Кәсіпқой бокста таныла бастаған қазақ спортшылары баршылық. Жанкүйер әдетте олардың жетістікке жетіп, көңілден шыққанын күтеді. Жанкүйер ықыласына бөленіп жүрген спортшылардың бірі – Данияр Елеусінов. Біз спортшымен сұхбаттасып, жоспарлары жайлы ой бөліскен едік.
– Былтыр қараша айында намибиялық боксшы Индонгоны жеңіп, жартылай орта салмақтағы IBF Intercontinental бос белбеуін иелендіңіз. Сол кездесуге қысқаша тоқталсаңыз. Кәсіпқой бокстағы осы кезге дейінгі өткізген кездесулеріңізде сіз үшін ең қиын қарсылас кім болды? – Джулиус Индонгомен өткен жекпе-жек менің алда үлкен айқастар өткізуіме жол ашты. Өздеріңіз де жақсы білесіздер, бұл айқаста жеңіске жету арқылы IBF Intercontinental белдігіне ие болдым. Рейтингімді де жақсарттым. Қарсыласым екі дүркін әлем чемпионы, үш белбеудің иегері, абсолюттік әлем чемпионының кездесулеріне шыққан тәжірибелі боксшы. Сондықтан онымен лайықты жұдырықтасып, шаршы алаңда қарсыласымды жеңу үшін тыңғылықты дайындалдым. Шүкір, бәрі ойдағыдай аяқталып, маған жанкүйерлік танытқан көпшіліктің сенімі аяқталды. Екінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жеттім. Кәсіпқой бокстағы 10 қарсыласымның бәрі де осал боксшылардың қатарынан емес. Әсіресе, осылардың арасындағы ең тартысты айқас деп Сильверио Ортиз бен Алан Санчеспен өткен жекпе-жегімді ерекше атап өтер едім. – Күні кеше Matchroom Boxing промоутері Эдди Хирнмен жұмысыңызды тоқтаттыңыз. Қазір еркін агентсіз. Алдағы уақытта қай промоутермен жұмыс істемек ойыңыз бар? – Сәуір айында бұрынғы промоутерім Эдди Хирнмен келісімшартымның уақыты аяқталған болатын. Сол себепті біздер онымен жұмыс істеуді тоқтаттық. Промоутерімнің келісім аясында бұған дейінгі істеген жұмыстарына ризашылығымды білдірдім. 10 кездесу өткізіп үлгердім. Негізі, одан да көп, яғни 12-13 кездесу өткізуім керек болатын. Пандемияға байланысты жоспардағы айқастарымның саны да қысқарып қалды. Дегенмен де менің бұрынғы командама еш ренішім жоқ. Тек кейінгі ұсынылған жаңа келісімшарт біздің ойымыздағыдай болған жоқ. Сондықтан келісімшарт мерзімін ұзартпаймыз деп шештік.– Ендігі жоспар – биылдыққа 1-2 кездесу өткізу. Менеджерлерімнің айтуы бойынша, желтоқсан айында Қазақстанда да жекпе-жек кешін ұйымдастырмақ ниеттеміз. Жақсы қарсыластар таңдалынады.
– Оныншы жеңісіңізден кейін BoxRec рейтингінде бірден 39-орыннан 26-орынға көтерілдіңіз. Жеңіліссіз серияңыз да жалғасып жатыр. Ендігі жоспар қандай? – Ендігі жоспар – биылдыққа 1-2 кездесу өткізу. Менеджерлерімнің айтуы бойынша, желтоқсан айында Қазақстанда да жекпе-жек кешін ұйымдастырмақ ниеттеміз. Жақсы қарсыластар таңдалынады. Кардта қазақстандық көптеген боксшылар да болады, олардың арасында өзімнің туған ағам Дәурен Елеусінов те бар. Бастысы, оған дейін АҚШ-та бір кездесу өткізуім керек. Бірақ әлі ештеңе нақтыланбады. Жақсы жаңалық болса алдымен сіздермен бөлісетін боламын. – Жанкүйерлеріңізді жақсы жаңалығыңызбен қашан қуантпақ ойыңыз бар? Келесі қарсылас кім болмақ? – Келесі қарсылас қалай болғанда да BoxRec рейтингінде және әртүрлі организациялардың, ұйымдардың рейтингінде жақсы тұрған былғары қолғап шеберлерінің бірі болады. 10-15 демей-ақ қояйын, бірақ ТОР 50-дегі боксшы болады. Олармен келісімге келу үшін де жақсы қаражат қажет. Біз бірінші кезекте менің де рейтингімді көтеретін жақсы қарсыластар іздейміз. Мені әлем чемпионы титулына жақындататын кездесулердің маңызы жоғары. Қарсыласымның нақты кім болатыны әзірге белгісіз. Бастапқыда Маурис Хукер мен Крислан Хирден де қарсылас ретінде ұсынылды. Егер ол боксшылар келісімін берсе мен жекпе-жек өткізуге дайынмын. Болмаса басқа боксшыларға ұсыныс тастаймыз. – Кәсіпқой бокста жүрген қазақстандық боксшылар туралы ойыңызды білгіміз келеді. Кімдердің өнерін жоғары бағалайсыз? Кәсіпқойға ауысқысы келіп жүрген отандық боксшыларға айтар кеңесіңіз. – Кәсіпқой бокста жүрген отандастарымының айқастарын жібермей қараймын. Олардың қалай дамып жатқанын, жіберген қателіктерін де жіті бақылап отырамын. Өзім сол қателіктерді қайталамауға тырысамын. Биыл көптеген үздік деген боксшыларымыз алғашқы жеңілістеріне ұшырады. Бірақ бұл – бокс. Онда тұрған ештеңе жоқ. Бір рет жеңіліс таптым екен деп спорттық мансапты аяқтауға да болмайды. Тезірек аяққа тұрып, қайта мықты болып оралу керек. Кезінде кәсіпқой боксшылар ондай сәтсіздіктерді үлкен жеңістің бастамасы деп санаған. Сондықтан да біздің боксшыларға алдағы жекпе-жектерінде сәттілік тілеймін. Жеңіліссіз келе жатқан Жәнібек, Мейірім, Садриддин секілді боксшылар бар. Олардың өнерін жоғары бағалаймын. Батырға жанкүйермін. Сұлтан Заурбек, Тұрсынбай Құлахмет секілді болашағынан үлкен үміт күттіретін жігіттер бар. Қазір кәсіпқой бокста жүрген боксшыларымыз көп қой. Кейбіреулерінің аттарын атамай кетсем ренжітіп алуым мүмкін. Сондықтан оларға жеке-жеке тоқталмай-ақ қояйын. Кәсіпқой боксқа ауысқысы келіп жүрген боксшыларға айтарым, біріншіден алға үлкен мақсат қою керек. Америкаға барып, ол жақта да тәжірибесін шыңдай түскен дұрыс. Кеңес Одағының боксы мықты деп жүре бермей, шеңберден шығу қажет. Өйткені кәсіпқой бокстың деңгейі мүлдем бөлек. Соған үйреніп, мықты бола түсу үшін шет елдегі үздік боксшылардың қарым-қабілетін бойға сіңірген жөн. Бастысы, мені қазақ жастарының кәсіпқой боксқа көптеп келіп жатқаны қуантады. Олардың келешекте үздіктердің қатарынан көрінеріне ешқандай күмән келтірмеймін. Өйткені қазақ боксы, қазақстандық боксшылар әлемдік аренада жоғары беделге ие. Келешекте де сол биігімізден түспей, қазақстандық боксшылардың аты да төрткүл дүниеге таныла береді деген үміттемін.Сұқбаттасқан Абылайхан ЖҰМАШ