Қазір адамның бәрі компьютер мен түрлі гаджеттерге тәуелді. Сауда-саттықтың да көркін интернет арқылы қыздыру қалыпты жағдайға айналған. Ең қызығы, интернет арқылы алаяқтар да оңай олжа табудың жолына түсті. Киберқылмыскерлердің қулығына құрық бойламай тұр. Онлайн несие де талайға опық жегізіп жүр. Жұртшылықты алаңдатқан бұл мәселенің шешімі бар ма? Көпшілік алаяқтардан қайтсе сақтана алады?
БАСТЫ СЕБЕП – АДАМДАРДЫҢ АШКӨЗДІГІ
Полицейлер тұрғындарды киберқылмыскерлердің қулық-сұмдықтарынан сақ болуға қанша шақырғанымен, сан соғып қалып жатқандардың саны көбеймесе, азаяр емес. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, интернет-алаяқтықтың ең жиі кездесетін түрі интернет арқылы сауда жасаған кезде алдын ала төлем талап ету. Қылмыскерлер хабарландыру жарияланатын сайттарда құрығына іліктіретін адамдарды іздестіріп, алдын ала төлемді алып алғаннан кейін ізім-ғайым жойылады. Алаяқтар барлық веб-ресурстарға тор құрып қойған: мәселен, Instagram-дағы арнайы топтар, Krysha.kz және Kolesa.kz, OLХ.kz сайттары.Мәселен, жуырда зейнет демалысына шығар алдында трактор сатып алмақшы болған петропавлдық OLХ.kz сайтынан іздегенін тауып, жерден жеті қоян тапқандай қуанғанымен, көңілі су сепкендей басылды. Өз құрбанымен WhatsApp желісі арқылы сөйлескен жалған «сатушы» тракторды басқа қаладан жеткізу керек екенін желеу етіп, жол шығындарына 750 мың теңге алдын ала төлем талап еткен. Сұрағанын қалтасына басқан соң, сатып алушымен байланысқа шықпай, ізін суытқан. Бұл – алдаудың ең кең тараған түрі. Көп жағдайда арзанқолдау дүниеге қызыққан адамдардың өздерінің ашкөздігі кінәлі. Тиын-тебенін үнемдеу мақсатымен осындай хабарландыруларды шиырлаған жұртшылық алаяқтың ауылы алыс емес екенін бағамдай бермейді.Осының кез келгенінде алаяқтың құрбанына айналуға болады. Әсіресе, соңғысында жалған хабарландырулар көп кездеседі. Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры Виталий Подчерниннің мәліметінше, интернет-алаяқтықтың үштен бір бөлігі дәл осы сайтта жасалады. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша биыл жыл басынан бері тіркелген 335 деректің 103-і OLХ.kz сайты арқылы жасалған.
Сатушымен бейнеқоңырау арқылы сөйлесіп, бет-жүзін көрген абзал. Оған қоса сатылатын тауарды да көрсетуін талап еткен артық етпейді. Қаскөйлер мұндай ұсыныстан бірден бас тартатыны белгілі. Сол кезде секем алып, ондайлармен байланысты шорт кескен дұрыс. Аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкіл Виталий Подчернин мұндай хабарландыруларға бірден назар аударатынын айтады. «Біз сайттың әкімшілігіне жүгінеміз. Қосымша тексерістен кейін әкімгерлер жалған хабарландыруды бұғаттайды. Осылайша, жыл басынан бері алаяқтардың 52 хабарландыруы бұғатталды», – дейді ол.Бұдан басқа сатушыларға «жеткізіп беру» қызметін ұсыну арқылы да алдап соғатындар бар. Ол үшін сілтеме арқылы өтіп, банк карталарының деректерін енгізу қажет. Сілтеме арқылы ашылған парақшаға енгізілген деректер қылмыскердің қолына түсіп, олар аңқау адамдардың есепшотына оңай қол жеткізеді. Сондықтан әр адам сақтықты ұмытпай, әр хабарландыруды мұқият тексеруі тиіс.
ШЕБЕРЛІГІ ТАҢДАЙ ҚАҚҚЫЗАДЫ
Интернет арқылы жасалатын қылмыстың тағы бір кең тараған түрі – банк қызметкері атынан қоңырау шалған баукеспелердің айла-шарғысы. Бұлардың кәдуілгі баукеспелерден айырмашылығы – олар тиын-тебенді місе тұтпай, миллиондап олжалағанды жөн көреді. Осылайша, жуырда петропавлдық аңғал келіншек 2 миллион теңгесінен қалай айырылып қалғанын өзі де сезбей қалды. Оған белгісіз біреу банк қызметкері ретінде хабарласып, несие рәсімдеу туралы ұсыныс жасайды. Қаскөйдің айтқанын екі етпей, барлық нұсқауын кезек-кезегімен орындаған әйел ақыр соңында опық жеп қалды. Нұсқау бойынша интернет-банкинг қосымшасын ұялы телефонына жүктеп, тексерістен өтіп, ақыр соңында cvv-кодын алаяққа ақтарып салған. Осылайша, картасындағы бар қаржысынан айырылып, тақырға отырып қалған. Ал тағы бір петропавлдық осыған ұқсас сценарий бойынша қаскөйлердің айтуымен 200 мың теңгенің несиесін рәсімдеп, басқа біреудің есепшотына аударып жіберген. Сөйтіп, жер сипап қалған ол полицияға жүгінуге мәжбүр болған.Жуырда Instagram әлеуметтік желісіндегі жалған «интернет дүкеннен» киім сатып алмақ болып, 98 мың теңгесінен қағылған әйелдің арызын тергеу барысында алаяқ Қарағанды қаласында тұратыны анықталды. Петропавл қалалық Полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Дархан Зияфиддиннің айтуынша, оны қарағандылық әріптестері қолға түсіріпті. «Аталған дерек бойынша материалдар енді Қарағандыға жіберіледі. Әккі әйелдің әрекетінен Петропавлда ғана емес, Қазақстанның басқа өңірлерінде де жапа шеккендер бар», – деді ол. Полицияның дерегінше, алаяқтардың құрығына көп жағдайда әйелдер жиі түседі. Облыста осындай 213 жағдай тіркеліпті. Көбі айлакерлердің айтқанына сеніп, ақшасынан айырылып тынған соң ғана «ақылы кіретіні» өкінішті-ақ. «Құпия сөздер, пин-кодтар, cvv-кодтар, sms хабарламалар – қандай жағдай болмасын бөгде адамдарға сеніп айтуға болмайтын ақпарат екенін үнемі ескертеміз», – дейді тәртіп сақшылары. Бірақ оның айтуынша, қылмыскерлер де барған сайын айла-амалдарын жетілдіруден жалықпайды. Мәселен, олар банктің call-орталығы нөмірлеріне сәйкес келетін телефон нөмірін таңдап, қоңырау шалған кезде сол сәйкестікті алға тартады. Кейбіреулері тіпті жәбірленушінің соңғы кезде жасаған операцияларынан да хабардар. Интернет-алаяқтардың осындай асқан шеберлігі таңдай қаққызып, тәнті етпей қоймайды.Петропавл қалалық Полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жандос Мұқатовтың айтуынша, ең сойқаны – мұндай жымын білдірмейтін қылмыскерлердің ізіне түсу де, ұстау да, жазаға тарту да оңай емес. Өйткені интернет – барша әлемге ортақ. «Мұндай қылмысты ашу кезінде бірқатар қиындық туындайды. Соның ішінде ең бастысы, қаскөйлер басқа өңірлерде, тіпті өзге мемлекетте жүруі мүмкін», – дейді Жандос Мұқатов.
ОПЫҚ ЖЕГІЗГЕН ОНЛАЙН НЕСИЕ
Соңғы кезде тасы өрге домалап тұрған онлайн несие де талайға опық жегізіп жүр. Көзге көрінбейтін несие берушілер үйде отырып, телефон не компьютер арқылы қарыз сұраған жұртшылыққа оп-оңай оңды-солды ақша тарата береді. Ол үшін уақыт шығындап банкке барудың, ұшы-қиыры жоқ, құжат ұсынудың қажеті жоқ. Жеке сәйкестендіру номеріңіз бен ұялы телефоныңыз болса болғаны. Банктердегідей «бас ауруы» жоқ: зейнетақы төлемдерінің көшірмесі де, жұмыс орнынан анықтама да, кепілдік беретін адам да, түк те талап етілмейді. Бұл жайт алаяқтардың өрісін кеңейте түсті. Олар өзгелердің сыртынан несие рәсімдеп, оңай олжаға кенелді. Ресми дерек бойынша, биыл интернет арқылы жасалатын қылмыс саны 139 пайызға артқан. Жуырда хабарландырулар сайтынан біреудің жеке куәлігі табылды дегенді көрген алаяқ сол құжатты пайдаланып, бірер күннің ішінде 50 несие рәсімдеп үлгеріпті.Ал онлайн несие беруге келсек, бұл жүйені де реттейтін кез келген сияқты. Оңай несие опық жегізгенін ескере келе, оның жолын мүлдем кессе де артық емес. Онсыз да қарызға белшесінен батқан халыққа септігі тиер еді.Түйіндей келгенде, айлакердің арбауына түсіп қалмау – әркімнің жеке басының ісі. Өйткені әзірге елімізде интернет-алаяқтықтың алдын аларлықтай еш шара қабылданбаған. «Интернетте алаяқтар бар» деп жалпылама сақтандырудан пайда шамалы сияқты. Жалған онлайн-дүкен ашылғанын немесе веб-сайт пайда болғанын ескеріп, неге мониторинг жасап отырмасқа? Ондайлардың тізімінен халық уақытылы құлағдар етілсе, алданғандар азаяр ма еді?
Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы