Вакцинаға қарсы адамдар өзімен қоса өзгелерді де жаңылыстырып жүргені туралы жиі айтылады. Сонымен бірге билік тарапынан антиваксерлердің байламдарын дәйекті түрде жоққа шығару жағы кемшін соғуда. Салдарынан елімізде екпеге қарсы адамдар саны күрт өсіп кетті. Осы орайда біз антиваксерлер айтып жүрген «дәлелдемелердің» түп-төркініне үңіліп, шын-өтірігін айқындауға талаптандық.
Вакцина жоқта тіледік, табылғанда теріс айналдық
Адамдардың көңіл күйі қысқа күнде қырық құбылуы мүмкін. Сол сияқты қоғамдық пікір де жиі өзгере береді. Өткен жылдың ортасына қарай жаһандық пандемия жағадан алып, жанды қатты қысқанда, коронавирус пен КВИ белгісі бар пандемиядан адамдар көптеп өле бастағанда, бейіттерде көр қазу көбейгенде елдің үрейі ұшты. Осы кезде арзан бедел жинауға ұмтылған блогерлер: «Бұл індеттен құтқарар вакцина табылды!» деп жар салды. Жұрт жалған ақпаратты жаппай таратып, бір-бірінен сүйінші сұрап жатты. Бірақ ол кезде ДДСҰ COVID-19 дертіне қарсы бірде-бір вакцинаны тіркемеген болатын. Қазір Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы зерттеудің барлық кезеңдерінен өткен Pfizer/BionTech, Moderna, Johnson & Johnson, AstraZeneca, қытайлық Sinovac (CoronaVac) және Sinopharm препараттарын мақұлдады. Соңғы екеуі бірнеше ай бойы Қазақстанда қолданылды. Бұл ретте ҚХР-дың Sinopharm компаниясы жасаған, бірақ БАӘ-де Hayat-Vax сауда атауымен өндірілген вакцинасы қолданылды. Міне, дайын вакцина бар, оны мемлекет халыққа қамқорлығы ретінде тегін салып жатыр. Ендеше халық неге тегіс егілмейді? Былтыр жоқ вакцинаға жүрегі жарыла қуанған жұртшылық биыл қолда бар вакцинадан неге теріс айналды? Расында, көптеген қазақстандық КВИ-ге қарсы вакцинаны салғызғысы келмейді және соған міндеттеуге түбегейлі қарсы. Себебі неде? Осындай адамдардың пікірін біліп, дәйектемелеріне құлақ түрдік. Бұл жерде кез келген вакцинаға қарсы адамдардың уағызды қызу жүргізіп жатқанын жасыруға болмайды. Қоғамның бір бөлігі үшін солардың сөзі өтімді, дәйегі нанымды. Адамдардың екпе еккізгісі келмеуінің басты әрі ең танымал себептері мен түсініктемелеріне тоқталсақ. Бірден айта кетелік, біз «вакцинамен бірге денеге чип енгізіледі екен», «вакцина егілген адамның миы 5G мұнараларына қосылатын көрінеді», «екпе салғызған орынға қасық, метал заттар жабысып қалады», «Билл Гейтс/жаһандық жасырын үкімет вакцина арқылы халықтарды бедеу етіп, планета тұрғындарының санын шектемек» деген сияқты бос сандырақты, фантастикалық қиялдан туған дүниелерді қарастырмаймыз. Себебі fact checking-пен айналысатын тұтас сайттар мен басылымдар олардың фейк екенін баяғыда-ақ дәлелдеген.Егілгендердің 90%-ы коронавирус жұқтырған ба?
Антиваксер дәйектемесі: «Менің танысым (досым, ағайыным) коронавируспен ауырып, ауруханада жатыр. Оның айтуынша, індет жұқтырғандардың 90%-ы вакцина салғызғандар көрінеді. Олай болса, егілу қауіпті болғаны ғой». Шынында олай емес. Өткен аптада ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова Қазақстанда екпе салғызғандардың небәрі 0,06%-ы ғана COVID-19 жұқтырғанын мәлімдеді: «Екпеден кейін вирус жұқтырғандардың жалпы саны – 3 165. Соның ішінде І компонентті алғандары – 1 684, ІІ-сін алғандары – 1 481 адам. Вакцина салғызса да ауырғандар ішінде «Спутник V»-мен – 2 791, Hayat-Vax-пен – 293, QazVac-пен – 59, CoronaVac-пен 18 адам егілген. Бұл вакцинацияның тиімділігін көрсетеді», – деді ол. ДДСҰ бірде-бір вакцина коронавирус жұқтырудан құтқармайтынын, бірақ екпе салғызғандар сирек ауыратынын әрі ауруды әлдеқайда жеңіл өткізетінін бірнеше рет мәлімдеді. Рас, бұл жерде бір мәселеге назар аударған жөн. Коронавирус жұқтырып, үйлерінде емделіп жатқан мыңдаған азаматтан екпе еккізген-еккізбегенін емханадағылар да, жедел жәрдемдегілер де сұрап, білмейді. Тек ауруханаға жатқызылар алдында қабылдау бөліміндегілер екпе жайын сұрастырады екен. Бұл ретте антиденеге анализ алынбады, сырқаттың сөзіне сеніп, компьютеріне соны енгізеді. Егер сырқат қудаланудан қорқып, «егілгенмін!» дей салса, базаға да сол енгізіледі. Демек, егіліп, коронавирус жұқтырды дегендердің бір бөлігі шынында вакциналанбаған болуы ғажап емес.Шикі вакцинаны неге таңады?
Антиваксер дәйектемесі: «Вакциналар жете зерттелмеген, сынақтардан толық өтпеген. Жаһандық індетке қарсы тиімді вакцинаны ойлап табу үшін он жыл кетеді. Демек, вакциналардың бәрі шикі», «Біздің ғалымдар соңғы 30 жылда тың ештеңе де ойлап тапқан жоқ. Ендеше қысқа уақыт ішінде жаһандық індетке қарсы вакцинаны жасап шыға алды дегенге сену қиын». «Шын мәнінде адамзат коронавируспен бұрыннан таныс, сонау 1965 жылы британдық вирусолог Дэвид Тиррел жіті респираторлық вирусқа шалдыққан адамнан коронавирус тапты. Қазір коронавирустың 43 түрі анықталған. Оның ішіндегі ең қауіптілері SARS-CoV вирусымен байланысты. Ол 2002-2003 жылдары Қытайда атипті пневмония індетіне соқтырды. 2015 жылы Кореяда MERS-CoV (бетакоронавирус C) індеті жайылды. Ал 2019 жылы Қытайда SARS-CoV-2 бой көтеріп, жаһанды дүрліктіруде. Яғни, осы жылдар бойы коронавирустар микроскоппен мұқият зерттеліп жатыр. Оған қарсы вакцина жасау ісі де бұрыннан пысықталып жатыр. Тиісінше, қазіргі тіркелген вакциналардың бәрі қолда бар, ескі технологиялар негізінде жасалған», – дейді вирусолог, геномді инженерия зертханасының меңгерушісі Павел Волчков. Яғни, коронавирустың жаңа инфекциясының штамы белгілі бола салысымен, әр ел қолында бар технологиялар негізінде препарат әзірлеуге шұғыл кірісті. Енді отандық вакцина ДДСҰ мақұлдауын алу рәсіміне кіріспек. Бұл – әлемдегі ең тиімді, пәрменді вакцинаның бірі. Назарбаев университетінің биология профессоры, Астана Ұлттық зертханасының директоры Дос Сарбасовтың байламынша, QazVac-тың шетелдік вакциналардың басты бір артықшылығы, ол о бастан COVID-19 вирусының қаптаған мутациясын ескере отырып жасалған. Қалай болғанда да, қазақстандықтарға егіліп жатқан вакциналардың бәрі (QazVac, «Спутник V», Hayat-Vax, CoronaVac) клиникалық сынақтардың барлық 3 сатысынан өтті. Тиімділігін дәлелдеді.Тәліптерді неге ауру алмайды?
Антиваксер дәйектемесі: «Неге маскасы, вакцинасы, тіпті дәрісі жоқ тәліптер коронавирустен қырылып қалмады? Ауғанстанда ковидпен күресетін комиссия жоқ. Ұлттық ұлан бетпердесіз жүргендерге айыппұл салмайды. Тәліптер карантин шектеулерінсіз, локдаунсыз, коменданттық сағатсыз, бетпердесіз тәулік бойы соғысады. Мәжбүрлі вакцинациядан өтпейді. Теория бойынша тәліптер коронавирустан қырылып, Ауғанстандағы соғыс аяқталуға тиіс еді. Неге олай болмады? Неге маскасыз тәліптер жеңіске жетіп, Ауғанстанды басып алды? Өйткені мәселе вакцинацияда емес, коронавирустың жоғында». Әрине, бұл байлам да шындыққа жанаспайды. 39 миллионнан астам тұрғыны бар Ауғанстан бұл індеттен қатты зардап шегіп жатыр. Тек ресми дерек бойынша дәрігерлер 143 мыңнан астам ауғандықтың коронавирус жұқтырып, 6,3 мың адам қаза тапқанын тіркеді. Алайда статистика нақты емес. Жағдайды ауруханалардың және мамандардың жетіспеуі, ауырған адамдардың дәрігерлерге жүгіне алмауы ушықтырып отыр. Ресми дерек бойынша 2021 жылы Ауғанстанда күніне шамамен 930 адам әртүрлі себеппен дүние салады. Елде адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы небәрі 45 жас. Онда не себепті Ауған жұртшылығы құрып бітпеген? Туу көрсеткіші өте жоғары: тәулігіне 3 869 бала дүниеге келеді. БҰҰ бала туу және өлім-жітім көрсеткіштерінің жоғары болуын елдегі білім деңгейінің төмендігімен, жұмыссыздықтың жаппай белең алуымен түсіндіреді. БҰҰ Халық қоныстандыру бөлімінің дерегінше, Ауғанстанда жыл басынан бері әртүрлі себептен, соның ішінде коронавирустан 188 мыңнан астам адам қайтыс болған. Есесіне, 784 мыңнан астам бала өмір есігін ашты. Қатары соғыс пен пандемия кесірінен селдіреген тәліптер (Қазақстанда тыйым салынған) өз сапын жігіттермен, бозбалалармен үнемі толтырады. Лаңкестердің азаймау себебі содан. Джонс Хопкинс университетінің саясаттану доценті Сара Паркинсон террористік топтар коронавирусты теріс насихатына пайдаланатынын айтады: «Олар мұны жергілікті халық арасында ықпалын күшейту үшін қолданып отыр. Мысалы, ресми биліктің нашарлығы, әлжуаздығы кесірінен індеттің кең тарағанын айтады. Ауырғанда мемлекеттен көмек алмаған адамдар соларға сенеді. Тәліптер коронавируспен күресті қызу қолдады. Сөйтіп, өздерін жақсы етіп көрсетуге тырысып жатыр». Тәліптер шынында, бұл вирусқа қарсы күрес науқанын жариялады. Содырлар өз қоластына көшкен аумақтарда, қалаларда карантин, коменданттық сағаттар жариялауда, көшеде бетперде мен сабын таратып жатыр. Тіпті, індеттің алдын алу тақырыбында дәрістер ұйымдастырған. Бірақ Кабулдағы Саяси зерттеулер ұлттық орталығының ғылыми қызметкері Нұрулла Наваидің байламынша, тәліптерді коронавирус алаңдатпайды, «оны үлкен қауіп-қатер санамайды». Себебі ковидтен қаза тапқандар орнын жаңа жалдамалы-рекруттар басады. «Биылғы сәуірде тәліптер инфекция жайлаған аудандарда атысты тоқтатуға дайын екенін мәлімдеді. Түрікменстанмен шекаралас Фарьяб провинциясында ресми билік өкілдерімен кездесіп, коронавируспен күрес мәселелерін талқылады. Алайда уақытша бітім ұзаққа созылмады, шайқас бастап, әскерилер мен бейбіт тұрғындарды қырып кетті», – дейді ол. Негізі, вакцина салғызудан аяқ тартып жүргендердің бәрі бірдей екпеге түбегейлі қарсы емес, тек көбірек ақпарат болғанын қалайды. Халықты ақпараттандыру, түсіндіру жұмыстары кең жолға қойылса, екпіні мен тепкіні күшті болып тұрған антиваксерлер қозғалысы өздігінен басылып қалар еді.Елдос СЕНБАЙ