Ыстыққа да шыдай алмады
Ыстыққа да шыдай алмады
278
оқылды

Токио Олимпиадасындағы теннисшілеріміздің жағдайы мәз емес. Ерлер арасында Михаил Кукушкин бірінші айналымда екінші кезеңнен ары аса алмады. Ал әйелдер арасында сынға түскен үш бірдей теннисшіміз бірінші кезеңді орта жолдан аяқтады. Байрақ­ты бәсекеде ел сенім артқан Зарина Дияс, Юлия Путинцева және Ярослава Шведова жаз­ғы Олимпиада ойындарындағы антирекордты жаңартты. Ойын­нан бас тартты.

Енді отандық жанкүйерлер тен­нистен Қазақстан әйелдер коман­дасының Токио Олимпиадасында қалған жалғыз өкілі Елена Рыба­кинаның тілеуін тілейді. Әзірге отандасымыздың көрсеткіші жаман емес. Үш ойында да қарсыластарына үстемдік танытып, ширек финалға жолдама алды. Осы қарқынын жо­ғалтпаса, жүлдегерлер қатарынан көрінуге мүмкіндігі бар. Айта кетейік, теннистен әйелдер арасындағы турнирдің бірінші айналымына 64 теннисші қатысты. 32 матчтың үшеуі ғана уақытынан бұрын аяқталды. Алдымен Зарина Дияс бірінші сетте чех Барбора Крейчиковадан 2:5 есебімен жеңіліп жатып матчты жалғас­тыру­дан бас тартты. Отандасымыздың жарыс кезінде ескі жарақаты сыр беріпті. Артынша Путинцева да аргентиналық Надия Поророш­камен кездесуді ерте аяқтады. Бірақ Юлия бірінші сетте 6:7 есебімен жеңілгенімен, екінші сетте 3:1 есебімен алда тұрған. Соған қара­мас­тан ол жарысты жалғастыруға құлықты емес екенін жеткізген. Шведова да қарсыласына шамасы­ның жете алмасын сезді ме, жоқ жа­нын қинағысы келмеді ме, әй­теуір ол да  австралиялық Айла Том­лян­овичке қарсы матчта 5:7, 2:3 есебімен жеңіліп жатқан тұста күн­нің ыстығын сылтау етіп, жарысты жалғастырмайтынын айтыпты. Бұл тұста теннисшілердің жарыс аяқталғанда  айтқан сөздеріне қыс­қаша тоқтала кетейік.
– Ауа райы өте ыстық болды. Тыныс алуым қиындады. Екінші сет барысында ойын ырғағына түскен кезде басым ауырды. Дәрігер шақырдым. Ыстықтан қан қысы­мым көтеріліп кеткен екен. Сон­дықтан матчты жалғастырудан бас тарттым, – деді Путинцева.
Ал Зарина Дияс Токио Олим­пиадасына аяғының жарақатына қарамастан қатысқанын айтыпты. Бұл туралы спортшы федерацияның баспасөз қызметіне берген сұх­батында мәлімдеді.
– Өкінішке қарай, кездесуді тоқтатуға тура келді. Өткен аптада Лозаннадағы турнирде аяғымды жарақаттап алдым. Біраз емдеген соң, жақсы болып қалғанмын. Бүгінгі кездесу кезінде аяғым қай­тадан қатты ауыра бастады. Сол се­­бепті турнирді жалғастыра алма­дым. Олимпиаданың мен үшін дәл осылай аяқталғаны өкінішті, – деді Зарина.
теннис Теннистен құрама капитаны Ярослава Шведова жарыстан нелік­тен бас тартқанын былайша түсін­діріпті.
– Өз-өзіме енді келіп жатырмын. Өкінішке қарай, кездесу жеңіліспен аяқталды. Жақсы ойнап, тырысқан сияқтымын. Бәрі жаман емес еді, алайда бірінші сеттің аяғына қарай ыстыққа шыдау мүмкін болмады. Күннің ыстығы қатты әсер етті. Сонда да тоқтамай, бірнеше гейм ойнауға тырыстым. Бірақ жағдайым нашарлап, аяғымды сезбей қалдым. Ойынды тоқтатқым келген жоқ, ең соңына дейін ойнағым келді. Бірақ 3:2 есебімен алда тұрғанымда бәрі қиындай түсті. Мен соңына дейін ойнай алмайтынымды сездім. Юлия мен Зарина да ойыннан бас тартқан соң, барынша соңына дейін барғым келді. Ойыным жақсы жү­ріп жатса да, жағдайдың осындай болғаны өкінішті, – депті Шведова.
Біз мән-жайды білмек болып Қазақстан Теннис федерациясына хабарласқан болатынбыз. Қазақ­стан Теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польский үш теннисшінің жарыс кезіндегі сәтсіздігін былайша түсіндірді.
– Заринаның жарыс кезінде аяғынан алған ескі жарақаты сыр берді. Олимпиада алдында отан­дасымыз жарақат алған болатын. Сондықтан оның соңғы сәтке дейін Токиоға бару-бармауы белгісіз бол­ды. Заринаның жағдайы қалыпқа келгеннен кейін ол жарысқа бара­тын болды. Өкінішке қарай, бірінші сетте қарсыласының соққысын қай­тару барысында аяғын ауыртып алды.  Сол себепті турнирмен ерте қоштасуға мәжбүр болды. Оның үстіне, Зарина алғашқы айналым­нан-ақ мықты қарсыласқа тап болды. Путинцева мен Шведовада қос теннисшіге күннің ыстығы, ауа райының қолайсыздығы қатты әсер етті. Юлия тартысты өткен бірінші сетте қарсыласына есе жібергені­мен, екінші сетте 3:1 есебімен алда тұрған. Алайда ыстықтан спортшы өзін жайсыз сезініп, жарысты жал­ғастыра алмады. Әлемнің бірінші теннисшісі Эшли Бартидің өзі де ыстықта сәтті өнер көрсете алмай, бірін­ші айналымда қарсыласынан жеңіліп қалды. Көптеген теннис­шілер ауа райының қолайсыздығын айтып шағымданып жатыр. Энди Маррей де алдын ала сезгендей жарысқа қатыспайтынын айтқан болатын. Аптап ыстықта далада ойнау оңай емес. Шведова бірінші сетте 5:5 есебімен тең ойнап жатқан кезде күннің ыстығынан әлсіреп кеткенін, аяғы қимылдамай қалға­нын айтты. Бұл жарыс түрін өзге спортпен салыстыруға болмайды. 10-15 минуттық спринттік жарыс емес немесе залда өтетін жарыс емес, сыртта күннің ыстығында ойнауға тура келеді. Сондықтан теннисшілерге 1,5-2 сағат далада ойнау оңай болмай тұр, – деп жауап берді Юрий Польский.
Өз кезегінде спорт журналисі Фараби Әбдіхалық жарыс кезінде қанша ыстық болса да, бәріне бірдей жағдай жасалғанын, бірақ тек Қазақстанның атынан сынға түскен теннисшілердің бірінен соң бірі жарысты жалғастырудан бас тарт­қаны үлкен күмән туғызып отыр­ғанын айтады. Ал әлеуметтік желі қолдану­шыларының бірі «бұл жұптасып өнер көрсетуде бас тартқаннан кейін басталған командаішілік кикілжің сияқты» деген пікірін білдірген екен. Бұл сөздің де жаны бар секілді. Жалғыз Елена Рыбакина ғана жанын салып ойнап жүр. Олимпиададан жүлделі оралсам деп әр ойынын жоғары деңгейде өткізіп жатыр. Кім не десе де, басқа теннис­шілерден қайыр болмады. Ендігі бар үміт Еленада.

Абылайхан ЖҰМАШ