Оқушы кезімізде 80-жылдардың басында қорабына қой артқан ГАЗ-52 машинасы тоқтағанын көргеніміз бар. Сөйтсек, бұл көлікпен боранда отары ығып кетіп, көп малы шығын болған әлдебір қойшыға жылу жинап жүр екен. Жылудың не екенін алғаш рет көріп-білгеніміз – осы.
«Жеті жарғыда» жазылған ереже
Бұл мал баққан халықтың өмір салтында бауырмашылықтың, ағайындықтың үлгісін сипаттайтын бұрыннан келе жатқан дәстүр болатын. Тарихи деректерге көз жіберсек, ол тіпті Тәуке ханның тұсында қабылданған қазақ халқының әдеп-ғұрып заңдарынан тұратын «Жеті жарғы» заңдар жинағында да бар болып шықты. Мұнда «...әртүрлі табиғи апаттан мал мен дүниесінен айырылып, күн көруі қиындап кеткен адамдар қазақ баласынан жылу жинауға хақылы. Жылуды ел болып та, жеке адам болып та жинайды, қандай да түрі болмасын жылу жинау туралы шешімде ел басшылары мен билердің келісімін алады. Егер апат бір адамға, бір ата баласына ғана келген болса, рулы ел өз бетімен-ақ көмектесіп, жұтаған адамдарға қарайласады. Ал жоқшылық тұтас руға келсе, онда амалдың жоқтығынан өзге елдерге барып өтініш жасауға тура келеді. Ел билері көрші алыс-жақын елдердің басшыларынан жылу жинау үшін келісімін алады. Кей жағдайда сыйласуларына қарай көрші, рулар өз бетімен көмек көрсетеді. Қазақ ішінде жылуды кез келген дәулетті қазақтан сұрау айып емес. Жағдайы келіп отырған адам нашарға деп жылу беру «тәңірі алдындағы іс» деп айтылған. Кеңес үкіметі ескіліктің сарқыны деп қанша айыптағанымен, халқымыздың жылу жинау дәстүрі ол кезеңдерде де үзілген жоқ. Зұлмат заманында біздің жерімізге қанша мыңдап басқа ұлт өкілдері көшірілген еді. Сонда ұлтына, діліне және тіліне қарамастан, қазақ халқының олармен азық-түлікпен бөлісіп, шаңырағына кіргізіп, орналасуға көмектескені туралы талай айтылып, жазылып жүр. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де түрлі табиғи апаттар мен жұтқа ұшыраған өңір халқына тұтас ел болып көмек көрсету, қол ұшын беру дәстүрі жалғасып келеді.Маңғыстау мен Қызылордаға қол ұшын созды
Кеше ғана Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында қуаңшылық болып, жаппай мал басы қырыла бастағанда халық биліктің нұсқауынсыз-ақ шаруасы тұралаған өңір тұрғындарына бірінші болып өздері көмек қолын созды. Табиғи апаттың салдарынан Маңғыстауда жекеменшіктің қолындағы мал басы – 0,13%-ға, Қызылордада 0,03%-ға кеміген. Тек Маңғыстау облысында 3 мың бас мал шығын болған. Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов биыл бұрын-соңды болмаған қуаншылыққа байланысты төрт түлікті жемшөппен қамтамасыз ету мәселесі қиындап, мал басы шығын болғанын айта келіп, одан жапа шеккен жандарға еліміздің түкпір-түкпірінен көмек қолын созғандардың көп екенін жеткізді: «Түркістан облысынан бізге бірнеше вагон тегін шөп келді. Оны аудандар мен қалаларда құрылған арнайы штабтар, ерікті азаматтар халыққа бөліп беріп жатыр. Ақтөбе облысынан да кейбір кәсіпкерлер шөп тасымалдауда. «ҚТЖ»ҰК»АҚ жан-жақтан жөнелтілген көмекті тегін жеткізіп беруде» деп мәлім етті. Сондай-ақ әлеуметтік желіде Жамбыл, Қарағанды және басқа облыстардан да шөп тасушылар туралы деректерді көптеп кездестіруге болады. Әрине, Үкімет те қарап отырған жоқ, облыс басшылығының Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп жасаған меморандумы аясында көрші өңірлерден шөп тасу жұмыстары қызу қолға алынды. Жергілікті бюджеттен 1 200 тонна шөп тасымалдауға қаржы бөлінді. Бұл науқанға Үкіметтің резервтік қорынан 1,9 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ өңірлік мекеме-ұжымдар да қалыс қалмай, өз тарапынан тегін жанар-жағармай беріп жатыр. Маңғыстауға елден бұрын 30 тонна шөпті бірінші болып жеткізген ақтөбелік Балнұр Ермекбаева атты кәсіпкер келіншектің есімі бүгінде көпшіліктің аузында. «Маған «Шопан ата» қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев Ақтөбе облысынан көмек береміз деген азаматтар көп екенін айтты. Сол істі ұйымдастыру керек деді. Мені жауапты адам ретінде тағайындады. Мен бірден келістім. Шамам жете ме, жетпей ме деп ойланған жоқпын. Ұрыста тұрыс жоқ, күтетін уақыт жоқ, мал қырылып жатыр. Көмек берем деген адамдарға ешқандай уақыт жоқ екенін түсіндірдім. Сөйтіп, біз ол кісілермен ақылдасып, бірігіп жұмысқа кірісіп кеттік. Жолдасым вахтада жұмыс істейтін. Ол кісі үйде болған уақытты пайдаланып, көмек беруші адамдардың қоңырауына жауап беріп, кездесіп, қай жерде қандай шөп бар екенін білдім. Біреу 30 рулон, бір кісі 100 рулон, тағы бірі 400 рулон берем деген сияқты қоңырау көбейді. Сол кісілердің айтқанын қорыта отырып, көлік іздестіре бастадым. Алғашқы көмек Қобда ауданынан болды. Тимур есімді азамат бір фура шөп беретінін айтты. Маған көлік табу жағы қиынға соқты. Шөп бар, бірақ көлік таба алмай екі күн жүрдік. Сөйтіп жүріп көлікті де таптық. Серікболсын есімді логистикалық компанияның иесі бізге қол ұшын созды. Бұл шөпті Маңғыстаудағы Шетпе ауданы түсіріп алды. Бұл ешқандай ақылы емес, тегін беріліп жатқан көмек»,– дейді келіншек. Сондай-ақ шымкенттік Құрмет Талапқазы бастаған топ 10 вагон шөпті Маңғыстауға жеткізіп берді. Оған шөп жинау жұмыстарын ұйымдастыруға талдықорғандық Мұратбек Солтанбай көп көмек көрсеткен. Қарапайым ауыл тұрғындарынан бөлек, ірі кәсіпорындар да байланысқа шығып, көмек ұсына бастаған көрінеді. Одан бөлек, Алматы облысының ауылдары «Сарыағаш жақта шөп бітсе, бізге келіңдер» деп дұғай сәлем жолдапты. Ал Шығыс Қазақстанның бір азаматы жалғыз өзі 10 вагон шөп басып беруге дайын екенін айтып, шақырған көрінеді. «Қостанайдағы трактор шығаратын «Еуразия-групп» компаниясының басшылары байланысқа шығып, Сарыағашқа бір тракторды шөп престейтін техникасымен бірге жібергенін айтқан.Қарағанды мен Арыста да қалыс қалмаған жұрт
Түрлі апатқа, төтенше жағдайға байланысты халық әрдайым жылу жинап тұрады. Мәселен, 2019 жылы 45 мыңға жуық адам тұратын Арыс қаласында әскери қоймада алапат жарылыс болған оқиғада да қазақ бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жапа шеккен елге көп болып көмектескені есімізде. Онда да қарапайым қазақстандықтардан бастап, ірі компанияларға дейін Арыс қаласына қол ұшын созды. Әскери қоймадағы алапат жарылыстан зардап шеккен Арысқа жиналып жатқан демеуқаржының көлемі миллиондап емес, миллиардтап саналды. «Түркістан» қорына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Тұңғыш Президент кеңсесі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Әкімшілігі, Сенат пен Мәжіліс, Премьер-Министр кеңсесі, министрліктер, комитеттер мен оларға бағынышты ұйымдар, облыстар мен қалалардың әкімдіктері, бірқатар бюджеттік мекемелер, соның ішінде дәрігерлер, мұғалімдер, спортшылар, полицейлер, өрт сөндірушілер және басқалары біркүндік жалақыларын аударды. Бұл ізгі істен бизнесмендер де қалыс қалмады. Арыс тұрғындарына көмекқаржы ретінде BI Group холдингі 100 миллион теңге жолдады. Ал «Еуразиялық топ» Арыс қаласын қолдауға 400 миллион теңге бергенін жариялады. «ҚазТрансГаз» ұлттық компаниясының жұмысшылары Арыс тұрғындарына 120 миллион теңгеден астам қаржы бағыттады. «Верный капитал» компаниясы 60 миллион теңге бөлді. «Астана моторс», «Мега» секілді ірі нысандарды біріктіретін Astana Group 20 миллион теңге және гуманитарлық көмек жолдаған. Оның сыртында волонтерлер, қоғам белсенділері, жеке кәсіпкерлер, ірі гипер-супермаркеттер желілері, киім дүкендері керек-жарақ пен киім-кешек толы жүк жөнелтті. «Түркістан» қорының есепшотына қайырымды қазақстандықтардан 1 млрд 200 млн теңгеден астам қаржы түскен. Одан бөлек, жергілікті бюджеттен 1 млрд теңгедей қаражат бөлінген. Үкімет жедел түрде 2 миллиардтан астам қаржы жіберген. 2015 жылы Қарағанды жұртшылығы су тасқынынан зардап шеккенде де еліміздің түкпір-түкпірінен көмек қолын созғандар көп болған. Өкінішке қарай, төтеннен шығатын апатты оқиғалар республиканың әр түкпірінде мезгіл-мезгіл туындап жатады, бірақ қай кезде де халқымыз соның бәрін ауызбіршілігінің арқасында жеңіп келеді. Жапа шеккен ағайынға көмектесу, жылу жинау – қазақ халқының атадан балаға мирас болып келе жатқан жарқын дәстүрінің бірі. Мұндай шараларды ұйымдастыру дәстүрге беріктік қана емес, қоғам тұтастығының бір көрінісі болса керек.Дәулет АСАУ