«Халықтық IPO»: ұлттық байлықтан үлес пе?
«Халықтық IPO»: ұлттық байлықтан үлес пе?
245
оқылды

Осы әншейінде «Қазақстан байлығы Қазақстан халқына ортақ» деп ұрандатып жатқанда жақсы­мыз. Ендеше оны іздеу, өндіру, тасымалдау, өңдеу сынды ұйым­дастыру сипатындағы күрделі технологиялық процестердің ора­сан зор шығындардан тұраты­нын білеміз бе? Мемлекеттің өз қар­жысына мұның барлығын иге­руге мүмкіндігі жетпес еді. Сон­дық­тан да ол инвесторлардың қол­дауы­на жүгінеді. Инвестор тарту­дың бір жолы биржа болса, оның бір тар­мағы – IPO.

Президент тапсырмасы орындалып жатыр ма?

Қазақстанда «Халықтық IPO» бағдарламасы қайта жандануы тиіс. Оған көптеген ірі ұлттық компаниялар да қатыса бастамақ. Мұның бір себебі – жекеменшікті арттырып, нарықтағы мемлекеттік үлесті азайту мақсатымен байланысты. Бұл пандемияның кесірінен баяулап қалған экономиканың қарқы­нын арттыруға көмектеспек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында өткен Реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің үшінші отырысында осындай тасырма берген болатын. Президент IPO құралдарын мейілінше кең пайдаланудың қажеттігін айта келіп, жекешелендіру мәселесінде бұл тетікке басымдық беруді атап өтті. «Халықтық IPO» бағдарламасын қай­та жаңғыртып, акцияларды, ең алдымен жеке тұлғаларға, яғни Қазақстан азамат­тарына сату керек. Еліміздің әрбір аза­матында ұлттық байлықтың бір бөлігін иелену мүмкіндігі болуы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл мәселе содан бергі газ саласын дамы­ту жөніндегі кеңесте де, Астана Ха­лық­аралық Қаржы орталығының кеңей­тілген жиынында да сөз болды. Пре­зидент АХҚО биржасындағы компа­нияларды тиімді жекешелендірудің ма­ңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар бұған дейін қабылданған Жекеше­лендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына назар аударды. Онда 600-ге жуық мемлекеттік активті бәсекелестік ортаға салудың мерзімі мен жолдары айқындалған. Ендеше, Президенттің тапсырмасы қаншалықты орындалып жатыр? Содан бері жарты жыл өтсе де, қандай да бір қозғалыс байқалмайды. Бұл бір жағы нарықтық құбылыс болғандықтан, үлкен дайындықты талап ететіні рас. Оның үстіне, ықпалды тұлғаның бір твитінен аспандап немесе құлдырап сала беретін биржа ісінде өте мұқият болған дұрыс. Бірақ біздің жағдайда, Президент тапсырмасы тербеліс тудырмақ тұрмақ, мызғымаған күйі тұрған сегменттің әлі де болса пісіп-жетілмегенін көруге болады. «Халықтық IPO»дегеніміз – өте жақсы идея. Ұқсата білгенге тиімділігі де, пайдасы да мол. Бірақ, өкінішке қарай, елімізде қаншама жылдан бері баяу дамып келеді. Әлі бір тұщымды жемісін бере қойған жоқ. Оның негізгі бір себебі халықтың қаржылық сауатсыздығында жатыр. Халық ақшасын депозитте сақтап отыр. Ал IPO-ға сұраныс жоқ. Сондықтан мемлекет, соның ішінде Ұлттық банк алғашқы кезекте осы «ликбез» мәселесін дұрыстап жолға қою керек. Бұл – екінші себебі. Тағы бір атап өтер жайт – IPO-ға қатысушы ұлттық компаниялардың ықылассыздығы. Жеке тұлғалар қатары­нан инвестор тартуға олардың тарапынан ынта жоқ. Сондықтан да бұл нарықтық механизм кенже қалып, Президенттің тапсырмасы күткен үдеде орындалмай отыр. Бірақ бұл дұрыс емес», – дейді экономист Мақсат Әбілахатұлы Экономист маманның сөзінің жаны бар. Мәселен, бүгінде қазақстандық­тардың сақтап отырған депозиттік портфелінің жалпы сомасы ұлттық валютаға шаққанда 24,5 трлн теңге екен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда (19,7 трлн теңге) 24,5%-ға артық. Ұлттық банктің мәліметіне сенсек, ақша ұстаған халықтың тек 16%-ының ғана жинағы бар екен. Жалпы, қаржы ұйымдарының депозиттік портфельі жылдан-жылға тек қана көбейіп келе жатқанын айта кеткен жөн.

Нарық сұлық па, халық суық па?

Шындығын айтқанда, қаржы сарап­шылары әлдеқашан «жаназасын шы­ғарып қойған» «Халықтық IPO» биылдан бастап қайта тірілді деуге болады. Әрине, әзірге тек көзін ашып, тыныстай бастады. Оның ары қарай бас көтеріп, бойын тіктеуі көптеген факторға байланысты. Мәселен, елімізде осынау табыс табу тетігін жандандыру осыдан 10 жыл бұрын қолға алынған екен. 2011–2022 жылдарға арналған бағдарлама мақсаты – қазақ­стан­дықтарға ірі ұлттық компаниялардың акциясын сатып алып, соның табысын көруге мүмкіндік берумен қатар, кор­поративтік сектордың ашықтығын қамтамасыз ету болатын. Әуелгі дүрлігу кезінде бұл жаңашылдыққа қызыққандар көп болғанымен, кейінгі бес жыл бойы нарық сұлық жатты. «Халықтық IPO»-ға тартылған ұлттық компаниялардың ішінен «ҚазТрансОйл» мен KEGOC қана бағалы қағаздарының 10%-ын саудаға шығарды. Алғашқысы 2012 жылы бір акциясын 725 теңгеге, соңғысы 2014 жылы 505 теңгеге бағалап сата бастады. Биыл бұл сома 991 және 1 680 теңгеге жетіп отыр. Ал дивидент төлеуге келер болсақ, 2013 жылдан бастап «ҚазТрансОйл» жыл сайын бір акцияға 75 теңгеден, 2020 жылдан бастап 118 тең­геден бере бастады. Мұнай құбыры операторының дивидентке берген ең жоғары сомасы 2018 жылы 160 теңге болғанын атай кеткен жөн. KEGOC өз акционерлерімен жылына екі рет есептесіп келеді. Бір акцияға 2015 жылы 42,4 теңге берген болса, 2020 жылы 120 теңге беріп отыр. Қос компанияға барлығы 76 мың адам «халықтық акцио­нер» болып үлгеріпті. Ал 2015 жылдың қараша айында Ас­тана Халықаралық Қаржы орталығының құрылуына байланысты «Халықтық IPO» жабылып қалды. Әйтсе де, осы идея ая­сын­да осыдан бес жыл бұрын «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры ел байлығымен халықпен бөлісуі тиіс болатын. Бұл тұр­ғыда тоғыз ірі активтерді саудаға шығару бойынша кесте де жасалды. Мәселен, «Эйр Астана», «Қазақтелеком», «Қаз­атомпром», «ҚазМұнайГаз», «Самұрық-Энерго», «Қазпошта» 2017-2020 жылдар аралығында IPO-ға шығуы тиіс еді. Осылардың ең соңынан «Қазақстан темір жолы» қосылуы тиіс-тұғын. Бірақ осылардың ішінен тек «Қазатомпром»-ның ғана бағалы қағаздарын халықтық нарыққа шығару мүмкін болды. 2018 жылдың қараша айында әлемдегі ең ірі уран өнідіруші компанияның бір акция­сының құны 4 400 тенгеге бағаланды. IPO аясында 451 млн доллар тарту мүмкіндігі туды. IPO-ға 49 шетелдік, 16 отандық заңды тұлға және 2 700 Қазақстан азаматы қатысты. Брокерлер, әсіресе «ҚазМұнайГаз» бен «Қазақтелеком» компанияларының акцияларына қызыға қарап отыр. Өйткені мұнай бағасы арзан кезде акция құны да арзан болатыны белгілі, одан бөлек карантиндік өмір салты байланыс операторына деген сұранысты үш есе арттырып отырғандықтан, оларды қамбат сатып алған күнде де одан да қымбатқа сатар мүмкіндік мол. Осылайша, IPO қазаны біртіндеп қайнай бастады. Әйтсе де, Президент тапсырма бергеніне жарты жыл өтсе де, ескі де жаңа бастамаға нарық сұлық, халық суық қарап отыр.

Нұрлан ҚОСАЙ