Сайлау: Солтүстік Қазақстан облысында өрескел заңбұзушылық тіркелмеді
Сайлау: Солтүстік Қазақстан облысында өрескел заңбұзушылық тіркелмеді

Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс істеп жатқан 522 қоғамдық бақылаушының жұмысын үйлестіру үшін 6 адамнан тұратын штаб құрылған. Штаб жетекшісі – «Партиялық емес байқау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының төрағасы Жанат Мұхамеджанов бүгін өтіп жатқан әкімдер сайлауы туралы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбат берді.

Оның айтуынша, облыстағы 174 сайлау учаскесінде дауыс беруді 348 байқаушы және 174 мобильді капитан қадағалайды. Алдын-ала болжамға сәйкес ауыл әкімдерін сайлауға облыстың 218 елді мекенінің 60 мыңнан астам тұрғыны қатысады деп күтілуде. 61 әкім толық мерзімінің аяқталуына байланысты, 10 әкім толық мерзімінен бұрын қызметтен кетуіне байланысты сайланады. «Сайлау барысын қоғамдық бақылауға алу – біздің азаматтық борышымыз. Біздің ұстаным – жариялылық, ашықтық, әділдік, парасаттылық және заңдылық қағидаттары. Қоғамдық қозғалыс ретінде құрылған облыстағы орталыққа тәуелсіз бақылаушылар еніп, сайлау барысы заңды және легитимді өтеді деген үміттеміз. Осы уақытқа дейін ешқандай өрескел заң бұзушылық болған жоқ. Сайлау өз деңгейінде өтіп жатыр. Тұрғындардың белсенділігі байқалады. Сайлаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өткім келеді. Ең алдымен, азаматтардың қауіпсіздігіне баса көңіл бөлінген. Барлық учаскелер санитарлық шаралармен қамтылған», – деді Жанат Мұхамеджанов. Сондай-ақ,  ол «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, мұндай сайлау елімізде алғаш рет өткізіліп отырғанын атап өтті. «Тұрғындардың 53 пайызы, 288 мың адам ауылды жерлерде тұрады. Олардың талап-тілектері мен қажеттіліктері қалалықтардікінен өзгеше. Сондықтан ауылдықтардың қиындықтарымен етене таныс және оларды шеше алатын әкімді тұрғындар өздері сайлағаны дұрыс деп есептеймін», – деді спикер.

Роза ШӘКЕН