Қоңырлықтар сайлауда белсенділік танытуда – Алматы облысы  
Қоңырлықтар сайлауда белсенділік танытуда – Алматы облысы  
328
оқылды

Тұрғындар әрқашан белсенді, ауыл тірлігіне, қоғам өміріне жанашыр. Ауылдағы орта мектепте орналасқан сайлау учаскесінде кешеден бері қарбалас тірлік.

Бүгін таңертеңгісін туған өлкесінің ертеңін ойлап, жергілікті жұртты басқаратын тұлғаны таңдауға асыққан жұрт осындағы сайлау учаскесіне ағылды. Округте барлығы 1345 тұрғын болса, солардың 635-і әкімдік лауазым үшін сайлауға түсетін үш үміткерге дауыс беретіндер сапынан. Оларды қарсы алып, дауыс берудің жай-жапсарын түсіндіріп жүргендер қатарында «Nur Otan» партиясы атынан байқаушы болып келген Мұхаметханов Еламан да жүр. Біз жастығына қарамастан, жарқын істерге жанашырлығымен көрініп жүрген байқаушыны әңгімеге тартқан едік. – Мен, дәл қазіргі кездегі еліміздегі  ең маңызды  тарихи оқиғалардың бірі –  ауыл әкімдерінің тікелей сайлауына мемлекетіміздің ертеңі елеңдететін азамат ретінде өзімнің аз да болсын үлесімді қосып отырғаныма барынша қуаныштымын. Өзіме артылған сенім үддесінен шығуға барымды саламын. Бүгін таң атысымен байқаушы ретінде №259 сайлау учаскесіне асықтым. Мұндағы сайлауға дайындық барысына көз жүгіртіп, барлығы талапқа сай екеніне көзімді жеткіздім.  Бірден байқалғаны,  учаскеде  дәл қазіргі уақыттағы қалыптасқан жағдайға байланысты қойылатын барлық санитарлық талаптардың толық  орындалғаны. Байқаушылардың өз міндеттерін мінсіз орындауына қажетті жағдайлар жан-жақты ойластырылған. Сонымен бірге сайлаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету де егжей-тегжейлі қарастырылған.  Адамдар арасындағы арақашықтықты сақтау, кіреберісте келген кісілердің дене қызуын өлшеу, қорғаныс құралдарын қолдануды талап ету жүргізіледі. Антисептик құралдары қажетінше жеткізіліп, тиісті орындарға қойылған.  Қажет болған жағдайда бетперде  мен медициналық қолғапқа дейін беріледі. Сайлаушылардың белсенділігі де жоғары. Сайлау  учаскесі ашылғаннан бергі екі сағат ішінде ерте тұратын ауыл тұрғындарының біразы дауыс беріп үлгерді. Белсенділік осылай жалғасатын болса, қоңырлықтар алдағы жылдары ауылға жетекшілік жасайтын жанды дұрыс таңдайды деп ойлаймын. Жалпы елімізде тұңғш рет ұйымдастырылып отырған әкімдердің сайлауы жұрттың өз таңдауын жасап, болашағына сеніммен қарауына  мүмкіндік берген аса қажетті  демократиялық үрдіс деп санаймын, – деген Еламан Дәулетұлы  байқаушылар өзіне артылған сенімнен шығуға тырысып бағатындығын білдірді. Осындай елеулі, саяси мағынасы зор іс-шараға мемлекеттік деңгейде зор  мән берілгені анық байқалып тұр.  Әкімдердің алғашқы сайлауы екендігіне қарамастан  барлығы жүйелі түрде ұйымдастырылған,   сайлауға алғашқы болып келген ауылдың аға буын өкілдері де осы сайлауды көптен күткенін айтып, ақ батасын беріп, елімізді жарқын болашақ күтіп отырғанына кәміл сенетіндерін айтты.

Байқаушылардың барлығы  жеке басының және айналасындағы адамдардың қауіпсіздігін ойлағандықтан вакцина алған. Еламан да елден бұрын вакцина алғандықтан өзінің және айналасындағы адамдардың денсаулығы үшін алаңсыз.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы