Қазір халық денсаулығының сапасын арттыру – негізгі мәселенің бірі. Бүгінде бүкіл әлемнің бас ауруына айналып отырған коронавирусты қоса алғанда, қатерлі ісік пен жүрек-қан тамырлары аурулары да асқынып тұрғанын жасыруға болмайды. Сондықтан аймақтарда жұртты жиі мазалайтын қауіпті аурулар дер кезінде анықталып, емдеуге баса назар аударылып, осы бағытта мемлекеттік және жекеменшіктік әріптестік негізінде тиісті қадамдар жүзеге асырылуда.
Соның бір айғағы ретінде «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мен «КДЛ ОЛИМП» ЖШС компаниясы және OLYMP MEDICAL GROUP ЖШС арасындағы мемлекеттік және жекеменшік әріптестік нәтижесінде Талдықорған қаласында ашылып, халыққа қызмет көрсетуге кіріскен DiVera медициналық орталығы мен орталықтандырылған медициналық зертханасын айтуға болады.
Жетісулықтар үшін жағымды болған жаңалықтың іске асырылуына арналған рәсімге облыс әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев, OLYMP MEDICAL GROUP ЖШС бас директоры Ержан Сүлейменов, Денсаулық сақтау министрлігінің бас онколог-академик Диляра Қайдарова, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков және тағы басқа да тұлғалар қатысты.
Жобаның мақсаты – сапалы зертханалық зерттеулерді жүзеге асыру арқылы сырқаттардың ауруларын дер кезінде анықтап, емдеу бойынша халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету. Құны 720 миллион теңге болған жобаның арқасында жылына 1,5 миллионнан астам зерттеу жасауға мүмкіндік туады.
Медицина саласында мемлекеттік және жекеменшік әріптестікті белсенділікпен енгізу мемлекеттік медициналық ұйымдарды жекешелендіруді ынталандырады және мемлекеттік емес ұйымдармен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін көрсетуді барынша кеңейтеді. Ал бұл өз кезегінде әлеуметтік медициналық сақтандыру шартына сай алғашқы медициналық-әлеуметтік көмекті қаржыландыру арқылы бәсекелестікті қалыптастырып, көрсетілетін қызметтердің ашықтығын, сапасын, қолжетімділігін қамтамасыз етуге жол ашады.
Қазір еліміздегі онкологиялық аурулар ішінде сүт безінің қатерлі ісігі жалпы құрылымда 2-орында орналасса, әйелдердегі онкологиялық аурулар арасында 1-орында тұр. Облыс орталығында ашылған DiVera медициналық орталығы бірінші кезекте сүт безі қатерлі ісігін зерттеуге қатысты қызмет көрсетеді. Сонымен қатар гинекологтің, педиатрдың, терапевтің және тағы басқа маман дәрігерлердің қабылдауын жүзеге асырады. Кез келген ауруды алдын ала анықтау мен дер кезінде емдеудің тиімділігі айтпаса да түсінікті. Соған сай ең соңғы үлгідегі заманауи Fujifilm Amulet Innovality аппаратымен жабдықталған DiVera медициналық орталығы облыс пен Талдықорған қаласындағы сүт безі қатерлі ісігінің кешенді диагностикасын жүргізетін бірден-бір орталық.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы