Жабылған университет студенттері қайда барады?

Жабылған университет студенттері қайда барады?

Жоғары оқу орындарының жабылу процесі жалғасатын секілді. Бірнеше университет дәр­менсіз жағдайда. Олар жаңа оқу жылына дейін жетпей, жабылып тынуы мүмкін. Сарап­шылардың айтуынша, оқытушы-ғалымдардың да, шәкірттердің де миын шайқалтқан жоғары білім саласындағы «зілзалалардың» әзір бітетін түрі жоқ.

Шенеуніктер елдің жүйкесін құртты

Салалық министрлікке са­пасыз, жауапсыз ЖОО-ларды тегіс жабуға ең жоғары деңгейде – ел Президентінің өзі екі жыл бұрын пәрмен берген болатын. Қазіргі Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов дәл сол кезде, 2019 жылғы 13 маусымда сала тізгінін уысына алған. Демек, жаңа ми­нистр нұсқауды орындауда тегеу­рін көрсетуі керек еді. Ғалымдар, сарапшылар сапалы білім бер­мейтін, әлдекімнің қалтасын ғана қампайтуға қызмет ететін ЖОО-лардан жаппай, біржолғы науқан аясында арылуды ұсынған. Оның үлгісі де бар: министр болып тұр­ған тұста Бақытжан Жұмағұлов бірден 17 университетті жауып тастады. Сарапшылар салада «май­дан», қырқыс жүріп жатқа­нын айтып жатты. Рас, жабылған ЖОО-лар саны одан да көп болар ма еді, Б.Жұмағұлов 2013-2014 жаңа оқу жылына жетпей отстав­каға кетті. Ізашарлардың қателігінен сабақ алса керек, БҒМ-нің қазіргі басшысы бір шоқып, екі қарап, аса сақтық танытып, бұл істі ұзақ­қа созып жіберді. Салдарынан студенттерінің 90%-ның (!) білімі талапқа сай келмейтін универси­теттің әлі күнге жұмыс істеп тұр­ғаны әшкереленуде. Бұл салада қандай сорақы жағдай қалыптас­қанынан хабар берсе керек. Министрліктің шешімсіздігі мен шабандығы кесірінен көп­теген университетте оқытушылар мен студенттер «әне-міне жабы­лады екен» деп қаулаған қауесеттен қабырғасы қайысып, әрі-сәрі күйде өмір сүруде. Тіпті, дәрменсіз жағдайдағы кейбір ЖОО-ның өзі лицензиясынан айырылу қар­саңында мемлекеттік тапсырысқа ие болып, жаңа студенттерді қа­был­дағаны белгілі болды. Яғни, лайықсыз ғылым ордаларын жабу кешенді, жоспарлы түрде емес, найзағай түскендей стихиялы, бей­берекет жүріп жатқандай сезім қалыптасады. Енді, міне Бiлiм және ғылым министр­лігі кезекті «суық» хабарын жариялады: тағы бір университет бас лицензиясынан айырылмақ.
«Шет тілдер және іскерлік карьера уни­вер­ситеті бас лицензиядан айырылу ал­дында тұр. Осының алдында аталған жо­ғары оқу орнында профилактикалық ба­қы­лау жүргізілген-тін. Оның қорытынды­сында тексеру парағындағы 46 тармақтың 39-ы бойынша ереже бұзушылық анықтал­ды. Университетке әшкереленген барлық сәйкессіздікті жою үшін уақыт берілді. Алайда қайта тексеру жұмыстары көрсет­кен­дей, ЖОО білім беру қызметінің сапа­сын жақсарту үшін қажетті жұмысты жүр­гізбеген», – деді ведомство.

Құрылтайшысы қайтып, ордасының құты қашты

БҒМ-ның барлық университетке айтар өкпесі бір: біз оларға бұзушылықтарды жоюға уақыт береміз, олар жоймайды. Бұл жерде ешқандай да тосын сыр, күтпеген құпия жоқ: ЖОО-лар олқылықтарын жылдар бойы түземеген, демек бірер ай ішінде бәрібір түземейді.
– ЖОО-ларға олқылықтарды жоюға уақыт береміз, бірақ олар кемшіліктен арылуға асықпайды. Содан анағұрлым қатаң шара қолдануға тура келеді. Бізге университеттердің оқу жағдайын, білім беру бағдарламасын және студенттерді мамандықтарға оқытуға деген көзқарасын жақсартқаны керек. Әйтпесе, ЖОО-лар сапалы білім емес, тек диплом беретін бо­ла­ды, – дейді БҒМ-нің Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету ко­митетінің басшысы Эльвира Сапарбекова.
Ол отандық бір университетте жаға ұстатар жөнсіздіктер ашылғанын майын тамыза әңгімеледі.
«Мысалы, Шет тілдер және іскерлік ка­рьера университетінде білім беру сапа­сын қамтамасыз етудің ішкі жүйесі қалып­таспаған. Оның білім беру бағдар­лама­ларына, жеке оқу жоспарына жүргізілген талдау пәндер бойынша кредиттерді игеру­де үлкен айырмашылық барын көрсетті. Оқыту нәтижелері бойынша студенттердің 90%-ы тіпті «табалдырық межеден», шекті деңгейден өте алмады. Университеттің оқу процесінде ең төменгі талаптарға сәйкес келмейтін көнерген компьютерлер қолданылады. Сондай-ақ магистратура түлегіне ғылыми-педа­гогикалық бағыттағы магистр дәрежесін беру бойынша бұзушылықтар анықталды. Мемлекеттік аттестаттау комиссиясының шешімімен 1 жылдық магистратура түлегіне 2 жыл оқыған магистр дәрежесі бе­рілген», – деді Э.Сапарбекова.
15 жылдық мерейтойын атап өткен университет биыл төл үлгісіндегі диплом беруге кірісті. Онда ЖОО-ның инсти­туционал­дық аккредиттеуден өткені көр­се­тілген және соны өткізген аккредиттеу агенттігінің логотипі басылған. «Сонша жаман университет болса, онда неге ми­нистр­лік оның ұзақ уақыт бойы жұмыс істеуіне жол берген?» деген сұрақ туады. Бұл ретте онда кадрлардың тұрақтамайтыны байқалады: ЖОО сайты толған «бос орындарға байқау». Тек биылғы мамырда доцент, профессорлар, аға оқытушылар секілді 12 ұстазды іздепті. 2020 жылы профессорлық-оқытушылық құрам мен ғылыми қызметкерлердің 124 бос лауа­зымына конкурс жариялаған.

100 шақты ЖОО-дан жұрнақ қала ма?

«Талапкерлерді оқуға түсу кезінде жо­ғары оқу орындарын таңдауға жауапкер­шілікпен қарауға шақырамыз!» деп мә­лімдеді БҒМ комитетінің төрайымы Эль­вира Сапарбекова. Бір қарағанда ізгі ниет пен қамқорлықтан туындағандай көрінетін бұл үндеу шынында мазаққа көбірек келе­ді. Егер университет жұмыс істеп тұрса, барлық құжаты қолында болса, БҒМ оған мемлекеттік грант бөлсе, бюджеттен қара­жат құйылып жатса, мектепті енді ғана бітірген, оңы мен солын танып үлгермеген жасөскін ол ЖОО-ның іле-шала жабылып тынатынын қайдан біледі? Білмеген соң құжатын тапсырады. Мысалы, ШТІКУ алдағы 2021-2022 оқу жылына бакалавриатқа да, магистратураға да талапкер қабылдайтыны туралы хабарландыру жариялады. Онда ҰБТ-да 85 және одан жоғары балл жиған абитуриент­тер, мектепті не колледжді үздік бітірген түлектер, 1-3  курстар бойы 75%-дан жоға­ры оқу үлгерімін көрсеткен студенттер мемгрант алып, аталған ғылым ордасында тегін оқи алатыны айтылған. Ал ақылы оқитын студенттер үшін оқу ақысы айына ең жоғары дегенде 49 мың теңгеге түседі. «4 жыл оқып, 3 жылға ғана төле» деген акция енгізіпті. Қазір елімізде 125 жоғары оқу орны бар. Сонша көп деуге келмейді. ЖОО-лар саны 2001-2002 оқу жылында шырқау шегіне жетіп, 185-ті құрады. Содан бері біршама азайды: 2010-2011 жылы – 149,  2014-2015 жылы  – 126, 2018-2019 жылы 124 болды. Бұдан да азаяды.
«2021 жылғы 1 шілдеде Шымкенттің мамандандырылған әкімшілік сотының қаулыларымен «Орда» және «Мирас» университеттері лицензиядан айырылды. Бұл оқиғаны оқушы жастар да, олардың ата-аналары да ауыр қабылдады. Сту­денттер арасында шиеленіс тууда, жастар ашынған, болашаққа сенімін жоғалтқан жағдайда. Қайда барарын білмейді. Себебі мемлекеттік университеттер бұл ЖОО-лардың студенттерін қабылдауға құлықсыз. Оның үстіне «Орда» мен «Мирас» универ­ситеттерінде оқу ақысының орташа мөл­шері 180-200 мың теңге болатын. Ал мему­ниверситеттерде 400-500 мың теңгеден асады! Мұны студенттердің басым көпшілігінің қалтасы көтермейді», – дейді шәкірт Азамат Сүлеймен.
Өзге ЖОО-лар өздеріне ауысқысы келетін студенттерге бұрынғы оқу ақысын сақтау түрінде әлеуметтік қолдау көр­сетпейтінін ашық айтыпты. Жалпы, қос университет айналасында телехикаяға бергісіз оқиға өрбіді.

Жібек жолы неге Ордаға айналды?

Шымкенттегі Silkway халықаралық университетіне биыл БҒМ-нан тексеру­шілер сау ете қалады. Осы кезде ғылым ордасы Silkway (Жібек жолы) атауын «Орда» деп ауыстыра қояды. Университет атауы тосыннан өзгеріп кеткенін білген студенттер мұны тексерумен байла­нысты­рыпты. Бірақ БҒМ тексеру мен атау өзгерту арасында байланыс жоқ дейді. Өйткені бәрібір жауапкершіліктен құтыла алмайды.
«2021 жылғы мамырда Silkway ха­лықаралық университетінде жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Оның барысында профилактикалық бақылау жасалып, бұрын берілген ұйғарымдардың орындалуы зерделенді. Бақылау нәтижесінде универ­ситетте 34 бұзушылық әшкереленді. Оның 29-ы – өрескел бұзушылық. Университетке олқылықтарды жою туралы ұйғарым берілді. Содан кейін әкімшілік іс материал­дары Шымкент қаласының Мамандан­дырылған ауданаралық әкімшілік сотына бағытталды. Университеттің қайта рәсім­делуі оның атауының өзгеруі негізінде жүрді және тексерістер нәтижелерімен байланысты емес» деп түсіндірді БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.
Артынша «Орда» және «Мирас» уни­вер­ситеттерінің сайттарында және әлеу­меттік желідегі ресми аккаунттарында қос ЖОО-ның бір университетке бірігетіні туралы ақпарат жарияланды. Сондай-ақ ЖОО құрылтайшылары шәкірттер мен ата-аналарды алаңдауға негіз жоғына сендіріп бақты. Сенгендер шамалы сияқты.
«Біз жауапты шенеуніктерден мәсе­ленің жай-жапсарын біле алмадық. Сту­денттер оқуын сапалы жалғастыру мақ­сатында ауысу үшін мемлекеттік универ­ситеттерді жағалап жүр. Алайда бұл істі үйлестіріп, кері байланысты жолға қойған ведомство жоқ. БҒМ өзі жауып жатқан ЖОО-лардың студенттерін өзге универ­ситеттерге ауыстыруда тым шабандық, салғырттық танытуда» деп қынжылады Азамат Сүлеймен.
БҒМ өзге университеттерге қатысты да тексеру жүргізуде. Осы орайда Ақтау Гумани­тарлық-техникалық универ­ситетінің басшысы Серік Әлиев өз ЖОО-сына қатысты басталған тексерісті тоқтатуды сұрап, БҒМ-ға жүгінді. Тексеру 5 студент пен 3 оқытушының шағымына байланысты басталыпты. Алайда универ­ситет ректоры ол шәкірттер мен ұстаз­дардың атынан әлдекім жалған арыз түсірген деп сендіреді.
«Қазір Ақтау қаласының Полиция бас­қар­масы Ақтау Гуманитарлық-техникалық университетіне қатысты студенттер мен оқытушылардың өтінішін қолдан жасау фактісі бойынша қылмыстық істі тіркеді. 27 сәуірде өтінішке қол қойған студент қыз, сондай-ақ Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің педагогі тергелді, олар біздің университетте заң­наманың бұзылып жатқаны туралы ми­нистр А.Аймағамбетовтің атына шағым жазу фактісін жоққа шығарды. Оқиғаның байыбына барсақ, министрлікке түскен шағым жалған болып шықты. 5 студент те, 3 оқытушы да шағымға еш қатысы жоғын түсіндірді», – деді ректор министрлікке хатында.
Дегенмен БҒМ комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова «университетке қатысты басталған жоспардан тыс тексеруді тоқтату мүмкін емесін, себебі оған құқықтық негіз жоғын» айтты. Тексерудің нәтижесі алда белгілі болып қалар. Бірнеше университетте жоғары лауазым атқарған, Білім және ғылым вице-министрі болған Мирас Дауленовтің айтуынша, 1 жеке ЖОО-ны жабу оның құрылтайшыларын жылына кем дегенде 4 миллиард теңге кірістен айырады. Егер жойылған университеттердегі студенттерді дер кезінде және қолайлы шарттармен өзге ЖОО-ларға көшіру ісі үйлесімді жолға қойылса, сапасыз ғылым ордаларынан арылу үрдісі халықты еш қиналтпас еді. Ол болмаған соң, шәкірттер мен ата-аналар сапасыз білімнен күреп пайда тауып келген құрылтайшыларды қолдап, ЖОО жабы­луына қарсы шығып жатады. Бұл отандық жоғары білімді «ақаулы» оқу орындарынан алалау ісін тежейді.

Айхан ШӘРІП