Білім грантына 75 мың талапкер өтініш берді
Білім грантына 75 мың талапкер өтініш берді
314
оқылды

Биыл 75 мың талапкер білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға өтініш берді. Құжаттар 16-26 шілде аралығында қабылданды. Байқау нәтижелері 15 тамызға дейін жарияланады. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі хабарлады.

Үміткерлер арасында 7 054 «Ал­тын белгі» иегері, 576 халық­аралық және республикалық олим­пиадалардың жеңімпазы, сондай-ақ патриоттық сезімі мен белсенді азаматтық ұстанымы үшін үздік белгісімен марапат­талған 705 бала бар. Олардың балы тең болған жағдайда басым құ­қыққа ие болады. «Сонымен қатар биыл БҒМ алғаш рет халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан бала­ларға квота бөлді. Енді жетім балалар, ата-анасының қамқор­лығынсыз қалған балалар, төрт және одан да көп кәмелетке тол­маған балаларды тәрбиелеп отыр­ған отбасылардан шыққан балалар, толық емес отбасылардан шыққан балалар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар, жеңілдіктер мен кепілдіктер бо­йынша жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі артты. Оларға арнайы гранттар бөлінген. Кәмелетке толмаған төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін гр­ант­­тардың жалпы санының 5%-ы, кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардан шыққан балаларға – 1%, І, ІІ топтағы мүгедек балаларды тәр­бие­леп отырған отбасылардан шық­­қан түлектерге білім беру грант­тарының 1%-ы көзделген», – деді БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім депар­таментінің директоры Әділет Тойбаев. Сондай-ақ ауыл жастары ара­сынан шыққан азаматтар үшін ауыл­дардың әлеуметтік-эко­но­мика­­лық дамуын айқындайтын мамандықтарға және Қазақ­стан­ның азаматтығын алмаған, ұлты қазақ адамдарға да квота қарас­тырылған. Биыл 145 мыңнан астам талап­кер Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтті. ҰБТ қорытындысы бойынша шекті балды 88 мыңнан астам адам жинады, бұл – қатысушылардың жалпы санының шамамен 60%-ы. Биыл орташа балл 69 болды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 балға жоғары.  

М.ҚАЙРАТҚЫЗЫ