Осыдан он шақты жыл бұрын Қапшағайда Қиыр Шығыстан тасымалданатын мұхит пен теңіз балықтарын тереңдете өңдейтін зауыт салынып, елге таңсық балық өнімдерін өзімізде әзірлейміз деп сүйіншілеткен едік. Алайда жалаулатып ашылған кәсіпорынның бастапқы қадамының өзі сәтті болмады. Дегенмен енді жаңасы іске қосылмақ.
Су қоймасы жағасындағы қалада толық қуатына енгенде жылына 10 000 тонна теңіздің ақ алабұғасын (баррамунди) өсіретін «Оспанова девелопмент» балық өнеркәсібі кешенінің іргетасы қаланды. Берері мол болады деп болжанып отырған жобаны жүзеге асыруға бағытталған бастапқы қадамға куә болуға Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, жобаның бастамашысы «Оспанова девелопмент» ЖШС құрылтайшысы Александр Белович қатысты. Олар кешеннің қазығын қағып, іргесінің алғашқы тасын қалады. Мемлекет басшысы да өзінің халыққа арнаған Жолдауында балық шаруашылығын дамыту қажет екенін алға тартып, тұрғындардың балық өнімін тұтыну мөлшерін арттырудың жаңа жобаларын жүзеге асыруды тапсырған еді. Осыған байланысты Үкімет балық шаруашылығын дамытудың ұзақмерзімді бағдарламасын бекітті, онда 2030 жылға қарай жылына 270 мың тонна балық өсіру көзделген. Бұл үшін балық шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларын кеңейтіп, балық өсірудегі ілеспе бағыттарды дамыту үшін жағдай жасалуы тиіс. – Балық өсіруді барынша арттыру үшін осы бағытқа жарамды су айдындарын кеңінен пайдалану және жаңа индустриялық балық өсіру шаруашылықтарын іске қосу жоспарланып отыр, – деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев шаруашылықтың іргетасын қалауға арналған шарада. Қапшағайда іргетасы қаланған, индустриялық балық өсіру шаруашылықтары санатына кіретін «Оспанова девелопмент» кешені осы өңірдегі «Арна» индустриалды аймағында орналасқан. Жобаны жүзеге асыруға шамамен 67 млрд теңге инвестиция салу жоспарланыпты және 300 жұмыс орнын ашу ойластырылыпты. Кешенді жасақтаушылардың таңдауы түскен теңіздің ақ алабұғасы (баррамунди) жыртқыш балықтар тобына жатады. Негізгі азығы – ұсақ балықтар мен шаяндар, су жәндіктері. Ұзындығы екі метрге, салмағы 60 келіге дейін өсетін балықтың еті аса құнарлы, қылтанағы аз. Сондықтан да тауарлық құны аса бағалы. Қазір облыстағы «Талдықорған», «Береке», «Арна», «Боралдай», «Қазыбек бек», «Қайрат» сынды индустриалды аймақтарда аса ірі жобалар жүзеге асырылып, ел игілігіне қызмет етіп жатыр. Соның бірі – балық шаруашылығында жаңалық болып отырған кешеннің қазығы қағылған, жалпы аумағы 1 300 гектарды алып жатқан, оның ішінде өндірістік аумағы 810 гектар «Арна» индустриалды аймағы. Аталған аймақта 2021-2025 жылдар аралығында құны 200 млрд теңге 7 үлкен инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 4 500 жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. «Арна» индустриалды аймағы бір арнаға түсу үшін бүгінге дейін де біраз жұмыс атқарылыпты. – «Арна» индустриалды аймағы 2006 жылы құрылды. Басты мақсаты – Алматы қаласындағы ірі кәсіпорындарды осы аймаққа орналастырып, оңтүстік астананың экологиялық жағдайын оңалта отырып, агломерацияның өндірістік әлеуетін арттыру болатын. Алайда ол кезде аймақтағы инженерлік желілер дұрыс болмағандықтан инвесторлар аса назар аудармады. Кейінгі жылдары біз «Арна» индустриалды аймағының инженерлік желілерін жаңғыртып, теміржол тармағын тартып, жол салып, электр желілерін жаңартқаннан кейін индустриалдық аймаққа инвесторлардың қызығушылығы арта түсті. Қазір бірталай ірі жобалар атқарылып жатыр. Алдағы уақытта фармацевтикалық өнімдер мен жартылай фабрикаттар шығаратын бірқатар кәсіпорын ашу жоспарда тұр, – дейді Алматы облысының әкімі. Құрылысы енді басталған «Оспанова девелопмент» балық өнеркәсібі кешені облыс әкімі атап кеткен ірі инвестициялық жобалардың қатарын толықтырады.Болат АБАҒАН, Алматы облысы