Интернетке байланған өмір
Интернетке байланған өмір
209
оқылды

Қазір адамның бәрі компьютер мен түрлі гаджеттерге тәуелді. Сауда-саттықтың да көркін интернет арқылы қыздыру қалыпты жағдайға айналған. Ең қызығы, интернет арқылы алаяқтар да оңай олжа табудың жолына түсті. Киберқылмыскерлердің қулығына құрық бойламай тұр. Онлайн несие де талайға опық жегізіп жүр. Жұртшылықты алаңдатқан бұл мәселенің шешімі бар ма? Көпшілік алаяқтардан қайтсе сақтана алады?

БАСТЫ СЕБЕП – АДАМДАРДЫҢ АШКӨЗДІГІ

Полицейлер тұрғындарды киберқылмыскерлердің қулық-сұмдықтарынан сақ болуға қанша шақырғанымен, сан соғып қалып жатқандардың саны көбеймесе, азаяр емес. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, интернет-алаяқ­тық­тың ең жиі кездесетін түрі ин­тернет арқылы сауда жасаған кезде алдын ала төлем талап ету. Қылмыскерлер хабарландыру жарияланатын сайттарда құры­ғына іліктіретін адамдарды іздес­тіріп, алдын ала төлемді алып ал­ғаннан кейін ізім-ғайым жойы­лады. Алаяқтар барлық веб-ре­сурс­тарға тор құрып қойған: мә­селен, Instagram-дағы арнайы топтар, Krysha.kz және Kolesa.kz, OLХ.kz сайттары.

Осының кез келгенінде алаяқтың құрбанына айналуға болады. Әсіресе, соң­ғысында жалған хабарландырулар көп кездеседі. Солтүстік Қазақ­стан облыстық Полиция депар­таменті Криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры Виталий Под­чер­ниннің мәліметінше, интер­нет-алаяқтықтың үштен бір бөлігі дәл осы сайтта жасалады. Мыса­лы, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша биыл жыл басынан бері тіркелген 335 деректің 103-і OLХ.kz сайты арқылы жасалған.

Мәселен, жуырда зейнет де­ма­лысына шығар алдында трак­тор сатып алмақшы болған пет­ропавлдық OLХ.kz сайтынан іздегенін тауып, жерден жеті қоян тапқандай қуанғанымен, көңілі су сепкендей басылды. Өз құр­ба­нымен WhatsApp желісі арқылы сөйлескен жалған «сатушы» трак­торды басқа қаладан жеткізу ке­рек екенін желеу етіп, жол шы­ғын­дарына 750 мың теңге алдын ала төлем талап еткен. Сұрағанын қалтасына басқан соң, сатып алушымен байланысқа шықпай, ізін суытқан. Бұл – алдаудың ең кең тараған түрі. Көп жағдайда арзанқолдау дүниеге қызыққан адамдардың өздерінің ашкөздігі кінәлі. Тиын-тебенін үнемдеу мақ­сатымен осындай хабарлан­ды­руларды шиырлаған жұртшы­лық алаяқтың ауылы алыс емес екенін бағамдай бермейді.

Бұдан басқа сатушыларға «жеткізіп беру» қызметін ұсыну арқылы да алдап соғатындар бар. Ол үшін сілтеме арқылы өтіп, банк карталарының деректерін енгізу қажет. Сілтеме арқылы ашылған парақшаға енгізілген деректер қылмыскердің қолына түсіп, олар аңқау адамдардың есепшотына оңай қол жеткізеді. Сондықтан әр адам сақтықты ұмытпай, әр хабарландыруды мұқият тексеруі тиіс.

Сатушымен бейнеқоңырау арқылы сөйлесіп, бет-жүзін көрген абзал. Оған қоса сатылатын тауарды да көрсетуін талап еткен артық етпейді. Қаскөйлер мұндай ұсыныстан бірден бас тартатыны белгілі. Сол кезде секем алып, ондайлармен байланысты шорт кескен дұрыс. Аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкіл Виталий Подчернин мұндай хабарландыруларға бір­ден назар аударатынын айтады. «Біз сайттың әкімшілігіне жүгі­неміз. Қосымша тексерістен ке­йін әкімгерлер жалған хабар­ландыруды бұғаттайды. Осы­лайша, жыл басынан бері алаяқ­тардың 52 хабарландыруы бұ­ғатталды», – дейді ол.

ШЕБЕРЛІГІ ТАҢДАЙ ҚАҚҚЫЗАДЫ

Интернет арқылы жасалатын қылмыстың тағы бір кең тараған түрі – банк қызметкері атынан қоңырау шалған баукеспелердің айла-шарғысы. Бұлардың кәдуілгі баукеспелерден айырмашылы­ғы – олар тиын-тебенді місе тұтпай, миллиондап олжалағанды жөн көреді. Осылайша, жуырда петропавлдық аңғал келіншек 2 миллион теңгесінен қалай айырылып қалғанын өзі де сезбей қалды. Оған белгісіз біреу банк қызметкері ретінде хабарласып, несие рәсімдеу туралы ұсыныс жасайды. Қаскөйдің айтқанын екі етпей, барлық нұсқауын кезек-кезегімен орындаған әйел ақыр соңында опық жеп қалды. Нұсқау бойынша интернет-бан­кинг қосымшасын ұялы теле­фонына жүктеп, тексерістен өтіп, ақыр соңында cvv-кодын алаяққа ақтарып салған. Осылайша, кар­тасындағы бар қаржысынан айы­рылып, тақырға отырып қалған. Ал тағы бір петропавлдық осы­ған ұқсас сценарий бойынша қас­көйлердің айтуымен 200 мың тең­­генің несиесін рәсімдеп, басқа бі­реудің есепшотына аударып жі­бер­ген. Сөйтіп, жер сипап қал­ған ол полицияға жүгінуге мәжбүр болған.

Петропавл қалалық Полиция басқармасының бастығы, поли­ция полковнигі Жандос Мұқа­тов­тың айтуынша, ең сойқаны – мұндай жымын білдірмейтін қыл­мыскерлердің ізіне түсу де, ұстау да, жазаға тарту да оңай емес. Өйткені интернет – барша әлемге ортақ. «Мұндай қылмысты ашу кезінде бірқатар қиындық туындайды. Соның ішінде ең бас­тысы, қаскөйлер басқа өңір­лерде, тіпті өзге мемлекетте жүруі мүм­кін», – дейді Жандос Мұқатов.

Жуырда Instagram әлеуметтік желісіндегі жалған «интернет дү­кеннен» киім сатып алмақ болып, 98 мың теңгесінен қағылған әйел­дің арызын тергеу барысында алаяқ Қарағанды қаласында тұра­тыны анықталды. Петропавл қа­лалық Полиция басқармасы кри­миналдық полиция бөлімінің бас­тығы, полиция подполков­нигі Дар­хан Зияфиддиннің ай­туынша, оны қарағандылық әріп­тестері қолға түсіріпті. «Атал­ған дерек бо­йынша материалдар енді Қара­­ғандыға жіберіледі. Әккі әйелдің әре­кетінен Петропавлда ғана емес, Қазақстанның басқа өңір­ле­рінде де жапа шеккендер бар», – деді ол. Полицияның дерегінше, алаяқ­тардың құрығына көп жағ­дайда әйелдер жиі түседі. Облыста осындай 213 жағдай тіркеліпті. Көбі айлакерлердің айтқанына сеніп, ақшасынан айырылып тынған соң ғана «ақылы кіретіні» өкінішті-ақ. «Құпия сөздер, пин-кодтар, cvv-кодтар, sms хабарламалар – қандай жағдай болмасын бөгде адамдарға сеніп айтуға болмайтын ақпарат екенін үнемі ескерте­міз», – дейді тәртіп сақшылары. Бірақ оның айтуынша, қылмыс­керлер де барған сайын айла-амалдарын жетілдіруден жалық­пайды. Мәселен, олар банктің call-орталығы нөмірлеріне сәйкес келетін телефон нөмірін таңдап, қоңырау шалған кезде сол сәй­кестікті алға тартады. Кейбіреу­лері тіпті жәбірленушінің соңғы кезде жасаған операцияларынан да хабардар. Интернет-алаяқ­тардың осындай асқан шеберлігі таңдай қаққызып, тәнті етпей қоймайды.

ОПЫҚ ЖЕГІЗГЕН ОНЛАЙН НЕСИЕ

Соңғы кезде тасы өрге дома­лап тұрған онлайн несие де та­лайға опық жегізіп жүр. Көзге көрінбейтін несие берушілер үйде отырып, телефон не компьютер арқылы қарыз сұраған жұртшы­лыққа оп-оңай оңды-солды ақша тарата береді. Ол үшін уақыт шы­ғындап банкке барудың, ұшы-қиыры жоқ, құжат ұсынудың қа­жеті жоқ. Жеке сәйкестендіру но­меріңіз бен ұялы телефоныңыз болса болғаны. Банктердегідей «бас ауруы» жоқ: зейнетақы тө­лемдерінің көшірмесі де, жұмыс орнынан анықтама да, кепілдік беретін адам да, түк те талап етіл­мейді. Бұл жайт алаяқтардың өрі­сін кеңейте түсті. Олар өзге­лердің сыртынан несие рәсімдеп, оңай олжаға кенелді. Ресми дерек бойынша, биыл интернет арқылы жасалатын қылмыс саны 139 па­йызға артқан. Жуырда хабарлан­дырулар сайтынан біреудің жеке куәлігі табылды дегенді көрген алаяқ сол құжатты пайдаланып, бірер күннің ішінде 50 несие рәсімдеп үлгеріпті.

Түйіндей келгенде, айлакердің арбауына түсіп қалмау – әркімнің жеке басының ісі. Өйткені әзірге елімізде интернет-алаяқтықтың алдын аларлықтай еш шара қа­былданбаған. «Интернетте алаяқ­тар бар» деп жалпылама сақтан­дырудан пайда шамалы сияқты. Жалған онлайн-дүкен ашылға­нын немесе веб-сайт пайда бол­ғанын ескеріп, неге мониторинг жасап отырмасқа? Ондайлардың тізімі­нен халық уақытылы құ­лағдар етілсе, алданғандар азаяр ма еді?

Ал онлайн несие беруге кел­сек, бұл жүйені де реттейтін кез келген сияқты. Оңай несие опық жегізгенін ескере келе, оның жо­лын мүлдем кессе де артық емес. Онсыз да қарызға белше­сі­нен батқан халыққа септігі тиер еді.

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы