатына түбегейлі реформа қажет екенін талайдан бері айтып жүр. «2019 жылы Мәжілісте осы көші-қонға қатысты заңнама талқыланған кезде жұмыс тобының жетекшісі Кәрібай Мұсылманның атына хат жазып, солардың тізімін апарып беріп, ұсыныс кіргіздім. Ұлты қазақ екеніне күдік тудырған жағдайда комиссия арқылы шешу мәселесін кіргізейік, заңдасты­райық деп. Жұмыс тобы талқыға салды. Бірақ депутаттар мән-маңызын түсінбеді ме, соған зауқы соққан жоқ, бір-екі тал­қыдан соң алынып тасталды. Одан бері 2 жыл өтті. Қандас­та­рымыз әлі күнге дейін азаматтық ала алмай келе жатыр», – дейді ол. Демек, қандастарға азаматтық беру ісінде «Көші-қон туралы» заң талаптарын жеңілдету қажет болып отыр.

Айтпақшы, қандас атанып, дегенмен азаматтыққа қолы жетпей жүрген жандардың мә­селесімен «Отандастар қоры» айналысады. Олардың арыз-шағымын қарайды. Қазір қанша ағайынның құжатқа қолы жетпей жүргені жайлы нақты дерек жоқ. Әйтеуір жыл басында жаңағы «Отандастар қоры» қандастардан келетін шағымның көп екенін мәлім етті.

Мысалы, тек қана 2019 жылдың өзінде 11 мыңға жуық өтініш түскен. Кейбіреуін шешіп те жатқан көрінеді. Бірақ бар­лығын қамтымағанын көріп отырмыз. Биылдан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен тиісті заңнамаларға өзгеріс енгізуге тырысып жатқан қор, азаматтық алу үшін қандастар жинауға тиіс 46 құжатты 26-ға дейін азайтқанын жариялады. Дегенмен қағазбастылық әлі де бар сияқты. Оны азаматтыққа қолы жетпей жүрген ағайын­дар­мен тілдескенде байқадық.

Ағайынның базынасы көп

Гүлайна Айдарова өзбек жерінен атажұрты Қазақстанға 2003 жылы көшіп келген. Одан бері тұрмыс құрған, қазір 3 баласы бар. Алматы қаласында тұрады. Бірақ осы 18 жылдан бері азаматтық ала алмай келеді. Аза­маттық түгілі қандас мәртебесіне де қолы жетпеген. Осылай не Өзбекстан азаматы емес, не та­рихи Отанының азаматы емес, екі ортада төлқұжатсыз жүрген жайы бар. Күйбең тірлік пен бала тәрбиесінен қолы босамайтынын айтқан ол елімізде азаматтық алудың қағазбастылыққа толы бейнет екенін жеткізді. – Азаматтық ала алмай, төл­құжатсыз жүргеніме 18 жылдан асып барады. Халыққа қызмет көрсету орталығына барамын. Алдыма әзірлеуім тиіс 32 түрлі құжаттың тізімін береді. Ресми тілді білмеген соң қазақша нұс­қасын сұрамасам, үнемі орысша нұсқасын ұсынады. Ал ол құ­жаттарды дайындау – бейнеттің бейнеті. 1 құжатқа қол жеткізу үшін ұзақ уақыт күту қажет бо­лады. Менің ұлтымның қазақ екеніне күмән болса бір жөн. Бірақ қазақ екенім анық көрсе­тілген нақты құжаттар бар. Жал­пы, бауырларымның түгелге жуығы азаматтық алды. Әкемде де бар, – дейді Гүлайна Айдарова. Кей жерде қандастарға деген қолдаудың өз тарапымыздан да жетіспей жатқанын байқап жүрміз. Сондай оқиғаның бірі – 2020 жылы Мейірбан Көлдібек есімді қандасымыз Алматы қаласы Ақпараттық технология­лық университетіне оқуға түскен екен. Жоғары оқу орнында білім алып жатқан студент ықтияр­хатының мерзімі аяқталуға жақын екенін айтады. Екі апта ішінде азаматтығы шықпаса, оқу орны оған айыппұл төлейтінін айтып ескерту жасаған. Тіпті, оқу ордасы «Көші-қон полициясына ха­барлап, Қазақстаннан депорта­циялатамыз» деп студенттің зәресін алған көрінеді.

Жыл басында Түрікменстан жерінен Маңғыстау өңіріне 256 қандасымыз оралды. Осы өңірге бұрын Ауғанстаннан да жер­лес­теріміз келген. Жалпы, ауған же­рінен келген ағайынның елімізде азаматтық алуы өте қиын. Ауған­станның «таскира» деп аталатын туу туралы куәлігі бар. Сол куәлікте тегі деген жерде арабша қазақ деп тұрады. Бірақ ол тегі дегенді ұлты деп қабылдай бер­мейді. Ал таскирада ұлты көр­сетілмейді, тілі қазақ деп қана көрсетіліп тұрады.

Қиындығы да сол, Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығы мұндай жағдайда Ұлттық қауіпсіздік комитеті азаматтық беруге келісім бермейтінін жа­риялаған. Ал елге оралған азамат­тардың хәлі әрі қарай не болатыны белгісіз. Осындай қарама-қай­шылықтар жол тосып тұрғанда, қандастар жайына қайтадан дұрыстап зер салғанымыз абзал секілді.

Мадияр ТӨЛЕУ