Осы әншейінде «Қазақстан байлығы Қазақстан халқына ортақ» деп ұрандатып жатқанда жақсымыз. Ендеше оны іздеу, өндіру, тасымалдау, өңдеу сынды ұйымдастыру сипатындағы күрделі технологиялық процестердің орасан зор шығындардан тұратынын білеміз бе? Мемлекеттің өз қаржысына мұның барлығын игеруге мүмкіндігі жетпес еді. Сондықтан да ол инвесторлардың қолдауына жүгінеді. Инвестор тартудың бір жолы биржа болса, оның бір тармағы – IPO.
Президент тапсырмасы орындалып жатыр ма?
Қазақстанда «Халықтық IPO» бағдарламасы қайта жандануы тиіс. Оған көптеген ірі ұлттық компаниялар да қатыса бастамақ. Мұның бір себебі – жекеменшікті арттырып, нарықтағы мемлекеттік үлесті азайту мақсатымен байланысты. Бұл пандемияның кесірінен баяулап қалған экономиканың қарқынын арттыруға көмектеспек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында өткен Реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің үшінші отырысында осындай тасырма берген болатын. Президент IPO құралдарын мейілінше кең пайдаланудың қажеттігін айта келіп, жекешелендіру мәселесінде бұл тетікке басымдық беруді атап өтті. «Халықтық IPO» бағдарламасын қайта жаңғыртып, акцияларды, ең алдымен жеке тұлғаларға, яғни Қазақстан азаматтарына сату керек. Еліміздің әрбір азаматында ұлттық байлықтың бір бөлігін иелену мүмкіндігі болуы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл мәселе содан бергі газ саласын дамыту жөніндегі кеңесте де, Астана Халықаралық Қаржы орталығының кеңейтілген жиынында да сөз болды. Президент АХҚО биржасындағы компанияларды тиімді жекешелендірудің маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар бұған дейін қабылданған Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына назар аударды. Онда 600-ге жуық мемлекеттік активті бәсекелестік ортаға салудың мерзімі мен жолдары айқындалған. Ендеше, Президенттің тапсырмасы қаншалықты орындалып жатыр? Содан бері жарты жыл өтсе де, қандай да бір қозғалыс байқалмайды. Бұл бір жағы нарықтық құбылыс болғандықтан, үлкен дайындықты талап ететіні рас. Оның үстіне, ықпалды тұлғаның бір твитінен аспандап немесе құлдырап сала беретін биржа ісінде өте мұқият болған дұрыс. Бірақ біздің жағдайда, Президент тапсырмасы тербеліс тудырмақ тұрмақ, мызғымаған күйі тұрған сегменттің әлі де болса пісіп-жетілмегенін көруге болады. «Халықтық IPO»дегеніміз – өте жақсы идея. Ұқсата білгенге тиімділігі де, пайдасы да мол. Бірақ, өкінішке қарай, елімізде қаншама жылдан бері баяу дамып келеді. Әлі бір тұщымды жемісін бере қойған жоқ. Оның негізгі бір себебі халықтың қаржылық сауатсыздығында жатыр. Халық ақшасын депозитте сақтап отыр. Ал IPO-ға сұраныс жоқ. Сондықтан мемлекет, соның ішінде Ұлттық банк алғашқы кезекте осы «ликбез» мәселесін дұрыстап жолға қою керек. Бұл – екінші себебі. Тағы бір атап өтер жайт – IPO-ға қатысушы ұлттық компаниялардың ықылассыздығы. Жеке тұлғалар қатарынан инвестор тартуға олардың тарапынан ынта жоқ. Сондықтан да бұл нарықтық механизм кенже қалып, Президенттің тапсырмасы күткен үдеде орындалмай отыр. Бірақ бұл дұрыс емес», – дейді экономист Мақсат Әбілахатұлы Экономист маманның сөзінің жаны бар. Мәселен, бүгінде қазақстандықтардың сақтап отырған депозиттік портфелінің жалпы сомасы ұлттық валютаға шаққанда 24,5 трлн теңге екен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда (19,7 трлн теңге) 24,5%-ға артық. Ұлттық банктің мәліметіне сенсек, ақша ұстаған халықтың тек 16%-ының ғана жинағы бар екен. Жалпы, қаржы ұйымдарының депозиттік портфельі жылдан-жылға тек қана көбейіп келе жатқанын айта кеткен жөн.Нарық сұлық па, халық суық па?
Шындығын айтқанда, қаржы сарапшылары әлдеқашан «жаназасын шығарып қойған» «Халықтық IPO» биылдан бастап қайта тірілді деуге болады. Әрине, әзірге тек көзін ашып, тыныстай бастады. Оның ары қарай бас көтеріп, бойын тіктеуі көптеген факторға байланысты. Мәселен, елімізде осынау табыс табу тетігін жандандыру осыдан 10 жыл бұрын қолға алынған екен. 2011–2022 жылдарға арналған бағдарлама мақсаты – қазақстандықтарға ірі ұлттық компаниялардың акциясын сатып алып, соның табысын көруге мүмкіндік берумен қатар, корпоративтік сектордың ашықтығын қамтамасыз ету болатын. Әуелгі дүрлігу кезінде бұл жаңашылдыққа қызыққандар көп болғанымен, кейінгі бес жыл бойы нарық сұлық жатты. «Халықтық IPO»-ға тартылған ұлттық компаниялардың ішінен «ҚазТрансОйл» мен KEGOC қана бағалы қағаздарының 10%-ын саудаға шығарды. Алғашқысы 2012 жылы бір акциясын 725 теңгеге, соңғысы 2014 жылы 505 теңгеге бағалап сата бастады. Биыл бұл сома 991 және 1 680 теңгеге жетіп отыр. Ал дивидент төлеуге келер болсақ, 2013 жылдан бастап «ҚазТрансОйл» жыл сайын бір акцияға 75 теңгеден, 2020 жылдан бастап 118 теңгеден бере бастады. Мұнай құбыры операторының дивидентке берген ең жоғары сомасы 2018 жылы 160 теңге болғанын атай кеткен жөн. KEGOC өз акционерлерімен жылына екі рет есептесіп келеді. Бір акцияға 2015 жылы 42,4 теңге берген болса, 2020 жылы 120 теңге беріп отыр. Қос компанияға барлығы 76 мың адам «халықтық акционер» болып үлгеріпті. Ал 2015 жылдың қараша айында Астана Халықаралық Қаржы орталығының құрылуына байланысты «Халықтық IPO» жабылып қалды. Әйтсе де, осы идея аясында осыдан бес жыл бұрын «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры ел байлығымен халықпен бөлісуі тиіс болатын. Бұл тұрғыда тоғыз ірі активтерді саудаға шығару бойынша кесте де жасалды. Мәселен, «Эйр Астана», «Қазақтелеком», «Қазатомпром», «ҚазМұнайГаз», «Самұрық-Энерго», «Қазпошта» 2017-2020 жылдар аралығында IPO-ға шығуы тиіс еді. Осылардың ең соңынан «Қазақстан темір жолы» қосылуы тиіс-тұғын. Бірақ осылардың ішінен тек «Қазатомпром»-ның ғана бағалы қағаздарын халықтық нарыққа шығару мүмкін болды. 2018 жылдың қараша айында әлемдегі ең ірі уран өнідіруші компанияның бір акциясының құны 4 400 тенгеге бағаланды. IPO аясында 451 млн доллар тарту мүмкіндігі туды. IPO-ға 49 шетелдік, 16 отандық заңды тұлға және 2 700 Қазақстан азаматы қатысты. Брокерлер, әсіресе «ҚазМұнайГаз» бен «Қазақтелеком» компанияларының акцияларына қызыға қарап отыр. Өйткені мұнай бағасы арзан кезде акция құны да арзан болатыны белгілі, одан бөлек карантиндік өмір салты байланыс операторына деген сұранысты үш есе арттырып отырғандықтан, оларды қамбат сатып алған күнде де одан да қымбатқа сатар мүмкіндік мол. Осылайша, IPO қазаны біртіндеп қайнай бастады. Әйтсе де, Президент тапсырма бергеніне жарты жыл өтсе де, ескі де жаңа бастамаға нарық сұлық, халық суық қарап отыр.Нұрлан ҚОСАЙ