Тінту кезінде спортшыдан жасырын орыннан салмағы 1,45 грамм амфетамин табылған.
Еркебұлан Тоқтардың қарсыласы 3,5 жылға шартты түрде сотталды
170
оқылды

Қазақстандық жанкүйерлерге Еркебұлан Тоқтармен өткізген екі жекпе-жегі арқылы танылған ресейлік поп-ММА файтері Фарид Ядуллаевқа қатысты сот үкімі шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Мәскеудің Мещан аудандық соты 28 жастағы спортшыны ірі мөлшерде психотроптық заттарды заңсыз сақтағаны үшін кінәлі деп таныды. Іс Ресей Қылмыстық кодексінің 228-бабы 2-бөлігі бойынша қаралған.

Ядуллаев биыл мамыр айында құқық қорғау органдары тарапынан ұсталған. Тінту кезінде спортшыдан жасырын орыннан салмағы 1,45 грамм амфетамин табылған.

Сот отырысында файтер өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін жеткізді. Нәтижесінде оған 3 жыл 6 ай бас бостандығынан шартты түрде айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар 4 жыл сынақ мерзімі белгіленді.

Фарид Ядуллаев Қазақстанда Nomad Fighting лигасы аясында Еркебұлан Тоқтармен өткізген жекпе-жектері арқылы кеңінен танылған.

Спортшылар алғаш рет 2023 жылдың маусымында Алматыда кездесті. Жекпе-жек бокс ережесі бойынша, ММА қолғаптарымен өтті. Төрешілердің шешімімен Ядуллаев жеңіске жетті.

Арада бір жыл өткен соң файтерлер реванш өткізді. 2024 жылдың қарашасында өткен бұл кездесуде спортшылар жалаң жұдырықпен жұдырықтасты. Бұл жолы Еркебұлан Тоқтар қарсыласын алғашқы раундтың 47-секундында нокаутқа түсіріп, жеңіске жетті.