Байлығымыз – жемқорлар жемсауында
Байлығымыз – жемқорлар жемсауында
318
оқылды

Елдің еңсе тіктей алмай, қым­бат­шылыққа тұтылып, бәйгелерде ұтылып жатқанының өзі не­гізінен сыбайлас жемқорлықтың салдары  да шығар. Ал жалпы, жер көлемі біздің бір-бір облыстың аумағындай ғана Еуропа елдері мен алақандай аралда орналасқан Жапонияның нарқы да, парқы да мықты, халқы да риза. Себебі олар экономикасын көтеруді алдымен жемқорларын ауыздықтаудан бас­таған.

Еуропадан үлгі алып...

Жер бетінде жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық көрініс таппаған бірде-бір ел жоқ, әрине. Алайда оның зардабын ерте сезген мемлекет басшы­лары бюджет қаржысын талан-таражға салатын масыл шенеуніктерінен бая­ғыда-ақ арылған. Осылайша, біз сияқты миллиондарды місе тұтпай, мил­лиардтарды асайтын ашқарақтарға бай елдерден әлдеқайда ілгері дамып кетті. Сондықтан да қазір сыбайлас жемқор­лыққа қарсы күресте халықаралық-құқықтық тәжірибені қолданудың пай­дасы зор. Мысалы, АҚШ заңнамасында пара алғандар үшін оның 3 есе мөлшеріндегі айыппұл немесе 15 жылға дейін түрмеде ұстау, не екеуін бірдей қолданған жағдай­да 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Сонымен қатар біз сия­қты дамушы елдерге Сингапур, Швец­ия, Германия, Нидерланд, Дания, Финляндия, Канада, Норвегия, Ис­ландия, Жаңа Зеландия, Израиль мемле­кеттерін үлгі етуге болады. Олар сыбайлас жемқорлықты ұлттық қауіпсіздікке төн­ген қауіп деп есептейді. Атап айтқанда, 1965 жылы тәуел­сіз­дігін алған Сингапурде жемқорлық пен парақорлық өршіп тұрған. Бірақ елді бірнеше жыл басқарған Ли Куан Ю сыбайлас жемқорлықпен күресудің жос­па­рын әзірлеп, оны іс жүзінде ұтымды пайдалана білді. Алдымен заңдарды қатаңдатып, соттық жүйенің тәуелсіздігін жоғарылатты. Мемлекеттік қызметкер­лердің жалақысын жеке сектормен теңестіре өсіріп, олардың іс-әрекеттерін регламенттеді. Сөйтіп, қазіргі премьер-ми­нистрінің жылдық жалақысы 2,5 мил­лион доллар болды десек, қалған минис­трлердікі 1,1 миллион долларға жеткен. Ең бастысы, Ли Куан Ю шағын және орта бизнестің дамуына кедергі болатын түрлі әкімшілік кедергілерді жойды. Енді шведтік үлгіге келсек, ол ел мем­лекеттік құжаттар ашықтығын қамтама­сыз етіп, тәуелсіз сот жүйесін құрған. 1923 жылдан бастап кәсіпкерлер қаржы­ландыратын «Параға қарсы институт» жеке ұйымы жұмыс істейді. Шенеу­ніктерінің жалақысын 12-15 есе көтеріп тастаған. Қоғамдағы абырой, тазалық кәдімгідей әлеуметтік норма саналады екен. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қатты құлдыраған Германияда 1948 жылы зауыттар жұмыс істей бастады да, неміс маркасы тұрақтанып, дүкен сөрелерінде сапалы тауарлар пайда болды. Бұл ретте Федералдық экономика министрі, кейін канцлер болған Людвич Эрхард орасан зор байлықтың аз ғана адамдардың қолында болуын тежеп, соның нәтиже­сінде тұрақты орта тап қалыптастырды. Айналып келгенде, Еуропадағы басқа елдердің мысалы да осыған саяды. Ал шенеуніктері пора-пора пара алудан «жарысатын» бізде өткен 3 жылда қыл­мыс­тың залал сомасы 15 миллиард теңгеден асып кеткен.

...Ашқарақтарды арттырдық

Жалпы, Қазақстан – ТМД елдері арасында бірінші болып сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттің негізгі қағидаларын анықтайтын «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» заңын қабылдаған мемлекет. Одан кейін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл туралы» жаңа заң қолданысқа енді. Дегенмен әлемдік сыбайлас жемқор­лықты қабылдау индексінде біздің ел алғашқы жүздікке кірген емес. Мысалы, былтыр жарияланған Transparency International ұйымының жемқорлық ин­дексінде 180 елдің ішінде 113-орында тұрмыз. Биыл одан да төмен құлдыраған шығармыз. Себебі биылғы жарты жылдағы жұмысын қорытындылаған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 874 тергеу жүргізіп, оның 694-і сотқа жеткенін мәлімдеді. Сондағы дерекке сүйенсек, 101 лауазымды азамат ұсталған. Жыл басынан бері 486 адам сыбайлас жемқорлық үшін жауапқа тартылса, оның 116-сы – пара алғаны, 211-і – пара бергені, 12-сі – делдалдық, 67-сі – алаяқ­тық, 33-і – бюджет қаржысын жымқыру, 32-сі қызметін асыра пайдалану ісі үшін сотталған. Осылайша, 114 жемқор қыз­мет­кер түрмеге қамалса, 47 адамның бас бостандығы шектеліп отыр. Ал 288 лауазым иесі мемлекетке 1,5 миллиард теңгеден астам айыппұл төлейді. Сондай-ақ 464 адам белгілі бір қызметті атқару құқығынан айырылса, сот 94 адамның арнайы әскери немесе құрметті атағын және мемлекеттік наградасын алып қойды. Қалған бесеуінің мүлкі тәркіленді.
Осы орайда агенттік төрағасы Марат Ахметжанов елде пара берушілердің азаймай тұрғанын алға тартты. «Халық­тың құқықтық сауатсыздығы да жоқ емес. Өкінішке қарай, сатып алу жолы­мен мәселені шешу өмірдің қалыпты жағдайына айналып барады. Қол ақысын немесе сый-сияпат беру халықтың бойына сіңіп кеткен. Тіпті, пара беріп, жеке шаруасын шешкені үшін мақтана­тындар да кездеседі. Оның бәрі қылмыс екенін толық түсінбейді. Сондықтан сана-сезім өзгермесе, қатаң жазалау шаралары да нәтижесін бермейді», – дейді ол. Ал «2020 жылғы Қазақстандағы сыбай­лас жемқорлық жай-күйінің мониторингі» зерттеуінің нәтижелерін таныстырған Transparency Kazakhstan атқарушы директоры Ольга Шиян: «Азаматтардың пікірінше, көбінесе мәселелерді Жамбыл, Атырау, Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарында, ал кәсіпкерлердің пікірлері бойынша Нұр-Сұлтан, Шым­кент қалаларында, Ақмола, Павлодар, Қызылорда, Қарағанды, Жамбыл, Алматы, Батыс Қазақстан облыстарында бейресми жолмен шешуге тура келген», – деп отыр. Оның айтуынша, бейресми әрекеттесудің жарияланған жағдай­ларының 3/2-сін құраған емханалар мен ауруханалар, полиция, салық және өртке қарсы қызметтер, жер қатынастары және қала құрылысы органдары, ХҚКО, мем­лекеттік балабақшалар мен жоғары оқу орындары неғұрлым жемқор мемлекеттік мекемелер болып белгіленген. Осыдан-ақ біздің неліктен жоғарыда аталған елдердің «шаңына ілесе алмай» келе жатқанымыз түсінікті болар...

Еркеғали БЕЙСЕН