Картон беріп, мал бағып жүр
Картон беріп, мал бағып жүр
384
оқылды

Биыл екі өңірдегі қуаң­шылық­тың зардабы мал шар­уа­шылығына келгенде осал тұсымыздың көп екенін аң­ғарт­қандай болды. Жұрт біле бермейтін небір таңсық дү­ниенің беті ашылды. Мәселен, Маңғыстау облысында қуаң­шылық кезінде фермерлер мен тұрғындардың малға азық ретінде картон беруге мәжбүр болғаны мәлім. Дегенмен мұны мәжбүрлікке баламайтындар да бар. Себебі жем­шөптен таршылық көретін бұл аймақта төрт түлікке азық ре­тінде картон беру бұрыннан қалыптасқан жағдай тәрізді.

Кеңес кезінен бар

«Қуаңшылық жайлап, мал қырылды» деген ақпарат шыққан­нан-ақ, әлеуметтік желіде осыған қатысты түрлі бейнематериал шыққан болатын. Соның бірінде түйелер қоқыстан картон теріп жеп жүргенін көбі көрді. Бірақ бізді маусым айында Маңғыстау облысы­ның ауыл шаруашылығы басқармасы таратқан дерек қызықтырды. Тұрғындар малына азық таппай, жұт болып жатқан сәтте басқарма өкілдері «мал қуаңшылықтан картон қағазын жейді» деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада шөптің жоқтығынан төрт түліктің қағаз жейтіні айтылған. Аймақта жемшөп тапшылығы жоқ. Бюджет қаржы­сына алынған мал азығы жеткізілмек. «Мал аш, жемшөп жоқ деу ақылға қонымсыз» деп ресми мәлімдеме жасаған еді. Жауапты мамандардың пікірінен екі нәрсені жоққа шығарғысы келетінін аңғардық. Біріншіден, төрт түліктің аштықтан азып-тозып жатқанын жасырғысы келгендей. Бұл әңгіменің тиегі талай тарқатылған. Екіншіден, аймақта тұрғындардың малына картон беруі таңсық дүние емес. Бұрыннан бар. Басқарма осы жайтты неліктен ашып айта алмағаны бізге де беймәлім. Көп ұзамай жұт елге әшкере болған сәтте облыстық әкімдіктегілер әр тұрғынның іс-әрекетіне түсініктеме бере алмай­тынын, сондықтан жұрттың «не істеу керегін өздері білетінін» атап өткен еді. Ақыры «Бізде биыл қиындық болды, құрғақшылыққа ұрындық. Бірақ қазір облысқа жем жеткізіліп жатыр. Ақтөбе облысы­ның кә­сіпкерлері өңірге жемшөп әкеледі» деп хабарлаған облыс әкімдігінің баспасөз қызметі. Сөзіміз жалған болмас үшін тақырыпты әріден өрбітсек. Маң­ғыстауда мұндай қуаңшылық­тың болып тұрғаны алғаш емес. Өңірде өткен ғасырдың 60-80-жылдары бірнеше рет қуаңшылық болған. Бірақ сол кезде кеңшарлардың тиімді ұжымдас­тыруымен малды жұтатпай, Ақтөбе облысының аумағына қарай айдап отырған екен. Міне, малға картон беру де осы уақытта шыға бастаған үрдіс. – Біз ес білгелі малға картон беретінін көріп келе жатырмыз. Шөп болмай, төрт түлік жайылымға шықпаса осылай істейтін. Әйтеуір түбі ағаштың ұнтағынан жасалады дейтін. Жасыратыны жоқ, картон­мен семіртсе қойдың еті жұмсақ болады дейтіндер бар. Қуаңшылық бұрын да көп болды. Бірақ малшылар жолын табатын. Кеңес Одағы кезін айтпаған күннің өзінде ертеден-ақ шөп болмай бара жатса, малды Үстіртке айдаған. Ол болмаса Ақтөбеге қарасты Жем мен Байғанин жаққа ұзатқан. Үлкен кісілердің Орынборға дейін айдайтынын естідік. Мал басын солай аман ұстаған. Ал қыста Маңғыстаудың ойына қыстатқан. Қазір әркімнің өз малы бар. Бұрынғыдай бір жерден бәрін ұйымдастырып әкету қиын,– дейді Мұнайлы ауданы тұрғыны Мұрат Жетекбай.

63,9 пайыз аумақта шөп жоқ

Тұрғындардың көбі егер бұрынғыдай көрші облыстарға мал айдап отыру үрдісі қайта бастау алмаса, жыл сайын мал жұтай беретінін айтады. «Жерден шөп шығар» деп дәмелену де бекер. Себебі жердің ғарыштан түсірілімі кезінде Маңғыстау облысы жерінің 63,9 пайызында бірде-бір түп шөп шықпағаны анықталған. Ал 36 пайызының жағдайы өте нашар. Былтыр жағдай бұған қарағанда сәл жақсы болған. Демек, жағдай шынымен алаңдатарлық халде. Мұндай қуаңшылыққа түйенің маңғыстаулық «нармая» түрінен басқа ешқандай төрт түлік шыдамайтын көрінеді. Ал малды картонмен асырау тиімді амал болмасы анық. Жұт кезінде жемшөп түгілі, жұрт картон іздеп сабылған екен. Амалы қалмаған «картон тапшылығын» да көріпті.

Картон беру дұрыс емес

Жануарлар дүниесі бойынша қазақстан­дық ғалым Нұрадин Әлібаев картон бәрібір жемшөпті алмастыра алмайтынын айтқан. Ветеринария саласында жүргеніне 45 жыл болған профессор жануар­лардың тамағында микроэлементтер балансы болуы қажет екенін баян­дайды. – Түйелер шөлді, шөлейт жерлерге жақсы үйренген. Олар тамақ талғамайды, басқа жануарлар жемейтін азықты жей береді. Әсіресе, құрғақ жемді, түйе тікенегі, жусан, сексеуілді де талғажау етеді. Өзге елдерде осы төзімділігі үшін оларға құрметпен қарайды. Араб елдерінде де шөп көп өспейді, бірақ түйелерге жақсы қарайды. Бізде Маңғыстау және Қызылорда облыстарында түйе өсіретінін білеміз. Картон – ағаштан алынған целлюлоза. Ол жануардың ағзасына кері әсер етеді деп айтуға келмес. Бірақ егер жануарларды дұрыс тамақтандырмаса, бұл олардың жағдайына сөзсіз әсер етпек, – дейді ол. Негізі, түйеден басқа түлікке картон азық бола бермейді. Жүдейтіні сөзсіз. Ал түйелерге келгенде бұл таңғаларлық жайт емес екен. Себебі түйе өртеніп кеткен шөпті де жақсы жейді. Міндетті түрде өздері бір жайылым табады. Бірақ жануарларды этикалық жағдайға сай ұстамаса, оның түбі жақсылыққа апармайтынға ұқсайды. Не десек те, биылғы қуаң­шылықтың зардабы әлі де сейілген жоқ. Өңірдегі тұрғындар осы күні де қырылып жатқан малдың барын айтып жүр. Бұл министрдің іссапар­мен барып, бір науқан шөп жет­кізумен шешілетін мәселе емес екені анық. Сондықтан бір өткелден өттік деуге әлі ерте тәрізді. Проблема әлі зерделеуді қажет етіп тұрғаны айқын.

Мадияр ТӨЛЕУ