Өз әкімін өздері сайлап алуға халық бірінші рет қол жеткізіп отыр – Ерлан Саиров
Өз әкімін өздері сайлап алуға халық бірінші рет қол жеткізіп отыр – Ерлан Саиров
Фото: rus.azattyq-ruhy.kz
321
оқылды

Саяси аренада бірінші рет аудандық деңгейдегі ауыл, кент, қала әкімдерінің тікелей сайлауы өтуде. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Facebook-тағы парақшасында жазды.

«Республиканың 14 облысының 176 ауданында 730 ауыл әкімі сайлануда, жылдың аяғына дейін 775 әкім сайланады деп күтілуде. Бұл – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларының практикалық көрінісі. Елімізде бірте-бірте, эволюциялық жолмен қоғамдық-саяси өзгерістер болып жатыр. Республика бойынша сайлауға қатысу үшін 2582 адам кандидат ретінде ұсынылып, 2297 (88,9 пайыз ) тіркеуден өтті. Сайлауға елімізде тіркелген барша партиялар қатысуда. 878 (38,2 пайыз) үміткерді партиялар ұсынуда. Кандидаттардың басым көпшілігі 1419 (61,8 пайыз) өз-өзін ұсынушылар. Яғни, азаматтар бұл сайлауды өзінің азаматтық позициясын білдіруге нақты мүмкіндік екенін түсінуде. Қоғамдық-саяси реформалар аймақтарда өтуі тиіс, өйткені Қазақстан аймақтардан тұрады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев атап өткендей «Ауыл әкімдерінің сайлауы – біздегі демократияны дамытудағы маңызды қадам». Бұл реформалар мемлекет аппаратының аудан, ауыл деңгейіндегі жауапкершілікті жүктеуді жүйелеуі тиіс. Аталған қадам азаматтардың, қоғамның саяси мәдениетін арттыра отырып, елімізде саяси плюрализм принциптерін арттыруға септігін тигізері сөзсіз. Батыс әлемінің қарышты дамуының басты триггерінің бірі жергілікті өз-өзін басқару принциптері екендігі белгілі. Бұл сайлау – Қазақстанда осы өз-өзін басқару принциптерінің алғышарты. Сонымен бірге, тәуелсіздік жылдары халық бірінші рет, жаппай өздерінің әкімдерін тікелей сайлап алуға қолы жетіп отыр. Өте үлкен прогрессивті қадам! Біздің көзімізше тарихи оқиға орын алуда. Алға, Қазақстан!» – деп жазды Ерлан Саиров.