Кейінгі кезде жұмысшылар жиі ереуілге шығып жүр. Талаптары орынды: жалақыны жоғарылатуды, тұрмысты түзеуді, қалыпты әрі қауіпсіз еңбек жағдайын жасауды сұрайды. Сонымен бірге әлемді пандемия мен дағдарыс қысқан, ішкі-сыртқы нарықта баға құлдыраған заманда жұмыс берушілердің де әлеует-мүмкіндіктері шектеулі, адымдары тұсаулы. Дегенмен әртүрлі кәсіп иелерінің наразылық білдіріп, көшеге шығуы тыйылар емес. Бұл ненің белгісі? Алмағайып шақты пайдаланып, доқ көрсету ме, әлде ахуалы нашарлаған жұмысшылардың төзімі таусылды ма? Бәлкім, елдегі қымбатшылық жұртшылықты ығыр еткен болар.
Мұнайшыны неге мұң басты?
Сарапшылардың айтуынша, ереуіл өткізу – демократиялық елдерде қабылданған үйреншікті құбылыс. Әйтсе де, басшылыққа қарсы шығу – еріккеннің ермегі емес, басты бәйгеге тігу. Оның ақыры қандай нәтиже әкелетіні беймәлім. «Ақырып теңдік сұраған», өз құқығын қорғаған ереуілшілердің бір тобы ақырында діттеген мақсатына жетсе, тағы бір тобы жұмыссыз қалады. Биыл 8 ақпанда Ақтөбе облысындағы «Жаңажол» кен орнында қарсылық шарасын өткізген мұнай-сервистік компанияның кейбір жұмысшысы осы жағдайды кешті, отбасын асырап отырған жалғыз табыс көзінен айырылды. Олар жұмыстың адам төзбес ауырлығына шағымданды: жүк көліктерінен, вагондардан зілбатпан жүктерді таситын олар белі қайысып, кейде аяқтары жүруден қалатын кездер болған. Соған қарсы шығып, 15 күндік ауысым үшін төленетін жалақыны 55 мыңнан 100 мың теңгеге дейін көтеруді талап етті. Әйтпесе, еңбекақы азық-түлікке де жетпей қалатын көрінеді. Жұмыс берушінің реакциясы қалай болды? Мұнайшыларға қызмет көрсететін «Биккор» клининг компаниясы әлгі іс-шараға қатысқан оннан астам жұмысшысын қызметінен қуды. Бірақ компания директоры Гүлшара Итбаева ақпарат құралдарына түсініктемесінде экс-жұмысшыларының бұл сөзін жоққа шығарды. Олардан керісінше ауысымды аяқтап барып кетуді өтінгенін, алайда олар өз еркімен жұмыстан шыққанын алға тартты. Сондай-ақ қалған жұмысшылардың жалақысын көтеруге уәде етті. Жалпы, биыл мұнайлы өңірлерімізде бірнеше мұнай және мұнай-сервистік компания жұмысшылары наразылығын ашық білдіріп, журналистерді жинады. Соның ішінде Қытайдың «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясына қарасты «KMK Мұнай» және «АМК Мұнай» кәсіпорындарының жүздеген жұмысшысы өз басшылары жалақыны көтеруге келіскен соң, ереуілін тоқтатты. «Сағыз Петролеум» компаниясының 200-дей мұнайшысы да жалақының аздығына риза емесін жария түрде білдірген. Олар мұнайшылар көп жалақы алады деген ұғымның қазір шындыққа жанаспайтынын, өздері 90-160 мың теңге ғана алатынын жеткізді. Компания жалақы көтеру мәселесін қарастырып жатқанын хабарлаған.Ереуілді өркениетті өткізуге болады
Нұр-Сұлтан қаласында краншылар ереуілдеген болатын. Олардың жалақысы мұнайшыларға қарағанда тәуір деседі: жарты миллионға дейін айлық алатыны хабарланды. Ал олар оны азсынады, инфляцияны ескере отырып, 800 мың теңгеге дейін көтеруді талап етті. Өзге талаптары арасында краншылар үшін зейнетақы жасын ерлерге – 60 жас, әйелдерге 58 жасқа дейін төмендету, штатқа алып, ресми түрде еңбек келісімшартына отырып, барлық әлеуметтік төлемдерді төлеу, арнайы киіммен жабдықтау, еңбек шарттарын жақсарту, жұмыстың қауіптілігіне қарай 1,5 еселік коэффициент бойынша үстемеақы төлеу болды. Ереуілшілер тікелей Елбасыға жүгініп, араша сұрап, үндеу жолдады. Бұл наразылық шарасы өзге ереуілдерден ерекшеленді. Біріншіден, олар көшені не жолды жауып, өзге адамдарға кедергі келтірмеді, өз акцияларын «Жерұйық» паркінде өткізді. Екіншіден, жұмысты тастап кетпей, жұмыс күнінің аяғында, жұмыстан соң жиналған. Үшіншіден, оған бір емес, бірден бірнеше құрылыс компаниясының жұмысшылары қатысты. Сондықтан сарапшылар бұл істі тып-тыныш қана үйлестірген, әртүрлі ұжымдарды аралап, наразылыққа қатысатын краншыларды таба алған, нақты ұсынысты әзірлеп, бірлесе жариялауға қол жеткізген ұйымдастырушылар болуы мүмкін деген байлам айтты. Төртіншіден, билікті босқа айыптамау, істі саясиландырмау, сонымен бірге Елбасыны арқа тұту арқасында краншылар жеңіске жетті. Олардың талаптары орындалып, жалақылары өсірілген. Бесіншіден, краншылардың талаптары сауатты құрылды: олар оны техникалық жай-жапсармен нақтылап, техникалық қауіпсіздік талаптарымен, заң нормаларымен бекітті. Тағы бір назар аударар жайт, ереуілшілер өз ісіне кәсіподақтарды араластырмады. Олардың істі шешу орнына созбалаңға салып жіберетінін түсінсе керек. Елордалық краншылар өркениетті ереуіл өткізудің өзіндік үлгісін көрсетті. Осыдан кейін кран басқарушыларының ереуілдері Алматыда, Түркістанда, Ақтөбеде, Көкшетауда жалғасты. Астанадан айырмашылығы сол, өзге қалаларда ереуілшілер наразылығы ретінде жұмыстарын уақытша тоқтатқан. Оның нендей нәтиже бергені белгісіз.Дәрігер неге қорғансыз?
Екі жылдан бері жаһандық індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүрген медицина қызметкерлері өз жағдайының ауырлығына назаланып, наразылық білдіруге мәжбүр болды. Мысалы, Алматыда жедел жәрдем қызметкерлері ковидтік үстемеақы төлеуді талап етті. Жалпы, КВИ-мен күресушілерге төленетін үстемеақыға қатысты көптеген кемшілік, келіспеушілік, қайшылық болды. Енді дәрігерлер, дұрысы, қорғаныш костюмдегілер сол үстемеақыдан да айырылғалы тұр. ДСМ-ның дерегінше, «СҚ-Фармация» бірыңғай дистрибьюторының заңсыз істері кесірінен дәрігерлерге арнайы қорғаныш костюмі жетіспей, салдарынан 2 мыңнан астам медқызметкер КВИ жұқтырған. Жалпы алғанда, былтырдан бері 10 мыңдай медицина қызметкері коронавируспен ауырды деген дерек бар. Бұл кәсіп иелеріне қатысты түйіні тарқамаған түйткілдер қордалануда. Бірақ медицина өкілдері оларды еш ереуілсіз, министрлікпен ынтымақтасу және кәсіподаққа бірігу арқылы шешуді ұсынуда. «Ұлттық денсаулық сақтау палатасы» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы, медицина ғылымдарының докторы Ербол Бекмұхамбетов ДСМ жанынан Денсаулық сақтау саласының еңбек ресурстарын дамыту және жетілдіру жөніндегі жеке консультативтік-кеңесші орган құру бастамасын көтерді. «Қазір мұндай функция Сапа жөніндегі біріккен комиссияның (ОКК) ережесінде қарастырылған. Алайда медициналық көмек сапасын жетілдіру мен дәрілік қамтамасыз ету мәселесінің ауқымы онсыз да орасан. Ендеше медицинаның кадрлық әлеуетін дамыту, медицина қызметкерлерін әлеуметтік және құқықтық қорғау мәселелерімен жеке кеңес айналысқаны жөн. Сондай-ақ бұл мәселелер меморгандардың, жұмыс берушілердің, кәсіподақтардың күш біріктіруін қажет етеді. Карантин және пандемия медициналық ұйымдардағы жабулы қазан күйінде болған көптеген өткір проблеманы әшкереледі. Біліктілігі жоғары мамандар тапшылығы өршіді. Ынталандыру болмаған соң, медициналық қызметкерлер әлдебір ұйымнан ғана емес, тіпті денсаулық сақтау жүйесінен кетуде. Әсіресе, өңірлер дәрігер таба алмай жатыр», – дейді Ербол Жасұланұлы.Ереуіл түйткілдерін тезірек шешу маңызды
Оның мәліметінше, медицина өкілдерінің мүдделерін қорғау мақсатында биыл 12 наурызда Үкімет, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері және кәсіподақтардың республикалық бірлестіктері арасында «Бас келісім» бекітілген. Соның негізінде әлеуметтік-экономикалық міндеттемелердің жаңа топтамасы ұсынылыпты. Дәрігерлер болса, сол бойы қорғансыз қалуда. Кейбір медициналық ұйым жалақы беруді кешіктіріп жатыр. Дәрігерлерге шабуыл жасау оқиғалары жиіледі. «Осыған байланысты меншік түріне қарамастан, барлық медициналық нысан кәсіподақтардың бірімен келісім бекітсе дұрыс болар еді. Бүгінде медицина қызметкерлерінің 3 кәсіподағы жұмыс істейді: «Қазақстанның денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағы», Senim және QazMed, – деді Е.Бекмұхамбетов. Әйткенмен, кәсіподақтардың өзі пәрмен-тегеурін көрсетіп, дәрігерлердің мүддесін қорғауда әбжіл қимыл, жанкешті тірлік танытқаны жөн болса керек. Сонда оларға сенген медициналық қызметкерлер өздері-ақ мүшелікке кіруге асығар еді. Ол болмаған соң, кәсіподаққа күштеп кіргізу және ай сайын жарна төлеттіру қажыған ақ халаттыларды тек ашындырары сөзсіз. Әлеуметтанушы Марат Сералин кейінгі екі жылда бейберекет, стихиялы наразылық шараларының өскені тіркелгенін айтады. «Күйзелісті 90-жылдары жалақының уақытылы төленбеуі – барлық ереуілдің 80%-ына себепкер болатын. Содан бері елде заң жетілдірілді, жалақыны кешіктіруге заңнама жүзінде тыйым салынды. Бүгінде ереуілдердің бәрінде дерлік қатысушылар жалақы көтеруді талап етеді. Әрине, нарықтық экономикада әр компания жалақының сомасын, кімге қанша төлейтінін өзі белгілейді. Мемлекет жеке секторды күштеп, жоғары жалақы төлеттіре алмайды. Тек ең төменгі жалақы мөлшерінен түсіріп жібермесе болғаны. Әйтсе де, мемлекет шаруам жоқ деп шет қалмағаны жөн. Бұл ереуілдер халықтың кедейшіліктен шаршағанын көрсетеді», – дейді әлеуметтанушы. Оның пайымдауынша, Үкімет олқылықты түзеуге ықпал етіп, мұндай акциялардың соңы елге және ел экономикасына үлкен зиян келтірер ауқымды оқиғаларға ұласып кетуінің алдын алғаны абзал.Елдос СЕНБАЙ