Құқықтық саясат – серпінді дамудың сындарлы қолдаушысы
Құқықтық саясат – серпінді дамудың сындарлы қолдаушысы
© kk.birmiss.com
167
оқылды

Елімізде биылдан бастап заңдарды қабылдауға деген көзқарас өзгерді. Егер бұрын заңдар мемлекеттік орган өкілдерінің шағын шеңберінде ғана дайындалып келген болса, енді олар бастапқы кезеңде-ақ жұртшылықпен, онда да оның әрбір мүдделі нысаналы тобымен кеңінен талқылануы тиіс. Осы мақсатта халықпен арнайы консультациялар өткізуге арналған заң шығару процесінің жаңа кезеңі енгізіліп жатыр. Мұны, әрине бұған дейінгі жүргізіліп келген құқықтық саясаттың заңды жалғасы деп түсіну керек. Өйткені бұл бастама реформалы стратегияның сонау алғашқы кезеңінде-ақ ойда бар болатын.

Жаңа заңдардың алтын қазығы

Биыл 12 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне норма шығармашылықты жетілдіру мәселе­лері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Енді заңдарды қабылдаудың болашақтағы тәртібі келесідей төрт кезеңмен жүзеге асырылады. Бірінші – проблеманы анықтау сатысы. Проблеманы әртүрлі жолдармен, оның ішінде азаматтардың өтініштерін қарау қорытындылары бойынша немесе құқықтық әлде қоғамдық мониторинг жүргізу жолы­мен және тағы да басқа жолдармен анықтауға болады. Екінші – Консультативтік құжатты қалыптастыру және оған анықталған проб­лемалар бойынша барлық жүргізілген талдауды қосу. Үшінші – жұртшылықпен бірге Консультативтік құжатты талқылау. Оның үш жолы бар: «Ашық НҚА» порталында пікір білдіру, жария тыңдаулар және пікірталастар. Төртінші – мәселелерді шешудің нақты жолдарын анықтау. Яғни, уәкілетті мемлекеттік орган халықпен жүргізілген консультациялардан кейін ғана жеке заң әзірлеудің мақсатқа сай екені туралы шешім қабылдайды.
«Бұған дейін екінші және үшінші кезең болған жоқ. Тұтастай алғанда, заң қоғам мүшелерін заң шығару процесіне тарту тетіктерін жетілдіріп қана қоймай, бірқатар басқа да маңызды мәселелерді шешеді. Атап айтқанда, мемлекеттік органдардың ақпараттық және түсіндіру жұмыстарына қойылатын талаптарды күшейтеді. Ол үшін әрбір заң жобасына және қабылданған заңға ақпараттық сүйемелдеу бағдарламасы қоса берілетін болады. Бұл бағдарлама азамат­тарды алдағы не заңнамаға енгізілген өзгерістер туралы хабардар ету тәсілдері мен мерзімдерін нақтылайтын іс-шараларды қамтуы тиіс. Ақпараттық және түсіндіру жұмыстарын жүргізуден басқа, жаңа заң мемлекеттік органдарды азаматтарды жаңаша реттеуге дайындау мерзімін белгілеуге міндеттейді. Бұл мерзім – кем дегенде 60 күн», – дейді Әділет вице-министрі Наталья Пан.
Осы заңмен қабылданған заңдардың тиімділігін бағалау да енгізіледі. Яғни, мемлекеттік органдар заңдарды қабыл­даудың қатынастары реттелетін сала­ларына нақты әсерін бағалауды жүргізе бастайды және заңдар қабылданғаннан кейін бес жыл ішінде оларды практикада қабылдау мақсаттарының жетістіктері туралы есеп беруге міндетті болады.

Тұжырымдама – құқықтық саясаттың ажырамас бөлшегі

Қазақстан – құқықтық мемлекет. Сон­дық­тан да мұндағы үрдістердің тұжырым­дамалық деңгейде жүзеге асырылатыны – аксиома. Сондай келелі құжаттың бірі - Құқықтық саясат тұжырымдамасы. Қоғам дамуының түрлі тенденцияларына, саяси-құқық саланың тұғырнамалық элементтерін қалыптастыруға, іргелі идеялар мен жинақталған тәжірибеге негізделген бұл құжат – біртұтас құқықтық саясаттың ажырамас бөлшегі. Бүгінге дейін еліміздегі құқықтық реформалар «Қазақстан Респуб­лика­сының 2010-2020 жылдарға арналған Құ­қық­тық саясат тұжырымдамасы» бойынша бір ізбен жүзеге асырылып келді. 2009 жылғы тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың №858 Жарлығымен бекі­тілген бұл құжат 5 негізгі бөлімнен тұрған болатын. Мұндағы көзделген мақсаттар мен оларды жүзеге асыру шаралары мемлекеттік дамудың басты мәйегі болып табылатын «Қазақстан – 2050» стратегиясы мен Ұлт Жос­парына толықтай сәйкес келді. Тұжы­рымдама аясында 2017 жылы Қазақстан Конституциясына Президенттің жекелеген өкілеттіктерін беру арқылы Парламент пен Үкіметтің өкілеттіктерін кеңейту туралы өз­геріс­тер енгізілді, сондай-ақ Пре­зидент­тікке кандидаттарға қойылар талаптар толықтырылды. Саяси партияларды құру үшін тіркеу кедергілері екі есе қысқартылды. Партиялық сайлау тізімінде әйелдер мен жастардың квотасын 30%-ға жеткізу міндеттелді. «Бейбіт шерулерді ұйымдастыру және өткізу туралы» жаңа заң қабылданды. Қазір Қазақстан бұл тұжырымдаманы толық орындады деп айтуға болады. Енді өткен онжылдықты түйіндеумен қатар жаңа құжаттың жобасы әзірленіп жатыр. 2030 жылдарға дейін арналған Қазақстанның құқықтық саясат тұжырымдамасы бұл жолы 8 бөлімнен тұрады.

Нұрлан ҚОСАЙ