31 миллиард қайда кетті?

31 миллиард қайда кетті?

Бюджеттің дайын ақшасына үйренген ұлттық компа­ниялар дайын асқа тік қасық принципімен жұмыс істеп келе жатқандай. Қаржылық нәтижесі жоғары болмаса, шығыны артса, қомақты ақшаны Ұлттық қордан аударып, жағдайын түзеп алады. Тіпті, кейінгі кезде тапқан пайдасын бюджетке қайтарудан да бас тартып жатыр. Автономды басқарудағы мекеме дерсің.  

Республикалық бюджеттің 46 пайызы Ұлттық қордан келетін трансферттер болса, былтыр бюд­жет шығынының 25 пайызын Үкімет Ұлттық қор есебінен жапқан. Жақында Президент қол қойған заңға сәйкес, үш жылдық бюджеттің ақырғы параметрлері нақтыланған болатын. Ол бо­йынша бюджеттің кірісі 12,6 трил­лион, ал шығыны 15,3 трил­лион теңгеге жеткен. Ал 2,7 трил­лион теңгенің жыртығы тағы Ұлт­тық қор қаржысымен жабы­латыны сөзсіз. Өйткені өлтірмейді деп сенген Үкіметтің өзі Ұлттық қорға үнемі иек артады.

Қазынаға қаржысын құйғысы жоқ

Мемлекет басшысы екі жыл бұ­рын халыққа арнаған Жолда­уында квазимемлекеттік сектор­дың қайтарымын арттыруды тапсырып, дивидендтер төлеуді талап еткенін білеміз. Бірақ бұл талап толық орындалып жатыр деп айту қиын. Мәселен, мем­лекеттің үлесі бар «Қазатомпром», «Қазақтелеком» қазынаға қайтуы тиіс пайданың көлемін қысқар­тып тастаса, «Отбасы банк» был­тыр тапқан 31,7 миллиард теңге таза табысын мемлекетке тө­ле­мей­тін болып шешті. «От­басы бан­кінің» жалғыз акционері – «Бәйтерек» холдингі банктің был­тырғы қаржылық есебін бе­кітіп, қарапайым акциялар бо­йынша дивидендтер төлемеу ту­ралы ше­шім қабылдаған. Ұлттық банк мә­ліметінше, осы жылдың бірінші тоқсанында «Отбасы банктің» меншікті капиталы – 328,2 мил­лиард теңге. Азамат­тар­дың депо­зиттерінің жалпы көлемі 1,4 трил­лион тең­геге жеткен. Осындай түсім көріп отырғанда 31,7 мил­лиард теңге банк қазы­насы үшін қомақты қаржы емес. Эконо­мис­тердің пайымынша, бюджет де­фи­циті ішкі жалпы өнім­нің 3,5 па­йызына жеткен қа­зіргі жағдайда кірісін мемлекетпен бөліскісі келмеген жалғыз «Отба­сы банкі» ғана емес, «Қазатом­пром» ұлттық компа­ниясы да 199,3 миллиард теңге таза кірістің тек 150,1 мил­лиард теңгесін дивиденд төлеуге ба­ғыттайтынын мәлімдеді. «Самұ­рық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының 49 пайыз акцияларына иелік етіп отырған «Қазақтелеком» кірісінің 30 пайызын ғана ди­виденд ре­тінде қайтаруға бел бу­ған. Бұл орайда квазимемлекеттік сектор Президенттің барлық ди­виденд мемлекетке төленуі қажет деген тапсырмасын көпе-көрнеу орын­дамай отырғанын көрсетеді. Де­ген­мен «Отбасы банкі» 31,7 мил­­лиардтың әр тиыны банк ішін­дегі бірқатар жобалардың іске асы­ры­луы үшін жұмсалғанын айтады.

Есеп комитеті ескертті

Өткен айда Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төра­йымы Наталья Годунова қаржы тапшы кезде қазына қаржысын тиімсіз жаратқандарға жаза күшейтілу керегін айтты. Алды­мен Ұлттық кордан алған ақша­сын толық қайтармаған квази­сектор субъектілерін сынға алған ол: «Ұлттық қорды тексеру ке­зінде «Самұрық-Қазына» бұрын Ұлттық қордан алған 162 мил­лиардқа жуық теңге көлеміндегі облигациялық қарызды актив­терді сатудан түскен қаражат есе­бінен өтеген. Мұндай тәжірибені тоқтату керек. Ал мұнай секторы саласындағы компаниялардан қорға былтыр 664 млрд теңге қаражат түспеген», – деді. Сон­дай-ақ Наталья Годунова былтыр Қаржы министрлігі берген уәде­сін толық орындамағанын айтып, 1,5 трлн теңгенің қосымша түсім­дерін болжағанын жеткізді. Бірақ іс жү­зінде одан 7 есе аз түскен. Қы­сыл­таяң шақта мемлекеттік аудит ор­гандары анықтаған тиімсіз жұм­салған қаражат көлемі шама­мен 570 млрд теңге болған. «Бір тең­генің де сұрауы бар қазіргі кез­де әр қаржы шотта болуы керек. Сондықтан біз мемлекеттік ре­сурс­тарды тиімсіз пайда­лан­ғаны үшін лауазымды адамдардың жа­уапкершілігін одан ары кү­шейту маңызды. Биыл жыл басынан бері 11 лауазымды тұлға жазаланды. Алайда заңбұзу­шы­лықты анық­таудың шеңбері әлі де тар», – дейді Есеп комитетінің басшысы. Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов бюджет қаржысын ұқсата алмайтындар Ұлттық қорды тауысып бітуі мүмкін деп алаңдайды. Республикада салық жинау деңгейі әлі де төмен. Был­тыр бюджеттің салықтық түсім­дері 17,4%-ға төмендеген. Биыл жыл басындағы жағдай бойынша бюджетке жалпы берешек 378 миллиард теңге болған. «Осы мәселенің барлығы «Салықтық әкімшілендіру жүйесін рефор­малау» бағдарламасы аясында шешілуге тиіс болған. Бағдарла­маны іске асыру үшін 11 жыл ішін­де миллиардтаған теңге жұм­салды. Нәтижесін көрмей тұрмыз. Мемлекеттік кіріс комитетінің 16 ақпараттық жүйесінің 12-сі ақпа­раттық қауіпсіздік талаптарына сай келмейді. Оның ішінде 9-ы өнеркәсіптік пайдалануға енгізіл­меген. Соның салдарынан салық және кедендік жұмысты жақсар­тудан былтырдың өзінде түсуге тиіс 1,5 триллион теңге қосымша түсім түспеген. Нақты сома – 221 миллиард теңге», – деді халық қа­лаулысы. Ал салықтық әкімші­лендірудің әлсіз болуы айналып келгенде тағы бюджетке Ұлттық қордан қосымша қаржы тартуға әкеліп соқтырды. Мысалы, был­тыр республикалық бюджет кі­рістерінің 45%-ы Ұлттық қордан тартылған трансферттер болды. Оның жалпы сомасы – 4,8 трил­лион теңге. Ал бұл – соңғы жыл­дардағы ең жоғары көрсеткіш. Ұлттық қорды үнемі қолда­натынымызды айтқан экономист Мақсат Халық 2008 жылдан бастап қор есебінен мемлекетке кепіл­дендірілген трансферттер тұрақты түрде аударыла баста­ғанын алға тартады. Одан бөлек, қосымша мақсатты түрдегі транс­ферттер тағы бөлінеді. Мәселен, былтыр індетпен күресу үшін Ұлт­тық қордан 4,7 триллион тең­ге, ал осы жылғы бюджетке деп 3 триллион теңге бекітілді. Бөлін­ген қаржы­ның көбі ұлттық ком­паниялардың үлесінде. «Квази­мемлекеттік сектор Ұлттық қорға өте көп сұрау салады. Бір кездері банктерді құт­қару үшін Ұлттық қордан қа­ра­жаттар көп аудары­латын. Банктер де соған үйреніп алды. Бірақ 2016 жылдың соңында Елбасы Ұлттық қорға тиіспеу керегін ескертті. Соның салда­рынан қаншама банк жұмысын тоқтатып, банкрот болды. Ме­нің­ше, 2008 жылдағы дағдарыстан кейін-ақ банктерді Ұлттық қор есебінен қолдаудың қажеті жоқ еді. Дәл қазір квази­мемлекеттік сектордағы ахуал да ойланту керек. Бұл салада тиім­діліктің жоғары нәтижесін көріп отырған жоқпыз. Саңырауқұлақша қап­таған компаниялардың мақ­саты түсініксіз. Қаншама жобалар жасалып жатыр, тиімділігі жоқ. Сондықтан әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, Ұлттық қордағы аударымдарды реттеудің жаңа механизмін жасау қажет», – дейді Мақсат Халық.

Ұлттық қорға жаңа жүйе керек пе?

Бүгінде қара алтын құны түсіп кетсе, экономикасы мұнайға бай­ланған мемлекеттердің біразы қысылтаяң шақта қиналмай шы­ғудың түрлі амал-айласын іздеуге көшті. Жиырма жыл бұ­рын құ­рылған біздегі Ұлттық қор бола­шақ үшін емес, бюджет­тің жыр­тығын жамаудан артылмай келеді. Ұлттық экономика ми­нис­трі Ұлттық қордан кепіл­ден­дірілген трансферт көлемі биыл – 2,7 трлн теңге, келер жылы – 2,4 трлн, 2023 жылы  2,2 трлн теңге болады деп түсіндірді. Бұдан бөлек, биыл елдегі даму бағдарламаларын қаржылан­дыруды ұлғайту үшін Ұлттық қордан тағы 1,85 трлн теңге бөлу жоспарланған. Алайда алынған қаржыны қайтаруға келгенде құлықсыздық таныта­тындарға жауапкершілікті кү­шей­тіп, жаңа бюджеттік ереже енгі­зілмесе, қордың түбі көрінуі мүм­кін. Сол үшін экономистер Ұлттық қорды басқару жүйесі басынан құрылған дұрыс деп отыр.

Жадыра МҮСІЛІМ