Коронавирустан кейін буын ауруына шалдыққандар да жетерлік
Коронавирустан кейін буын ауруына шалдыққандар да жетерлік
253
оқылды

Былтыр қараша айында Алматыда автобуста қолғабын жоғалтып алған қыздың оқиғасы тұрғындарды елең еткізген-ді. «Қолғапта тұрған не бар?» дерсіз. Алайда ол қыз жүйелі қы­зыл жегі дейтін сырқатқа шалдығып, сол дертпен күресіп жүрген еді. Ал бұл сырқат жайлы көбіміз біле бермейміз. Өйткені ревматологияның дамуынан, медицинаның осынау саласы емдейтін сырқаттардан да хабардар емеспіз. Сон­дықтан Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас ревматолог дәрігері Ғалымжан Тоғызбаевпен тілдесіп, са­ланың мәселелері мен жетістіктері жайлы сұхбаттастық. Бі­лікті маман өңірлердегі маман тапшылығына алаңдаулы.

– БАҚ-қа берген сұхбатында шетелдік ревматолог «Қазақстандағы емдеу тәсілдері ескірген» деп айтқан еді. Бұған нендей жауап бердіңіздер? – Аталған мақала еліміздегі сайт­тардың бірінде жарияланған. Ішінде ревматолог маманның пі­кірі бері­ліпті-міс. Біріншіден, ол рев­матолог маман емес. Екін­шіден, мақалада «Қазақстанда ревмато­логия саласы жоқ» де­гендей пікір жазылған. Сон­дықтан біз редак­цияға хат жол­дадық. Айналып кел­генде, бұл материал жарнама болып шықты. Олар дә­ріні жар­намалаған. Елімізде ревматология саласы жоқ емес, бар. Біразы хабардар бо­лар, алғашында бұл сала кардио­ревма­тология деп аталды. Кейін­нен, 2011 жылы ревматология кар­­диоло­гиядан еншісін алып, бөлек шықты. Сол жылы ми­нистрлік тарапынан №132 бұйрық шығып, ревматология саласы бойынша басым бағыттар бел­гіленді. Соның ішінде сала бойынша қандай ауруларды емдей­тінін, қандай ма­мандар қажеті анық­талды. Ережеге сай ревматолог ма­манның кабинеті жабдықталып, ген-инженерлік дәрі-дәрмек каби­неті ашылды. Толық бұйрықта жа­зылғаннан кейін облыс-облыста ревматолог мамандар пайда болды. Мысалы, 2011 жылы елімізде 78 рев­матолог маман болса, қазір 250-ден асты. Бірақ бұл үлкен жетістік емес. Әрине, әлі де маман тапшы. Өйткені 2011 жылы 1 000-ға жуық кардиолог жұмыс істеген. Салыс­тырсаңыз, ревматологтердің саны әлдеқайда аз. Солтүстік Қазақстан облысы, Қос­танай облысы, Батыс Қазақстан облысы, Ақтөбе облысы, Маңғыстау облысында бірен-саран ғана рев­матолог бар. Бұл – жеткі­ліксіз. Үш мегаполисте ғана маман саны жет­кілікті. – Маман тапшы деп мәселе кө­теріп отырсыз. Сонда жастар бұл ма­мандыққа қызықпай ма? – Жалпы, ревматология жас мамандық. Елімізде екі жоғары оқу орны ревматолог мамандарды дайын­­дап шығарады. Атап айтсақ, Семей­дегі медициналық универ­ситет пен С.Асфендияров атындағы ұлттық университетте ревматология кафед­расы бар. Аталған ЖОО-лар­дың арқасында осы саланы мең­герген рев­матологтер көбейіп ке­леді. Ревматология 200-ден астам ау­руды қамтиды. Соның ішінде ау­то­иммундық ревматикалық ауру­ларды негізге алады. Жүрек, бауыр, бүйрек, қан, буын жүйесін қадаға­лайды. Мамандық турасында ТМД елдерін, соның ішінде Ресейді алып қарасақ, ревматологтердің саны ай­тарлықтай көп. Бірақ олар бұл көр­сет­кішті халық санына шаққанда жеткіліксіз деп есептейді. Сондай-ақ Ресейде ревма­то­­­логиялық ғылыми институт бар. Бұл институт өткен ға­сырдың 60-жыл­дары ашылған. Мұн­дай институттар дамы­ған елдерде де бар. Мысалы, Еуропа мен АҚШ-та ұлттық университеттің құрамында арнайы орталық жұмыс істейді. Мақ­саты­мыз – елдегі рев­матология са­ласын осы деңгейге жет­кізу. Мәсе­лен, Алматыда қалалық ревматоло­гия­лық орталық бар. Бұл – жет­кіліксіз. Өйткені адамдар орталыққа келіп емделу үшін 3-4 ай бұрын қабылдауға жазылады. Жа­сыратыны жоқ, аталған жерде ем­делуге қол жеткізу­дің өзі оңай шаруа емес. Са­ланың дамуын бір ғана қа­лалық орталық бойынша қарасақ, әлі де жұмыс көп. Ғылымның бір орында тұрмайтыны тағы бар. Жыл сайын жаңа әдіс, жаңа ем, жаңа үрдіс пайда болады. Сол себепті елімізге рев­матология институты керек. Рес­публикалық бір орталық болса, бәрін жан-жақты бақылай аламыз. Әлем­дегі ғылым көшіне ілесіп, біз де са­ланы тереңірек зерттер едік. Өйт­кені елімізде мұндай мүм­кіндік бар. Рев­ма­тология сала­сында про­фес­сорлар, ғылым кан­дидаттары, PhD докто­ранттар бар. Осылардың басын қо­сып, мемлекет мүддесіне жұмыл­дырсақ. Сол үшін институт құру жайын 2022 жылға арналған жос­парға қосып, ми­нистрлікке ұсы­нып жатырмыз. – Ал заманауи медицинада ар­­трит, артроз, остеохондрозды қалай ем­дейді? – Қазір буын ауруларына, аяқ-қолдың сырқырауына қатысты жарнамалар көп. Әрине, ел тұр­ғын­дарының шамамен алғанда 60%-ын буын аурулары мазалайды. Бұл ау­рулардың себебі әртүрлі. Суық тигізу, ағзадағы басқа да аурудың буынға тигізген зардабы әсер етеді. Зат алмасу процесі бұзылып, соның салдары себеп болуы мүмкін. Түрлі инфекцияның да ауру тудыратынын есте ұстаған жөн. Мысалы, қазір COVID-19 инфекциясымен ауырып жатқандар көп. Коронавирустан кейін буын ауруына шалдыққандар да жетерлік. Осылайша, себебіне қарай емдеу түрін белгілейміз. Жар­намада көрсеткендей, кішкентай жақпамайдан ауру жазылмайды. Мәселен, кейінгі 1 жыл ішінде ай сайын Қызылорда облысына барып, ем-шара жасап жүрмін. Байқа­ғаным, адамдар мешіттің жанында сататын монталин атты Индо­не­зияның шөп дәрісін алады. Оның құрамында гормон бар. Әрине, бұл дәріні ішкен адам жүрмейді, ұшады. Өзін жеңіл сезініп, рақаттанады, терлейді. Бірақ келе-келе кері әсер етеді. Бүйректің, ішкі құрылыстың жетіспеуіне алып келеді. Сүйегі босап, остеопороз ау­рына шал­дығады. Сондықтан жар­намасы жер жарған дәріні сатып алмас бұрын дәрігердің көмегіне жүгініңіз. Мы­салы, барлық адамды бірдей дәрі-дәрмекпен емдемейміз. «Салмақ тастаңыз», «өмір ритміне қимыл-қозғалысты көбірек қо­сыңыз», «қимылдағанда жүрісіңіз дұрыс емес, буынға салмақ түседі» де­гендей кеңес береміз. Мәселен, ті­зесі ауыратын адамға жайтабан аяқкиім киюге болмайтынын бі­разы біле бермейді. Сосын остео­хондроз деп жатамыз, бұл мойын омыртқа мен омыртқада проблема барынан хабар беруі мүмкін. Мұны спон­дилоартроз деп атаймыз. Бұл жағ­дайда сүйек шеміршек аралық майды аз бөліп, салдарынан ше­міршек майланбай бір-бірін қа­жайды. Оған қандай ем жасау ке­рек? Тіннің се­зімталдығын кө­бейтіп, май бөлу қабілетін қал­пына келтіру қажет. Ревматикалық ау­рулардың еміне бай­ланысты жасалу әдісі оңай дә­рілерден бастап, қиы­нына қарай жүреміз. Әсіресе, арт­рит, қызыл жегі, аутоиммундық басқа да ауруларға арнайы жоғары технологиялық тә­сілмен жасалған дәрі-дәрмекті қол­данамыз. Оның ішінде кейбір дәрі түрі мемлекет тарапынан ха­лыққа тегін беріледі. Ревматоидты ар­триттің белгілі бір деңгейінде син­тетикалық ауруларға қарсы дәрі кө­мектеспесе, ген-ин­женерлік био­логиялық дәрі бе­реміз. Мы­салы, голимумаб дәрі­сінің бір ек­песінің бағасы 100 мың теңгеден қымбат. Оны айына бір рет та­ғайындаймыз. Осылайша, әлем­дік деңгейдегі ем жүргізуге бары­мызды салып жүрміз. – Осы тұста инекция мен алтын инемен емдеу тәсілдеріне көзқа­ра­сыңыз қандай? – Жалпы, алтын ине Шығыс медицинасына жататын ем. Мә­селен, остеоартроз, ревматоидты ар­тритте арнайы ауруды тоқтататын ем қолданып, оған қоса физио­терапия алып, массаж бен алтын ине салды­ратын болса, бұл қосымша ем есе­бінде жүреді. Бірақ алтын инемен емдеуді негізгі ем ретінде қолдануға қарсымын. Ал қосымша ем ретінде емдеу курсын алғанын қолдаймын. Инемен ауруды мең­детпей, тоқ­татамын деп ойлау фан­тастикалық кино көргендей әсер қалдырады. Бұл дәлелді медицинаға жатпайды. Ал инек­цияға келсек, оны неліктен терінің астына са­лады? Бұл дәрі түрі бауыр, бүйрек арқылы сыртқа шы­ғады. Сондықтан инекцияны бір­неше ағзаның кө­мегімен сыртқа шығарады. Ауруды өршітпей, тоқ­тату үшін жасалатын ем түрі. Алайда әр емнің белгілі бір дозасы болады. Мысалы, осыдан 20 жыл бұрын емдеу барысында гор­моналды ем қолда­натынбыз. Қазір жаңа техно­логия дамып, күшті дә­рілер тараған сайын гормон қол­дануды азайттық. Ревма­тоидты артритқа 10 мг пред­низо­лонды ұзақ­мерзімге, 1 жылға та­ғайындасақ, қазір оны 1-2 айдан асырмауға тырысамыз. Халықаралық стан­дартқа сәйкес, 1 айдан астам гормон беру зиян. Маған терапевтің қабыл­дауы­нан кейін адамдар келеді. Оларға маман «сенде ревматоиды артрит, аяқ-қолың қисайып, жүре алмай қала­сың, дайын бол», – дейді. Рев­матолог маман ретінде келушілерге жеке-жеке түсін­діремін. Егер уа­қытылы ем қа­былдаса, аяқ-қолы қисаймай, мүгедек болмайтынын айтамын. Ем-шара қабылдауға ке­летіндердің дені жұмысқа жа­рам­ды 30-40 жастағы адамдар. Негізгі міндетіміз – адам­дарға на­сихат ар­қылы, аурудың қыр-сырын тү­сін­діру. Қорықпай, ары қарай ем­деліп, ертерек маман кө­мегіне жүгінсе ауруды жеңуге бо­лады. Облыстарды жиі аралайтын дәрігер ретінде тү­сінгенім, қалалы жерде, әсіресе Алматыда адамдар денсау­лығына ерекше көңіл бөледі. Уақы­тылы тексеруден өтіп, ем қа­был­дайды. Қызылорда сияқты қа­лалар­дың тұр­ғындары денсау­лық­ты қада­ғалауда енді-енді қа­тарға қо­сылып жатыр. Олар ауру бойына тараған соң барып, ем­делуге келеді. Сон­дықтан емнің нәтижесі де жо­ғары бол­майды. Адам ертерек ем іздесе, шы­ғын да көп болмайды, өмір сүру сапасы да жақсарады. – Жастар арасында қызыл жегі ауруымен ауыратындар көбейгенін атап өттіңіз. Бұл қандай ауру? – Иә, жүйелі қызыл жегі – ау­тоиммундық ауру. Бұл аурудың негізгі себебі белгісіз. Көбіне, ин­фекция мен стресс себеп болуы мүмкін. Аталған аурумен жас қыз-келіншектер ауырады. Арасында мектеп бітіріп жатқан, универ­ситетте оқып жатқан қыздар да кездеседі. Аурудың негізгі белгісі буын ауы­рады, шаш түсіп, бетте қызарған бел­гілер пайда болады. Ауыз ішінде жара шығады. Бірнеше ай дене температурасы жоғары­лайды. Осын­дай белгілер бар болса, бірден рев­матолог маманға тек­серілуге келіңіз. 30-40 жыл бұрын осы ауруға шал­дықса, өмір сүру ұзақтығы 5 жылдан аспайды деп айтатын. Қазір ертерек ем жасасақ, біраз жыл өмір сүруге мүмкіндік бар. Айта кетерлігі, ауруға күннің сәулесі тікелей зиян келтіреді. Бүйректің жетіспеушілігіне, жүрек ауруына, ішкі ағзалар қызметінің бұзылуына алып келеді. Көбінесе, бүйрек жұ­мысының әлсіреуіне әке­ліп, қыз балалардың аяғы мен бет-жүзі ісіп, оған жүрек ауруы қо­сылып, тез арада қайтыс болады. Сөйтіп, өлім себебін жүрек ауру деп бекітеді. Осылайша, статистика бойынша да жүрек ауруы диагнозымен қайтыс болғандардың қатарына қосылады. Негізі, бұл ауқымды мәселе. Мы­салы, жүйелі склерозды алатын бол­­сақ, жас қыз-келіншектердің қан айналымы дұрыс жүрмей, аяқ-қо­лының сау­сақтарын кесіп та­стайды. Өкпе фиброзына шал­дығып, тыныс алу нашарлайды. Міне, осындай қор­қынышты диагноздар көп. Қай­талап айтайын, бұл ауру түрі жас қыз-келіншектерде жиі кездеседі. Олардың Lupus деген әлеуметтік желіде арнайы тобы бар. Жүйелі қызыл жегі, жүйелі склероз бен ревматоиды артритке шал­дыққан, аутоиммундық аурумен ауырып жүр­ген жас қыз-келін­шектер аталған ұйымды құрып, халыққа ауру жайын түсіндіріп жүр. Қандай ем жасап жатқанын, Қа­зақстанда осындай ауру түрі бар екенін көрсетеді. Жа­ныңызда жүр­ген жақыныңыз осы ауруға шал­дығуы мүмкін екенін ескертеді. Ем түріне келсек, синтетикалық иммунды жүйені басатын дәрі-дәр­мек түрлері бар. Биологиялық дә­рілер, ген-инженерлік препараттар тағайындаймыз. Бүйрек жетіспеу­шілігі пайда болған кезде белимумаб деген дәрі бар. Осы препаратты мемлекет тарапынан қыз-келін­шектерге тегін берсін деген талап қойып, арнайы бұйрыққа өзгеріс енгізуді сұрап жатырмыз. Жалпы, республикамызда ауру белгілері түсініксіз болса, ревматологтің қа­былдауына жібереді. Елімізде Кар­диология және ішкі аурулар ин­ституты бар. Бірақ бұл жерде жүйелі қызыл жегіге шалдыққан ауруларды емдеуге төсек-орын жетіспейді. Тиісті деңгейде емдей алатын мүм­кіндік жоқ. Кішігірім бөлім­шелер болғанымен, ғылыми инс­титут дең­гейіндегі көмек көрсететін емдеу орны жоқ. Осыған мемлекеттің назарын аударып, дабыл қақсақ дейміз. COVID-19-бен ауырғандардың арасында буын ауруларына шал­дыққандар бар екен. Оларға екпе алуға бола ма? – Осыдан біраз уақыт бұрын коронавирустан кейін буыны ауыр­ғанын айтып, жас жігіт келді. Оның шынтақ буыны жазылмай қалған. Кейіннен оның қан тал­дамаларын зерттеп, жүйелі қызыл жегі деген диагноз қойдық. Ел арасында коро­навирустан кейін болған асқыну жүйелі қызыл жегі мен ревматоидты артритке алып келген жағдай көп. Егер ауру өршімей, төмен дең­гейде болса, вакцина салуға бо­лады. Мысалы, 15 мг пред­ни­золон қа­былдап, ем алып жатқан ем­делушім бар-ды. Бір айдың ішінде жағдайы жоғары деңгейдегі қа­бынудан ор­таша деңгейдегі қа­бынуға түсті. Ем­ханада оған вак­цина салыпты. Сөй­тіп, вак­цинадан кейін ауырып, төсек тартып жатып қалған. 3-4 ап­тадан кейін қалпына келді. Халық­аралық тәжіри­бедегідей, егер 10 мг-дан ар­тық преднизолон қа­был­даған адам­дарға вакцина қабылдау ауыр. Бұған баса көңіл аудару керек. Ауру орташа деңгейде болса, вак­цина қабылдауға бол­майды. Қабыну дең­гейін анық­тап, жеңіл түрі болса, екпе алуға болады. Егер адам ко­ронавируспен ауырғаннан кейін буын-буыны ауыр­ғаны қойса, вак­цина салуға рұқсат. Оған еш­қандай кедергі жоқ. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ