Бюджеттің дайын ақшасына үйренген ұлттық компаниялар дайын асқа тік қасық принципімен жұмыс істеп келе жатқандай. Қаржылық нәтижесі жоғары болмаса, шығыны артса, қомақты ақшаны Ұлттық қордан аударып, жағдайын түзеп алады. Тіпті, кейінгі кезде тапқан пайдасын бюджетке қайтарудан да бас тартып жатыр. Автономды басқарудағы мекеме дерсің.
Республикалық бюджеттің 46 пайызы Ұлттық қордан келетін трансферттер болса, былтыр бюджет шығынының 25 пайызын Үкімет Ұлттық қор есебінен жапқан. Жақында Президент қол қойған заңға сәйкес, үш жылдық бюджеттің ақырғы параметрлері нақтыланған болатын. Ол бойынша бюджеттің кірісі 12,6 триллион, ал шығыны 15,3 триллион теңгеге жеткен. Ал 2,7 триллион теңгенің жыртығы тағы Ұлттық қор қаржысымен жабылатыны сөзсіз. Өйткені өлтірмейді деп сенген Үкіметтің өзі Ұлттық қорға үнемі иек артады.Қазынаға қаржысын құйғысы жоқ
Мемлекет басшысы екі жыл бұрын халыққа арнаған Жолдауында квазимемлекеттік сектордың қайтарымын арттыруды тапсырып, дивидендтер төлеуді талап еткенін білеміз. Бірақ бұл талап толық орындалып жатыр деп айту қиын. Мәселен, мемлекеттің үлесі бар «Қазатомпром», «Қазақтелеком» қазынаға қайтуы тиіс пайданың көлемін қысқартып тастаса, «Отбасы банк» былтыр тапқан 31,7 миллиард теңге таза табысын мемлекетке төлемейтін болып шешті. «Отбасы банкінің» жалғыз акционері – «Бәйтерек» холдингі банктің былтырғы қаржылық есебін бекітіп, қарапайым акциялар бойынша дивидендтер төлемеу туралы шешім қабылдаған. Ұлттық банк мәліметінше, осы жылдың бірінші тоқсанында «Отбасы банктің» меншікті капиталы – 328,2 миллиард теңге. Азаматтардың депозиттерінің жалпы көлемі 1,4 триллион теңгеге жеткен. Осындай түсім көріп отырғанда 31,7 миллиард теңге банк қазынасы үшін қомақты қаржы емес. Экономистердің пайымынша, бюджет дефициті ішкі жалпы өнімнің 3,5 пайызына жеткен қазіргі жағдайда кірісін мемлекетпен бөліскісі келмеген жалғыз «Отбасы банкі» ғана емес, «Қазатомпром» ұлттық компаниясы да 199,3 миллиард теңге таза кірістің тек 150,1 миллиард теңгесін дивиденд төлеуге бағыттайтынын мәлімдеді. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының 49 пайыз акцияларына иелік етіп отырған «Қазақтелеком» кірісінің 30 пайызын ғана дивиденд ретінде қайтаруға бел буған. Бұл орайда квазимемлекеттік сектор Президенттің барлық дивиденд мемлекетке төленуі қажет деген тапсырмасын көпе-көрнеу орындамай отырғанын көрсетеді. Дегенмен «Отбасы банкі» 31,7 миллиардтың әр тиыны банк ішіндегі бірқатар жобалардың іске асырылуы үшін жұмсалғанын айтады.Есеп комитеті ескертті
Өткен айда Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова қаржы тапшы кезде қазына қаржысын тиімсіз жаратқандарға жаза күшейтілу керегін айтты. Алдымен Ұлттық кордан алған ақшасын толық қайтармаған квазисектор субъектілерін сынға алған ол: «Ұлттық қорды тексеру кезінде «Самұрық-Қазына» бұрын Ұлттық қордан алған 162 миллиардқа жуық теңге көлеміндегі облигациялық қарызды активтерді сатудан түскен қаражат есебінен өтеген. Мұндай тәжірибені тоқтату керек. Ал мұнай секторы саласындағы компаниялардан қорға былтыр 664 млрд теңге қаражат түспеген», – деді. Сондай-ақ Наталья Годунова былтыр Қаржы министрлігі берген уәдесін толық орындамағанын айтып, 1,5 трлн теңгенің қосымша түсімдерін болжағанын жеткізді. Бірақ іс жүзінде одан 7 есе аз түскен. Қысылтаяң шақта мемлекеттік аудит органдары анықтаған тиімсіз жұмсалған қаражат көлемі шамамен 570 млрд теңге болған. «Бір теңгенің де сұрауы бар қазіргі кезде әр қаржы шотта болуы керек. Сондықтан біз мемлекеттік ресурстарды тиімсіз пайдаланғаны үшін лауазымды адамдардың жауапкершілігін одан ары күшейту маңызды. Биыл жыл басынан бері 11 лауазымды тұлға жазаланды. Алайда заңбұзушылықты анықтаудың шеңбері әлі де тар», – дейді Есеп комитетінің басшысы. Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов бюджет қаржысын ұқсата алмайтындар Ұлттық қорды тауысып бітуі мүмкін деп алаңдайды. Республикада салық жинау деңгейі әлі де төмен. Былтыр бюджеттің салықтық түсімдері 17,4%-ға төмендеген. Биыл жыл басындағы жағдай бойынша бюджетке жалпы берешек 378 миллиард теңге болған. «Осы мәселенің барлығы «Салықтық әкімшілендіру жүйесін реформалау» бағдарламасы аясында шешілуге тиіс болған. Бағдарламаны іске асыру үшін 11 жыл ішінде миллиардтаған теңге жұмсалды. Нәтижесін көрмей тұрмыз. Мемлекеттік кіріс комитетінің 16 ақпараттық жүйесінің 12-сі ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай келмейді. Оның ішінде 9-ы өнеркәсіптік пайдалануға енгізілмеген. Соның салдарынан салық және кедендік жұмысты жақсартудан былтырдың өзінде түсуге тиіс 1,5 триллион теңге қосымша түсім түспеген. Нақты сома – 221 миллиард теңге», – деді халық қалаулысы. Ал салықтық әкімшілендірудің әлсіз болуы айналып келгенде тағы бюджетке Ұлттық қордан қосымша қаржы тартуға әкеліп соқтырды. Мысалы, былтыр республикалық бюджет кірістерінің 45%-ы Ұлттық қордан тартылған трансферттер болды. Оның жалпы сомасы – 4,8 триллион теңге. Ал бұл – соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіш. Ұлттық қорды үнемі қолданатынымызды айтқан экономист Мақсат Халық 2008 жылдан бастап қор есебінен мемлекетке кепілдендірілген трансферттер тұрақты түрде аударыла бастағанын алға тартады. Одан бөлек, қосымша мақсатты түрдегі трансферттер тағы бөлінеді. Мәселен, былтыр індетпен күресу үшін Ұлттық қордан 4,7 триллион теңге, ал осы жылғы бюджетке деп 3 триллион теңге бекітілді. Бөлінген қаржының көбі ұлттық компаниялардың үлесінде. «Квазимемлекеттік сектор Ұлттық қорға өте көп сұрау салады. Бір кездері банктерді құтқару үшін Ұлттық қордан қаражаттар көп аударылатын. Банктер де соған үйреніп алды. Бірақ 2016 жылдың соңында Елбасы Ұлттық қорға тиіспеу керегін ескертті. Соның салдарынан қаншама банк жұмысын тоқтатып, банкрот болды. Меніңше, 2008 жылдағы дағдарыстан кейін-ақ банктерді Ұлттық қор есебінен қолдаудың қажеті жоқ еді. Дәл қазір квазимемлекеттік сектордағы ахуал да ойланту керек. Бұл салада тиімділіктің жоғары нәтижесін көріп отырған жоқпыз. Саңырауқұлақша қаптаған компаниялардың мақсаты түсініксіз. Қаншама жобалар жасалып жатыр, тиімділігі жоқ. Сондықтан әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, Ұлттық қордағы аударымдарды реттеудің жаңа механизмін жасау қажет», – дейді Мақсат Халық.Ұлттық қорға жаңа жүйе керек пе?
Бүгінде қара алтын құны түсіп кетсе, экономикасы мұнайға байланған мемлекеттердің біразы қысылтаяң шақта қиналмай шығудың түрлі амал-айласын іздеуге көшті. Жиырма жыл бұрын құрылған біздегі Ұлттық қор болашақ үшін емес, бюджеттің жыртығын жамаудан артылмай келеді. Ұлттық экономика министрі Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт көлемі биыл – 2,7 трлн теңге, келер жылы – 2,4 трлн, 2023 жылы 2,2 трлн теңге болады деп түсіндірді. Бұдан бөлек, биыл елдегі даму бағдарламаларын қаржыландыруды ұлғайту үшін Ұлттық қордан тағы 1,85 трлн теңге бөлу жоспарланған. Алайда алынған қаржыны қайтаруға келгенде құлықсыздық танытатындарға жауапкершілікті күшейтіп, жаңа бюджеттік ереже енгізілмесе, қордың түбі көрінуі мүмкін. Сол үшін экономистер Ұлттық қорды басқару жүйесі басынан құрылған дұрыс деп отыр.Жадыра МҮСІЛІМ