Ресейдегі Қазақстан елшілігінің мәліметінше, отандастарымыз әуе рейстерімен ұшып бару үшін «Путешествую без COVID-19» мобильді қосымшасы арқылы коронавирусқа қатысты ПТР тестінің теріс нәтижесі бар екенін растауы қажет.
Ресей Үкіметінің 20.07.2021 жылғы №1998-р бұйрығына сәйкес ПТР тест Ресейге келгенге дейін үш күн ішінде жасалуы тиіс. Жаңа ережелер 25 шілдеден бастап ЕАЭО-ға мүше елдерден (Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан) әуе рейстерімен ұшып келу үшін қолданылады. 1 қыркүйектен бастап «Путешествую без COVID-19» қосымшасын Әзербайжан, Молдова, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстаннан ұшып келген жолаушылар да жүктеуге міндетті. Ресей тікелей рейстерді қалпына келтірген үшінші елдерден ұшып келетін Қазақстан азаматтары бұрынғыдай РФ шекарасынан өткенге дейін үш күн ішінде жасалған ПТР тестін ұсынуы керек.Қазақстан азаматтарының Ресейге құрлық арқылы баруы бұрынғыдай шектеулі және тек жекелеген санаттарға рұқсат етілген.