«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың міндеттерін орындау мақсатында Ақмола облысында партияның облыстық, 2 қалалық және 17 аумақтық филиалдарының сайлауалды бағдарламасына жүйелі мониторинг ұйымдастырылды. Оның нәтижесі туралы партияның депутаттық фракция отырысында айтылды. Сондай-ақ жиында орындалмау қаупі бар индикаторлар бойынша атқарылған жұмыстар тілге тиек етілді.
Осы жылғы 6 айдың қорытындысы бойынша партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі аймақтық Жол картасының 132 іс-шарасының 23-і (17,4%) орындалды, 88-і (67%) орындалу сатысында, 21-нің (16%) орындалу мерзімі жеткен жоқ. Орындалған негізгі іс-шараларды нақты айтсақ, 3 серпінді инвестициялық жоба іске асты. Мәселен, Аршалы ауданында қуаттылығы 100 МВт-қа жететін жел электр стансасының 2-кезегі салынды. Есіл ауданының «Ново-Приречное» ЖШС-нің сыйымдылығы 797,8 миллион теңге болатын 20 мың тонна астық сақтау қоймасы пайдалануға берілді. Ал қаржыландырудың болмауына байланысты Степногор қаласындағы 45 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы мен жеке тұрғын үйлер үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту сияқты жобалардың мерзімді орындалуына бүгінде қауіп төніп тұр. Жалпы, тұрғын үй құрылысына қатысты мұндай мәселелер басқа да аудандарда кездеседі. Сондықтан бұл мәселені шешудің басқа амалдарын қарастыру қажеттілігі айтылды. Жиында, сондай-ақ өңірде ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 1,5 есе ұлғайтып, 3 миллион теңгеге жеткізу мәселесі талқыланды. Бүгінде халық қалаулылары бұл тақырыпты тиісті сала мамандарымен жан-жақты зерттеп, талдаудан өткізді. Нәтижесінде, тек өсімдік шаруашылығында нақты нәтиже беретін 3 негізгі бағытты дамыту қолға алынды. – Бірінші бағыт – агроқұрылымдарды ірілендіре отырып, заманауи озық технологияларды енгізу. Сөйтіп, өсімдік шаруашылығында алдағы 5 жылда суармалы жер алаңын 13,3 мың гектарға арттыру. Биылғы жоспар – 1 мың гектар. Аталған межеге өңірдегі екі ірі шаруашылықтың арқасында қол жеткізілді. Бұл – Целиноград ауданындағы «Родина» агрофирмасы мен «Зеренді» асылтұқымды шаруашылық» серіктестігі. Алғашқысы суармалы егістік алқаптарын 700 гектарға, ал екіншісі 300 гектарға жеткізді. Екінші бағыт – минералды тыңайтқыштарды қолдану алаңын 1,6 есе өсіммен 2025 жылы 1,4 млн гектарға дейін ұлғайту. Биыл 1 млн гектар алаңда тыңайтқыштарды қолдану бойынша міндет орындалды. Шаруалардың тыңайтқыштарды сатып алуға жұмсалатын шығынының 50%-ы мемлекеттік қолдаудың арқасында қайтарылады. Десе де, бұл бағытта түйткілді мәселелер баршылық. Депутаттық фракция отырысында шаруаларға субсидиялардың уақытылы түспеу мәселесі қызу талқыланды. Депутаттардың айтуынша, кейде тіпті қаржының жетпеушілігі де байқалады. Сондықтан депутаттардың ұсынысын жинақтап, арнайы мамандарды тарту арқылы бұл мәселені түбегейлі шешу қажет, – деді «Nur Otan» партиясы Ақмола аймақтық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов. Өсімдік шаруашылығында еңбек өнімділігін арттырудың үшінші бағыты егін шаруашылығында үшінші репродукциядағы тұқымды қолдану көлемін арттыру. Жол картасына сәйкес 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 90 %-ға жеткізу көзделеді. Халық қалаулысы Қайрат Сұлтановтың айтуынша, биыл нанның қымбаттауына жол бермеу мақсатында тұрақтандыру қорының жұмысын нығайту қажет. Ондағы ұнды тек әлеуметтік нан пісіретін наубайханаларға беру қажеті айтылды. Айта кетейік, келесі жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен жайылым жерлерді ұлғайту қолға алынады. Осыған байланысты елді мекендердегі егістік және жайылым жерлерге тексеріс жүргізу қажет.Әбілмансұр ЖАСАН